«Qoldau/24» қосымшасы халыққа үздіксіз қызмет көрсетеді
Бүгін Шымкент қаласы Ақпараттық-коммуникациялық орталығында «Әлеуметтік сақтандыру қоры» КЕАҚ Шымкент қалалық филиалы директорының орынбасары Шерімов Шалхар Шәкімұлы және «Әлеуметтік медициналық сақтандыру қорының» Шымкент қаласы бойынша филиалының басшысы Беден Ахмет Сисенбайұлының қатысуымен баспасөз брифингі өтті.
Онда Мемлекеттік әлеуметтік сақтандыру (МӘМС) жайлы, оның қазіргі қалай іске асып жатқандығы айтылды.
2020 жылдың 1-ші қаңтарынан бастап елімізде МӘМС жүйесі енгізіліп, өз жұмысын бастағаны белгілі.
Жүйе енгізілгеннен кейін тұрғындардың денсаулығын сақтауға бөлінген қаражат мөлшері ұлғайған. ҚР кез келген сақтандырылған азаматы табыс мөлшеріне қарамастан осы жүйеде көрсетілетін барлық медициналық көмекке, жоғары технологиялық зерттеулер мен қымбат бағалы медициналық қызметтер, оталарға қол жеткізеді. Яғни бұл жүйені енгізудегі басты мақсат – қолжетімді медицина.
Халыққа тиімді тағы бір жағы, азаматтарға медициналық қызмет көрсетуге үміткер медициналық мекемелер саны ұлғайған. Шымкент қаласы бойынша 2021 жылға 117 медициналық мекемемен келісім-шарт жасалған. Оның 84-і жекеменшік иесіндегі ұйымдар. Медициналық мекеме санының ұлғаюы шынайы бәсекелестік орнатады. Әр тұрғын медициналық мекемені өзі таңдауға құқылы.
Тұрғындар үшін 1406 қысқа нөмірдегі ақпараттық орталығы жұмыс істейді. Бұл ақпараттық орталыққа тұрғындар қоңырау шалу арқылы толық ақпарат ала алады. Оған қоса «Qoldau/24» мобильді қосымшасы да халық игілігіне жұмыс істеуде. Бұл қосымша арқылы азаматтар МӘМС туралы ақпарат, денсаулық сақтау саласындағы соңғы жаңалықтарды біліп, арыз-шағымдарын қалдыра алады. Қосымша үздіксіз, демалыссыз қызмет көрсетеді.
Жиын барысында мемлекет тарапынан сақтандырылатын 15 санаттағы азаматтар туралы да толық ақпарат берілді. Брифинг соңында қысқаша сұрақ-жауап ұйымдастырылып, спикерлер журналистердің сауалдарына жауап берді.