ШЫМКЕНТ ӘУЕЖАЙЫНДА ЦИФРЛЫҚ ЖЕКЕ КУӘЛІК ЕНГІЗІЛДІ
Шымкент әуежайында жеке деректерді растау үшін eGov Mobile қосымшасы арқылы цифрлық жеке куәлікті ұсыну мүмкіндігі пайда болды, — деп хабарлайды Kaz.tengritravel.kz тілшісі ҚР ИИДМ Азаматтық авиация комитетіне сілтеме жасап.
Әуежайда цифрлық жеке куәлікті пайдалану үшін eGov mobile-да авторизацияланған пайдаланушы «цифрлық құжаттар» сервисіне кіріп, тізімнен жеке куәлікті таңдау қажет. Әуежайдың тіркеу бюросында, сондай-ақ ұшу алдындағы тексеру кезінде сервисте жасалған QR-коды бар смартфонның экранын көрсету қажет.
Бұрын мұндай қызмет Нұр-Сұлтан, Алматы және Ақтөбе әуежайларында қолжетімді болатын.
Цифрлық құжаттар сервисі пилоттық режимде жұмыс істейді және цифрлық құжаттар бойынша ұшулар тек Нұр-Сұлтан, Алматы, Ақтөбе және Шымкент арасында ғана қолжетімді. Әзірге пилоттық режим болғандықтан, жолаушыларға ұшу кезінде өзімен бірге жеке куәлігінің түпнұсқасын алып жүру ұсынылады.