ӨНЕР МЕН ӨМІР МАЙДАНЫН БІРГЕ ӨТКЕРГЕН

Соғыстан кейінгі 75 жыл жаңару мен жаңғыруға арналды десек те, ерліктер мен естеліктер жүректерде сақтаулы. Бүгінгі ұрпақ ол күндердің тынысымен түрлі шығармашылық туындылар арқылы танысып келеді. Арамызда тарихтың тірі куәгерлері бар, әйткенмен көркемөнер арқылы бедерлеу өзгеше әсерлі. Даңқты күндердің ізі сыршыл картиналарда да сайрап жатыр.Майдан даласын майлы бояумен әуендеткен үш бірдей майталман біздің өлкеден шыққанын білесіз бе? Үшеуі де Ұлы Отан соғысының батырлары. Сонымен бірге, облыстық Суретшілер одағының негізін қалаған саңлақ суреткерлер болатын…

 

КҮНГЕЙ ӨЛКЕ ОҒАН  ҚҰШАҒЫН АШТЫ

ХХ ғасырда қазақ бейнелеу өнерінің қалыптасуына ресей суреткерлерінің де қосқан үлесі мол екені даусыз. Григорий Пономаренконы қазақ жеріне нәубет жылдар айдап келгенімен, өмірінің мәнін осында табамын деген ой үш ұйықтаса түсіне кірген емес. Соғыс бітіп еліне қайтқан оны сайын дала құшағы үнемі өзіне тартып шақыратын еді. Жол бойы пойызда көрген дала көріністері көз алдында көлбеңдеді де тұрды. Жаны маза таппай, арада жыл өтпестен жары Вера мен ұлын қазақ жеріне қоныс аударуға көндірді. Өнерге деген құштарлығы шабыты шалқыған суретшіні осылайша Шымкентке біржола тұрақтатты.

Пономаренконың күншуақты өлкеге табан тіреуі суреткерлік көзқарасының таңдауы екені түсінікті. Шымкенттің ерекше жылуы, халқының қонақжайлығы, қайталанбас дара пейзаждары кез келген өнер адамын өзіне еріксіз тартатын. Шаһарда қырық жыл өмір сүрген оның қылқаламынан қаланың байырғы және жаңа келбеті, күйбен тірлігі, адамдары нәзік сезім арқылы бейнеленді. Әйтсе де суретші шығармашылығына арқау болған негізгі тақырып дала қазағының тынысы-тіршілігі, соғыс картиналары. Мұны «Жайлау», «Шопандар өлкесі», «Партизан Әли Акбаров», «Мен жеңімпазбын!», «Жаңатас карьері», «Жеңіс» сынды танымал еңбектерінен аңғарамыз. Шымкентте суретшілер ортасы ертеден қалыптасқаны белгілі. Бұл да оның оңтүстікті таңдауына үлкен себеп болды.

Кейіпкеріміздің кіндік тамған жері Орынбор қаласы. 1919 жылы туылып, мектепті аяқтаған соң жергілікті ет-сыр комбинатында еңбек етеді. Бала күнінен сурет өнеріне әуестенген ол 1939 жылы Пензендегі суретшілер даярлайтын училищеге түседі. Мұндағы танымал талантты ұстаздардан дәріс алады. Бәрі де Пономаренконың болашағынан үміт күтетінін айтатын. Алайда, асқақ армандардың аяқ астынан астаң-кестеңі шықты. Ұлы Отан соғысының басталуы жалындаған жастың өмірін мүлде басқа арнаға бұрды. 22 жасында майдан даласына аттанып кете барды…

Григорий Григорьевич соғыстың алғашқы жылынан бастап соңғы секундтарына дейін жауға аянбай қарсы тұрған ер. Батырлық келбетіне үңілгенде ұрпаққа үлгі етер даңқты ерліктеріне куә боламыз. Фашистердің қолына екі рет тұтқынға түскен сарбаз тағдырдың жазуымен аман қалған. Онымен жауға бірге аттанған «Победители» отряды  сайдың тасындай сақ сарбаздарымен танылған, одаққа өте танымал болатын. Барлаушы-сүңгуіршілерден құрылған отрядта аты аңызға айналған полковник Дмитрий Медведев, Николай Кузнецовтардан бастап өзге де ерлігімен көзге түскен көрнекті батырлар шайқасқан. Григорий Григорьевич отызға жуық түрлі ұлттардан тұратын әскери отрядтағы әрбір майдандасының ерлігін өле-өлгенше аузынан тастамады. Оларды еске алу шараларынан қай елге, қай қалаға шақырса да табылатын.

