Лев Толстой күлкінің 97 түрі бар депті. Алайда…
Мен де 1 сәуірге ыңғайлап бірдеңе түрте отырайыншы… Сатираның садағын кейбір әуесқойлар сияқты тышталаң-тышталаң етпей, шірене тартқан Сейіт Кенжеахмет көкем:«Күлдіре білу – өнер, күле білу – өмір, күлкі болу – өлім», – деп еді-ау!.. «Менен бұрын айтып қойғанын қарашы-ей!» деп бетке күлімдей қарап, сырттай жаныңызды жеп айтатын өкінішіңіз ғана болмаса, бұл тәуір тіркесті теріске шығара алмайсыз. Ал Лев Толстой жарықтық күлкіні «әсемдік» деп бағалапты да, «анадайы бар, мынадайы бар» деген түсінікпен оның 97 түрін түгендеп шығыпты. Біздікі болса, түрпісі аралас 11-ақ түрімен басқаша сайрап көру. Мархабат!
Қарқ-қарқ
Әжемнің кебісі сынды «дарақы күлкі» атты екінші сыңары бар бұны ептеп ерсі көрсек те қолданамыз. Көбіне жаңбыр шақырған қарғаша үймелеп, ауыл көшесінде анекдот айтып отыратын қулардың «репертуарында» жүреді. Әуейі ақындар ішімдікті «шабыт шақырады» деп ішсе, ол пәлеңіз шабытты өлең жазу үшін емес, «күлуге жақсы» деп есептелетін бұралқы сөзге қарқылдап, арасында бір-біріне барқылдап алу үшін ғана тарта алады.
Кеңк-кеңк
Көмейден шығатын керемет күлкі болғандықтан, еңкілдегеннен кеңкілдеген жақсы. Солай күлетіндердің арамдығы аз сияқты көрінеді. Бірақ, көбімізге бұйырмаған ғой.
Жырқ-жырқ
Біреу еріксіз езу тартқызатын әңгіменің тиегін ағытса, бала-шаға тарапынан естілетін күлкі бұл. Ересектерді де ескерсек, әсіресе, қыз-келіншектерге тән болып келеді. Баланың кез келген күлкісі күнәсіз-ау, ал, олардың аға-әпкелері мен ата-аналарының қолданысында қабылдау… Қиындау енді!
Тырқ-тырқ
Ооо, «ғажап» қой, «ғажап»! Иесі – біреуге ерекше, біреуге – мазақ! Жырқылдау мен тырқылдау – қазақ пен қырғыз сынды бір-біріне ағайын саналғанмен, екі бөлек күлкі.
Ырқ-ырқ
Байлардың меншігіндей, ә?.. Етжеңді болмасаң, жараспайды. Жарасқандардың өзі кейде жөнсіз пайдалана береді. Тері ішіндегі майларды жоғары-төмен іркілдету дегеніңіз – күлгенге де күле қарау үшін қызық.
Сылқ-сылқ
Ер-азаматтарды қайдам, әйел затының басты «көзірі» болары айқын. Сылқылдаған сылқымға жылқы айналасындағы бүгелекше үйіріліп соқпасаң… Мігітсің бе, түбітсің бе, білмеймін!
Шиқ-шиқ
Күшеншек күлкі! Көмейден бе, мұрыннан ба… Қайдан шығып жатқаны белгісіз! Бұның құлағына дейін қызарып шыға келген иесі «әйтеуір күле салайыншы…» деп өзін-өзі зорлап отырғанға ұқсайды.
Сақ-сақ
Әлгі Толстойдың жерлестерінше «от души» десек, осы күлкі – соған лайық. Адам сақ-сақ етіп күлген сайын иегі төмен қарай тартыла түседі, тартыла түседі. Көмейдегі кішкене тілдің қалай қозғалып тұрғанын анық көресің. Тістің нешеуін құрт жегенін, нешеуі жұлынғанын, аузындағысы алтын ба, темір ме, бәрі-бәрін асықпай түгендеп шығуға болады.
Мырс-мырс
Кінәмшіл адамдар «миығынан күліп отыр» деп жақтыра қоймайтын жағымсыздау күлкі – осы! Кекесінге келіңкірегенмен, міндетті түрде біреудің мініне қарсы қолданылмайды. Терең ой үстінде отырып та жұрт қыран-топан болған қызықты әңгімеге бір мырс етесің ғой. Бұл – сөйтсең де пәле!
Сыңғыр-сыңғыр
Өзім білетін 11 күлкінің ішіндегі ең тәуірі! Тыңдай бергің келеді. Бұның да реті ер кісілердің көмейінен алыс. Жаратылысына сыңғыр күлкі үйлескен әйелдер қоңыраулы құлындай болады да тұрады…
Ішек-сіле
Аты айтып тұрғандай, ішегің түйіліп, сілең қатқанша пайдаланасың. Екі-ақ жағдайда: біреу тоқтаусыз қытықтаса және қалжыңбас қулар сөзін «жаргондармен» тұздықтай сайқымазақтанса. Қазіргілер ғаламтордағы бейнеге де сөйтетін болыпты ғой.
P.S.: Күлкінің жылы жымиыс, терісі сыпырылған түлкідей ырсия ыржию, беталды ыржалаңдау деген де түрлері («ііі… ііі…» деген дыбыс шығара ыржалаңдау мен үнсіз ыржиюды шатастырмау керек) жоғарыдағы «атақты» 11-мен шамалас. Қалған 83-тің қай күлкі екені Толстойларға аян. Тек «Арыстанның тісін көрсеткені – күлгені емес» дегенді қаперіңізден шығармасаңыз болғаны…