ШЫМКЕНТТЕ «ДОМАЛАҚ АНА» ҚОЙЫЛЫМЫ ӨТЕДІ
Шымкент қалалық опера және балет театрында 6-16 наурыз күндері «Домалақ ана» қойылымы өтеді.
Бұл туралы қалалық Опера және балет театрының басшысы Майра Мұхамедқызы баспасөз брифингінде мәлімдеді.
Оның айтуынша, жаңа қойылымды сахналауға әлемге әйгілі және елімізге танымал өнер адамдары қатысқан. Тың туынды ҚР Тәуелсіздігінің 30 жылдығына және алдағы 8 наурыз – Халықаралық әйелдер күніне арналады.
– «Домалақ ана» операсында қасиетті ана бейнесі кеңінен көрініс тапқан. Туындыда қазақ қызының саналы ғұмыры, аналық махаббаты шынайы суреттеледі. Опера қазақ халқының тарихынан сыр шертеді. Еліміздің әдет-ғұрпы мен салт-санасы көрініс тапқан қойылым көпшіліктің көңілінен шығады деген үміттеміз, — дейді М.Мұхамедқызы.
Майра Мұхамедқызының айтуынша, «Домалақ ана» операсының дүниеге келуі қала әкімі М.Әйтеновтің: «Шымкенттің мәдени өз қолтаңбасы, уәкілеттілігі болатындай тың дүние болса» деген ұсынысынан туындаған. Бұл «Домалақ ана» қойылымы – әлемдік опера қорына енген ең қысқа мерзімде жазылып, қойылған опера болғалы тұр.
«Домалақ ана» операсына 200-ге жуық әртіс қатысады. Оның қатарында әлемдік өнер жұлдыздары да бар. Атап айтқанда Италиядағы Карло Феличе театры көркемдік жетекшісі – Джузеппе Аквавива, әйгілі дирижер, ҚР Еңбек сіңірген қайраткері – Асхат Маемиров, композитор — Тасқын Жармұқамет, қоюшы-режиссер — Михаил Панджавидзе, ҚР мәдениет қайраткері, «Құрмет» орденінің иегері — Абдурасул Есекеев, Шымкент қалалық опера және балет театрының көркемдік жетекшісісі, Т.Жармұқаметтің «Домалақ ана» операсында басты рөлді сомдаушы — Мадихан Дуйсеев сынды өнерлі құраммен толыққан.
Шымкент қаласының Ақпараттық-коммуникациялық орталығы