Оқ пен оттың арасында жүрсе де, жас сарбаз сол майдандастарының жанқиярлық бейнелерін қойын дәптеріне сызып үлгерген. Сары қағазға түскен сызбалар соғыс аяқталысымен суретші шығармашылығының алтын қорына айналды. Отряд өмірінен алынған эскиздерді майлы бояудың көмегімен тірілтіп, тарих қойнауына сіңген зұлмат жылдардың көрінісін мәңгілікке сөйлетті. Қан қасап майданның бел ортасында жүрген батыр суретшінің шынайы туындыларының құпиясы осы болса керек.

Бүгінде суретшінің ұлы Олег Григорьевич Санкт-Петербург қаласында тұрады. Әке жолын қуған ол да талантты суретшілер сапында. Қызы Ольгадан да атадан қалған асыл өнердің ұшқыны аңғарылады. Ұлы әке өнегесіне, Шымқалада өткен балалығына дән риза. Қаланың ерекше ыстық ықыласын сағына еске алады.

Әріптестері де оның тек талантын бағалап қоймай, адал, әділ, кең жүректі, мейірбан жан болғандығын тілге тиек етеді. Өзінен кейінгі жастарды жетелеп, ерекше қолдағандығын, онымен араласу, пікірлесудің өзі бір ғанибет болғандығын тебірене еске алушылар көп.

Суретшінің жан дүниесіндегі арпалысты ұғынып, шығармашылығының сара жолын салуға бірден бір дем берген тұлға ол – жары Вера Андреевна. Ерімен бірге алыс өлкеге аттанып, оның әрбір бастамасына қолдау білдіруі үлкен даналық. Бұл туралы суретшінің өзі «Егер Вера болмаса, менің талантым тұншығып қалар еді. Ол менің мәңгілік музам» дейтін. Мұнан аңғаратынымыз, қазақ даласы оның тек шығармашылық шабыты ғана емес, өмірінің мәнін тапқан мәңгілік мекені болғандай. Ендеше Жеңістің 75 жылдық тойында бейбіт күніміз бен бейнелеу өнеріне өлшеусіз еңбек сіңірген Григорий Пономаренко есімі ерекше ескерілуі де заңдылық.

 

БІР СУРЕТКЕ СЫЙДЫРҒАН ЖЕҢІС ЖОЛЫН…

Өмірін өнеріне айналдырған тағы бір атақты шымкенттік суретші Мәжит Бараисов. Суретшілер және журналистер одағының мүшесі. Бейнелеу өнерінің кескіндеме, графика жанрына көбірек қалам тербеген. Бала күнінен мектеп газеттеріне сурет салуды бастаған тума талант осы салада 70 жылға жуық уақыт еңбек сіңірді. Оның ащы мысқылға, астарлы сарказмға толы карикатуралары республикалық «Ара», «Шмель» сатира журналдарына үнемі үзбей жарияланып тұрған. «Мәжит Бараисов облыстағы бүкіл баспасөзбен тығыз қатынаста жұмыс істеді. Сол заманның маскүнемдік, бюрократтық саясат, жұмыссыздық, арамтамақтық сынды келеңсіз құбылыстарын бейнелейтін астарлы графикалары бір мақаланың жүгіне татитын. Оның суреттерімен сарғайған  газет беттері әрлене түсетін» дейді көзін көрген әріптестері. Дегенмен де, суретшінің шығармашылығында соғыс тақырыбының  шоқтығы биік. Алты жыл бойы Отан үшін алдыңғы сапта шайқасқан батырдың бұл тақырыптағы дүниелері шынайылығымен баурамауы мүмкін емес. Бұл туралы суретшінің өзі көзі тірісінде «Соғыстан аман оралған әрбір адам ешқашан өткенін ұмыта алмайды. Менің түсіме ең жиі кіретіні де майдан даласы…» деп тебіренген екен.

Мәжит Шағиұлы 1918 жылы Астрахан облысында дүниеге келген. Басқа замандастары секілді ол да Ташкенттегі суретшілер оқытатын училищеде дәріс алды. Ұлы Отан соғысының ардагері соғыстан кейінгі өмірін Шымкентте өткізді.

