НҰР-СҰЛТАН — ОТАНЫМЫЗДЫҢ ЖҮРЕГІ
«Қазақстан Республикам менің!» ― деген сөзді осы мемлекетте тұратын әрбір адам тебірене айтары сөзсіз. Сол заматта тіліңе Астана сөзі орала кетері анық. Қазақ елінің тәуелсіздік шежіресіндегі толайым табыстарды түгендегенде, ауызға алдымен оралатыны – Астана. Асыл текті ата-бабаларымыздың арманы да осы еді. Азаттықтың ақ таңы атқан тұста Елбасы «Тәуелсіз елміз, тәуелсіз мемлекеттің өз астанасы болуы керек» деп, Сарыарқаның сайын даласына бас шаһардың қадасын қағып, күллі Алаш арманы мен аманатын орындады.
Әйгілі поляк саяхатшысы Адольф Янушкевичтің өзі «Ақмола – бүкіл даланың болашақ астанасы» деген екен өз жазбаларында. 1998 жылы елордамызға ЮНЕСКО-ның шешімімен «Бейбітшілік қаласы» деген құрметті атақ берілгені әмбеге аян.
Астана азат елдің айбынына айналды. Әлем жұртшылығы Қазақстан десе – Астана, Астана десе – Назарбаев дейтін еді. Мұның өзі Астананың өн бойында Елбасының ерен еңбегі мен дара қолтаңбасы жатқанын аңғартса керек. Осы ретте айта кетерлік оқиға Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаев 2019 жылы 19 наурызда Президент қызметінен кететінін жариялады. Сайлау өткенше Қасым-Жомарт Тоқаев президент болатынын айтты. 2019 жылы 23 наурызда Астана қаласы Еліміздің Тұңғыш Президенті- Елбасымыз Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевтың құрметіне орай НҰР-СҰЛТАН қаласы болып бекітілді.
Қазіргі таңда НҰР-СҰЛТАН қаласы – нағыз қайнаған тіршілік алаңына айналды. Күндіз-түні дамыл таппайтын шаһар үздіксіз дамып жатыр. Қысқа мерзім ішінде астананы абаттандырып, айшықты шаһарға айналдыру — Елбасының ерен ерлігі деп бағалайды жұртшылық, мен де солай бағалаймын. Ұлттық идеяның темірқазығы болған Астана бүгінде күллі Алаштың мақтанышы. Болашақта мектепті үздік бітіріп, НҰР-СҰЛТАН қаласындағы ең жақсы жоғары оқу орнына түсу менің негізгі арманым!!!
НҰР-СҰЛТАН — Отанымыздың жүрегі. НҰР-СҰЛТАН — Тәуелсіз Қазақстанның тарихи шежіресі. Ендеше, Елбасының өзі салып берген елорданың еңсесі бұдан да биіктеп, әлем алдындағы мерейі асқақтай берсін!
Еліміздің мақтанышы ― өсе бер, көркейе бер!!! Сенімен мақтанамын, сенімен қуанамын, сенімен мәңгі жасаймын!!!
ТАСТАН Тұрғанай,
№247 орта мектептің 9-сынып оқушысы
Жетекшісі: НУРЖАНОВА Акбопе.
Қызылорда облысы, Жаңақорған ауданы