МЕРЕЙЛІ ОТЫЗ ЖЫЛ
16 желтоқсан – ата бабамыздың арманы орындалып, жасампаздығымызды жаңа белеске көтерген Тәуелсіздік күні.
1991 жылғы 16 желтоқсанда президент Нұрсұлтан Назарбаев қол қойған Конституциялық Заңнан бастау алған тәуелсіздігімізге 30 жыл толды.
Тарихқа көз жіберетін болсақ, Тәуелсіздік – 1986 жылғы Желтоқсан оқиғасында алаңға шыққан жастардың ерік-жігері, ең алдымен барша қазақстандықтардың арман-мұратының салтанат құруы. Патша дәуірінде де, Кеңес Одағы кезінде де тәуелсіздікке деген ұмтылыс халықтың едеуір бөлігінде қалыптасты. Біз бірнеше жүз жыл отаршылдықтан кейін ХХ ғасырдың аяғында қайта жаңғырған мемлекетпіз. Тәуелсіздік – бұл азап пен төзімнің, халықтың сан ғасырлар бойы еркіндікті аңсаған шыдамының өтуі.
Қазақстанның тәуелсіз, егеменді ел ретінде танылғанына міне 30 жыл толып отыр. Тәуелсіздік сияқты ұлттық мерекені бүгінгі таңда қазақ халқы жүрегімен сезінуі керек. Тәуелсіз елдің ең басты тұғыры ол қоғамның, сол мемлекеттегі жергілікті ұлттың рухы, жігері, қоғамдық санасы. Басты байлық жай ұлттық мүдде емес, азаматтардың мүддесі мен қажеттілігі. Жаңа әлемдегі жаңа Қазақстанның бүгінгі құдіретті күші ел бірлігінде, ұлттар татулығында жатыр. Қазақстан үшін ХХI ғасыр тарихының парағы парасат пен пайымға толы. Біздің стратегиялық міндетіміз ең бірінші тұрғындардың өмірінің сапасы мен тұрмыстық деңгейін көтеру болып табылады.
Қазақстан Республикасы тәуелсіздік жылдарында рухани дамып, халықтың діни санасы кеңейіп, білімі молайды. Жер-жерлерде көптеген мешіттер ашылып, дін саласында қызмет ететін азаматтардың да қатары артып келеді. Қазақта «Отаны бірдің – тілегі бір, тілегі бірдің жүрегі бір» – деген жақсы сөз бар. Жүзі басқа болса да жүрегі бір, тілі басқа болса да тілегі бір, діні басқа болса да Отаны бір қаншама ұлттар мен ұлыстарды біріктіріп, азаматтық бейбітшілік пен конфессияаралық келісімді сақтап, татулық пен сенімділікті серік етудің арқасында бүгінде мемлекетіміз өркендеп, ілгері қадам басып келеді.
Тәуелсіздік жылдары ішінде өзімізге тән тамаша дәстүрлер қалыптасты. Біз жыл сайын Рухани келісім күнін, Құрбан айт секілді діни мерекеліріміз бен өзге де дін өкілдерінің ұлттық, діни мерекелерін бірлесіп атап өтеміз. Бұл халық пен елдің, өзге діндер мен ұлттардың бөлінбей, керісінше бірге, тату болып отырғандығының көрінісі.
Рухани келісім – біздің ұлттымызға тән үлкенді сыйлау, отбасына құрмет, балаларға қамқорлық, қонақжайлылық, татулық, достық, ауызбіршілік тәрізді ізгі ортақ құндылықтар берік орнықты. Халқымыздың татулығы мен бірлігі – еліміздің өркендеп, алға басуына себеп болады. Осы байлығымызды қадірлей білу, оны жас ұрпақтың жүрегіне ұялату – еліміздің жарқын болашағының кепілі болмақ.
Рапилбекова Ақмарал Берікқызы,
Жамбыл облыстық Діни экстремизмге қарсы насихат бөлімінің инспекторы