Жас сарбаз Мәжит 1939 жылы фин әскері құрамына қабылданып, кейіннен оңтүстік шекара жағына аударылды. Одан кейін көп өтпей Екінші дүниежүзілік соғыс басталып, майданға аттанады. Суретшілік өнерінің арқасында ол екіжақты қырғынның кейбір сәттерін қалт жіберместен, қағазға сызып отыруға тырысты. Окопта жатып түсірген үлгілерін дамытып, Ұлы Отан соғысы туралы суреттерінің топтамасы ретінде танытты.  Осылардың ішінде көптің жүрегінен ерекше орын алғаны «Соғыс туралы сыр» картинасы. Кенеп матаға салынған көріністе әбден қалжырап, діңкесі құрыған сарбаздың соғыстың соңғы сәтіндегі портреті бейнеленеді. Сырт бейнесі қаншалықты қажығанымен, оның көзіндегі жеңіс қуанышын, өрлігін, осы күнге жеттік-ау деген өлшеусіз сағынышын аса тереңдікпен бергендігі суретші шеберлігінің шыңы. Ашылған алақанында «Ерлігі үшін» медальі жарқырайды. Осы бір сәттік бейнеден соғыстың бүкіл қасіреті, жеңіс жолындағы күрес, сарбаздардың Отан алдындағы ерлігін оқуға болады. Иә, бұл жәй көруге арналған сурет емес. Жүрекпен сезініп, ішіне бүккен шерін оқуға арналған сырлы картина. Сондықтан да «Соғыс туралы сыр». Қылқалам құдіреті талай ұрпаққа Жеңіс жолының ауырлығын осы бір бейнемен-ақ жеткізіп келеді. Аталмыш картина Мәскеу қаласындағы Ұлы Отан соғысы тақырыбында өткізілген көрмеге қойылып, жоғары бағасын алды. Бүгінгі ұрпақ осындай туындылар арқылы бейбіт күннің бағасын ұғына түсетіні шүбәсіз.

Ол өзінің еңбек жолында көптеген жас суретшілерге жол ашып, дәріс берді. Қанша жасқа келсе де артынан ерген жастармен тең сөйлесіп, тәжірибесімен бөлісетін,–дейді шәкірттері. Табиғатынан мейірімді, қамқор, қолы ашық жомарт болмысты ер отбасына да ерекше қамқорлық танытушы еді. Өмірлік жары Әмина Бараисова суретшінің шығармашылығындағы алғашқы қолдаушысы, сыншысы да бола білді.  «65 жыл бірге болған күндерімізде бірде-бір рет қабақ шытысып көрмеппіз. Мен оның шығармашыл адам екенін жақсы түсіндім. Ол да мені шексіз жақсы көрді, сыйлады. Бақытты ғұмыр кештік. Оны қатты сағынамын» деп еске алған кезі бар бір сұхбатында тоқсанға келген Әмина апаның. Ұрпақтарының арасында ата жолын жалғағандары көп. Батыр бабаларын мақтан етеді. Текпен берілген өнерді жетімсіретпей, ары қарай дамытып жүргендері суретші есімінің өшпейтіндігінің белгісі.

 

ОЮ-ӨРНЕК ӨНЕРІНІҢ ПАТШАСЫ

Осы тұлғалармен әрқашан есімі қатар аталатын, замандас болған қазақтың біртуар көрнекті суретшісі Ғани Иляев. Ташкентте туылып, сондағы суретшілер даярлайтын техникумды Мәжит Бараисовпен бірге тәмамдаған. Егіз қозыдай жүрген екеуі екі жылдан соң редакциядағы қызметтерін тастап, Отан қорғауға да бірге аттанады. Әр секунды ажал тырнағына татитын сұм соғыстың өзі екі досты ажырата алмады. Елге аман-есен оралған олар бірден сүйікті істеріне ден қойды. Тіпті аз ғана уақыттың ішінде, 1947 жылы сол кездегі драма театр залында ең алғашқы көрмесін көпшілікке ұсынды. Уақыт өте кәсіби суретшілер мен жас таланттардың еңбегі топтастырылған көрмелерді тұрақты түрде ұйымдастыруды қолға алды. Бұдан аңғаратынымыз, оның ұрпақтар сабақтастығына аса мән беріп, өкшесін басып келе жатқан жас суретшілерді әрқашан қанатымен қалқалағандығы.

Иляевтың таңдаған бағыты сыр мен сәулетке тұнған ою-өрнек өнері еді. Қазақтың ою-өрнектері талай құпияны ішіне бүккен ерекше сала. Олардың әрбірінің шығу тарихының өзі түрлі оқиғаға негізделген. Соғыс жылдарынан соң осы көне өнерді дамытпақ ниетпен суретші көп ізденді. Алыс ауылдарды аралап, тұрмысымызға етене енген орнаменттердің мыңдаған түрін жинақтауы және бірнеше жаңа түрлерін жаңғыртуы ерен еңбегінің бір бөлшегі ғана. Халық өнерінің халіне жанашырлық, демеулік сұрап билік өкілдерінің алдына да бірнеше рет бас сұққан екен ұлт жанашыры. Алайда, ескіліктің жұрнағы, көненің қалдығы санаған басшылықтар бас бұра қоймаған.

1970 жылдары Шымкентте көрнекті суретшілердің керемет өнер ордасы қалыптасты. Ел жағдайы тұрақталып, бейнелеу өнері саласында да өнімді еңбектер дүниеге келе бастады. Жас таланттардың ою-өрнек саласына жете бойлап, бейнелеу өнерінің бір бөлшегі ретінде өз еңбектерінен жиі бой көрсете бастауы да дәл осы жылдар.

