ПРЕЗИДЕНТ ТУҒАН КҮНІН ТОЙЛАЙ МА?

Бүгін Қазақстан Республикасының президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың туған күні. Ол 68 жасқа толды.  Осы орайда президентіміздің туған күнін қалай тойлайтыны әлеуметтік желі қолданушыларын қызықтырған екен. Ол сауалға Фейсбук әлеуметтік желісінде президенттің Баспасөз хатшысы Берік Уәли былай жауап берді:
«Бүгін азаннан бері бірқатар бұқаралық ақпарат құралдарының өкілдері хабарласып, «Мемлекет басшысы туған күнін қалай атап өтеді?» деп сұрап жатыр.
Бұл жайында былтыр арнайы түсініктеме берген едік. Дегенмен тағы бір мәрте айта кетейік.
17 мамыр әдеттегідей жұмыс күні. Президент Қасым-Жомарт Тоқаев бекітілген кестеге сәйкес жұмыс істейді. Сондықтан ешқандай іс-шара ұйымдастырылмайды, тіпті, Әкімшілік қызметкерлеріне де Президентті құттықтауға рұқсат етілмеді. Мемлекет басшысы үшін бүгін қалыпты жұмыс күні. Оның әулетінде балалардың да, үлкендердің де туған күнін тойлау дәстүрі қалыптаспаған.
Қазірдің өзінде көрші мемлекеттердің басшылары және Үкімет, Парламент, халықаралық ұйымдардың жетекшілері жүрекжарды тілектерін жеделхаттар арқылы жолдауда, сондай-ақ, телефон шалып құттықтауда.
Құттықтаулар толассыз келіп жатыр»,- деп жауап берді.
Біз де Қасым-Жомарт Кемелұлын туған күнімен құттықтап, мықты денсаулық, толағай табыс тілейміз!