«ЛАТЫНҒА ӨТУДЕ КӨП ҚАТЕЛІКТЕРДІ ТҮЗЕУІМІЗ КЕРЕК»

Латын әліпбиіне көшу туралы әртүрлі пікірлер білдіріліп жатыр. Бір жағынан, бұл дұрыс, түсінікті. Екінші жағынан, кейбір көзіқарақты, тіпті зиялы дейтін адамдардың тап бүгін естігендей, елеурей өзеурейтіні өкінішті. Елбасы Тәуелсіздік алғалы айтып келеді. Ал, 2012 жылы «Қазақстан-2050» Стратегиясында латынға біртіндеп көшу жөніндегі міндеттер мен мақсаттар және мерзімдер айқындалды емес пе?! Рухани жаңғыру жөніндегі мақаласында 2017 жылдың аяғына дейін жаңа графиканың бірыңғай стандартты нұсқасын қабылдау керектігін мәлімдеді.

Біздің ойымызша, ұлттық ұлы тірліктерде асыққан да зиян, кешіккен де зиян. Өзбек пен әзірбайжан бауырлар асықты. Қателіктер кездесті. Он төрт жыл бойы түзетіп келеді. Әйтеуір алға жылжуда. Біз бауырлардың қателіктерін қайталамауға тиіспіз.

Кириллицаға өткенде қазақ тілінің көптеген заңдылықтары кешірілместей, дөрекі түрде бұзылды. 1940 жылдан бастап, Сталиндік реформаның зардабынан қайран қазақ тілінің айтылу, жазылу, үндестік, терминдер және басқа да мәселелеріне байланысты жол берілген өрескелдіктерге бірте-бірте әбден үйреніп, етіміз өліп кетті. Енді латын әліпбиіне көшу кезінде кириллица келтірген барлық залал-зияндарды түгелдей түзетуге парыздармыз. Бұл үшін тіл жөніндегі тиісті мекемелер, тиісті ғалымдар кейінгі он-он бес жылда жан күйдіре жұмыс істеуге міндетті еді. Әлі де кеш емес. Біздің Бексұлтан Нұржекеев сияқты жазушылардың да ұсыныстары мен пікірлерін ескерген абзал.

Рас, қиындықтар, күрделі күрмеулер кездеседі. Оңай болмайды. «Сауатсыздық белең алады» дегендей қауіптер де көп айтылуда. Қазіргі кириллицада да сауатсыздықтың сырқаттары меңдеп, дендеп тұрғанын түк те ойланбаймыз. Сауатты жазатын адамдар сирек. «Кітаптар, әсіресе әдебиет оқылмай қалады» дейтіндер де аз емес. Кириллицамен жарытып оқып жатқандар да шамалы. Шын оқитындар араб жазуына өтсек те, тіпті Тоныкөктердің таңбасына оралсақ та, оқиды. Оқымайтындар, бәрібір оқымайтын шығар. Кейбір сыртқы күштер «Қазақстанда кириллицаға және орыс тіліне шабуыл басталды» деп байбалам салуда. Қайран қазақ тілі мемлекеттік тіл болып жарияланғанда да айқай шығарғандар, ұлт рухын жасытып, жуасытып тастағысы келгендер табылған. Арандатушылардың айқайына сүрең қоспай, оларға бірлік пен ынтымақ, ұмтылыс пен құлшыныс арқылы жауап берейік.

 

Мархабат БАЙҒҰТ