1958 жылы Мәскеу қаласында өткен қазақ өнері мен әдебиетінің мерейтойы аясында Ғани Иляевтың көптеген еңбектері көрме төрінен орын алды. КСРО Мәдениет министрлігі хас шебердің қырыққа жуық еңбегін арнайы тапсырыспен сатып алғаны сол заманда аңыз іспетті естілетін. Әлемнің бірнеше қалаларында болып, еліміздің ірі қалаларында жеке көрмелерін өткізді. Атағы қанша алыс кетсе де, өз өлкесінен ажырамастан Шымкенттегі сурет өнерінің беталысына көп көңіл бөлді. Кәсіби дамуына байланысты бірнеше оңтайлы ұсыныстардын бас тарта отырып, оңтүстікте суретшілер мектебінің іргесін мықтап қалауға күш жұмсады. Қаладағы алғашқы суретшілер мектебінің ұйымдастырушысы әрі директоры, суретшілер одағының негізін салушылардың бірі ретінде оның есімі ел есінде мәңгі жаңғыра бермек.

Бүгінде Шымқаланың ең басты көшесіне Ғани Иляев есімі беріліп, арнайы бюсті орныққан. Қазақ энциклопедиясында да суретші туралы деректер кеңінен тарқатылады. Бірнеше кітаптар мен альбомдары жарық көрді. Қазақфильмнің қолға алуымен, режиссер Р.Альпиевтің суретшінің шығармашылық жолы жан-жақты баяндалатын «Знак вечности» деректі фильмі жарық көрді.

Әр дәуірдің заманынан ерте туған даралары болады. Ғани Иляевты да ерекше болмысты таланттар қатарына жатқызу артық емес. Оның қайтпас қайсарлығы, тынымсыз еңбекқорлығы, ұлт өнеріне деген шырылжүректігінің бағасын бүгінгі ұрпақ беруде. Қала сәулетінен, ғимараттардан да суретші еңбегінің қолтаңбасын жиі байқаймыз. Ол халықтың орнамент онтологиясына деген көзқарасын кеңейтті. Барын бағалауды, осыншама әсемдікті әспеттеуге үйретті.

 

ҚЫЛҚАЛАМНЫҢ ҚУАТЫ БІРІКТІРГЕН

Үш тұлға үш тағдыр иесі болғанымен оларды біріктіретін күш бар. Ең алдымен ол үшеуі де Отан үшін қасық қаны қалғанша аянбаған даңқты майдандастар. Бізге бейбіт күн сыйлау үшін барын аямаған батырларымызға бас иеміз. Олар өмірлерінің осы бір қиын өткелін өнермен өре білген талант иелері. Сырбаз сурет өнері арқылы қазақ ұлтының бүкіл болмысын, дәстүрі мен құндылықтарын, ерлігін әлемге паш етті. Мұраттары ортақ, армандары асқақ үш тұлға оңтүстік өлкесіндегі бейнелеу өнерінің кірпішін қалап, мықты мектебін қалыптастырды. Республика облыстарының ішінде ең алғашқылардың бірі болып Қазақстан Суретшілер одағының облыстық филиалын ашуға бірдей тер төкті. Қазіргі таңда бұл сала облыста қарыштап дамып келеді десек артық айтқандық емес. Біраз жыл бұрын Жансейіт Түймебаевтың бастамасымен заманауи үлгідегі Көркемсурет галереясы ғимараты бой көтерді. Мұнда жергілікті суретшілердің көрмесі үздіксіз ұсынылып жатады. Соңғы деректерге сүйенсек, қазіргі таңда облыстық Суретшілер одағының 88 мүшесі бар, оның екеуі ҚР еңбек сіңірген қайраткері, біреуі ҚР Мемлекеттік сыйлығының лауреаты, 15-і «Мәдениет қайраткері» төсбелгісінің иегері. Жергілікті көркемсурет мектептері, қолөнер шеберханалары да айтарлықтай көбейген. Мұның бәрі қылқаламның қуатымен біріккен, оның құдіретін терең түсіне білген, достықтары мен сыйластықтары ерекше жарасқан үш тұлға еңбегінің жемісі. Елең-алаң шақта етігімен су кешкен дарабоздар! Бейбіт күнде өнер үшін жасаған жанкештіліктеріңіз де майдандағы ерліктен кем емес.

Жыл өткен сайын сурет өнері саласында жаңа толқын, жаңа леп байқалатындай. Ендігі буын қылқаламынан шыққан туындылар тек тыныштық пен бейбіт өмірді бейнелесін деген асыл тілек бар.

Аяулым ТАСТАНБЕК.