ШЫМКЕНТТЕ КӘСІПКЕРЛІК ДАМЫП КЕЛЕДІ

Бүгін Ақпараттық-коммуникациялық орталығында Шымкент қалалық Кәсіпкерлік және индустриалды-инновациялық даму басқармасының басшысы Береке Дүйсебековтың қатысуымен баспасөз мәжілісі өтті.
– Бүгінде Шымкентте шағын және орта кәсіпкерліктің негізгі көрсеткіштерінде оң нәтиже байқалады. Атап айтсам, қаладағы жұмыс істеп тұрған кәсіпкерлер саны 68 264 бірлікті құрап, өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 104,1 пайызға өсім көрсетті. Ал жұмыспен қамтылғандар саны 166 044 адамды, жалпы өңірлік өнімдегі шағын және орта бизнестің үлесі 32,3 пайызды құрады. Одан бөлек, жиһаз, химия, негізгі фармацевтикалық өнімдер және жеңіл, тамақ өндірісі секілді өңдеу өнеркәсібінің салаларында өнім көлемі артты, – деді Береке Талғатұлы.
Басқарма басшысының айтуынша, қалада 718 гектарды құрайтын негізгі төрт өндіріс аймағы белсенді жұмыс жасап отыр. Аталған аймақтарда 174 жоба іске қосылып, 112 жоба нақты жүзеге асырылған. Соның нәтижесінде қаланың экономикасына 137,5 млрд теңге инвестиция тартылып, жаңадан 7 500-ден аса жұмыс орны құрылған. Сонымен қатар қазіргі таңда «Жұлдыз» индустриалды аймағы бойынша жер телімін беру басталған. Яғни өзінің жаңа жобасы, нақты өндірістік идеясы бар кәсіпкерлер мемлекет тарапынан көрсетіліп отырған мүмкіндікті пайдалана алады.
Брифинг барысында спикер кәсіпкерлікті мемлекеттік қолдау бағдарламаларының іске асырылуы бойынша кеңінен тоқталды.
– Үшінші мегаполисте мемлекеттік қолдау бойынша «Бизнестің жол картасы–2025» бағдарламасы шеңберінде 784,4 млн теңгеге 359 жобаға қолдау көрсетілген. Ал «Еңбек» нәтижелі жұмыспен қамтуды және жаппай кәсіпкерлікті дамытудың 2017–2021 жылдарға арналған» мемлекеттік бағдарламасының екінші бағыты аясында биыл 100-ден аса жоба қолдау таппақ. Яғни, бағдарламаның ережесіне сәйкес кәсіпкерлерге 7 жыл мерзімге 6 пайызбен несие беріледі. Сонымен қатар «Қарапайым заттар экономикасы» бағдарламасы аясында 100-ден аса жобаға қолдау көрсету жоспарлануда, – деді Б.Дүйсебеков.
Айта кетейік, Шымкент қаласы елімізде негізгі капиталға салынған инвестициялардың өсімі бойынша 1-орын, ал өнеркәсіп саласы бойынша 4-орынды иеленіп отыр.
Шымкент қаласының Ақпараттық-коммуникациялық орталығы
Фото – Серік Қосай