МЕКТЕПТЕРГЕ ЖАҢА ҮЛГІДЕГІ БЕЙНЕБАҚЫЛАУ КАМЕРАЛАРЫ ОРНАТЫЛАДЫ

ҚР Президентінің барлық мектепке дейінгі және мектептерді бейнекамералармен қамтамасыз ету жөніндегі тапсырмасына сәйкес, келер жылы Шымкент қаласының мектептеріне қосымша 1 755 нүктеге жаңа үлгідегі бейнебақылау камераларын орнату жоспарлануда.

Бұл жөнінде қала әкімі Мұрат Әйтеновке білім басқармасының атқарған жұмыстары жөнінде есеп берген басқарма басшысы Ж.Тәжиева айтты.

Оның айтуынша, бүгінгі таңда барлық мемлекеттік білім беру мекемелері 100 % бейнебақылау камерасымен қамтамасыз етілген. Әжетханасы сыртта орналасқан 36 мектептің жұмыстары толығымен аяқталып, ішке ауыстырылды.

Сондай-ақ, биыл мемлекеттік бағдарлама аясында мектептердегі пән кабинеттерін жаңғырту жұмыстары жүргізіліп, 5 380 кабинеттің 32,2%-ы (1734) заманауи жабдықтармен қамтамасыз етілген. Келесі жылы 250 химия, биология, физика кабинеті мен 13 дана STEM, 9 дана логопед кабинетін алу жоспарлануда екен.

Мемлекеттік көрсетілетін қызмет түрлерін цифрландыру, ашықтықты қамтамасыз ету мақсатында білім саласындағы 32 мемлекеттік қызмет түрі толық автоматтандырылған. Алдағы жылы ашық бухгалтерия жүйесін енгізу, білім беру ұйымдары арасындағы құжат айналымын цифрландыру, білім саласындағы әртүрлі олимпиадаларды цифрландыру қолға алынғанын айтып өтті.

Есепті тыңдаған шаһар басшысы оқушылардың қауіпсіздігіне баса назар аударып, заманауи жабдықталған кабинеттерде тәжірибелік сағаттарын көптеп өткізуді тапсырды.

Шымкент қаласы әкімдігінің баспасөз қызметі