ШЫМКЕНТТЕ «ҰЛТТЫҚ ҚОЛӨНЕР – ҰЛЫ МҰРА» ШЕБЕРЛЕР КӨРМЕСІ ӨТУДЕ

Шымкент қаласының Көрме орталығында «Ұлттық қолөнер – Ұлы мұра» тақырыбында шеберлер көрмесі өтуде.
21-25 желтоқсан аралығына жоспарланған көрмеде мүмкіндігі шектеулі шебер жандардың өз қолымен жасаған бұйымдары көпшілік назарына ұсынылып отыр. Іс-шараның басты мақсаты – тағдырдың сынына мойымаған қайсар жандардың еңбектеріне қолдау көрсету, дара қасиеттерін ашуға мүмкіндік беру, көлөнерді көпшілікке насихаттау, ұлттық құндылықтарды жаңғырту.
Көрмеге 5 мекеме – Шымкент қаласы Білім басқармасының көру қабілеті бұзылған балаларға арналған «Үміт» мектеп-интернаты», «Саурық мүгедектер қоғамы» ЖШС, Түркістан облысы «№5 арнаулы әлеуметтік қызметтер көрсету орталығы», Шапағат арнаулы әлеуметтік қызмет көрсету орталығы, «Сиян» мүгедектер қоғамдық бірлестігі қатысуда. Сонымен қатар, жеке қолөнершілер – Эльмира Омарбекова, Салтанат Есбосынова, Айшабибі Жұмабай, Жарылқасын Айнақұлов және Икрамжан Мұхамеджан да өз бұйымдарын көрмеге қойды.
Көрменің ашылу салтанатына «Шымкент қаласының Азаматтық Альянсы» заңды тұлғалар бірлестігінің президенті Ж.Білісбеков, Шымкент қалалық әйелдер кеңесінің төрайымы Б.Жандосова, «Шымкент қалалық мүгедектер қоғамы» қоғамдық бірлестігінің төрағасы В.Торопов арнайы қатысты.
Көрмеге ұсынылған қолөнер бұйымдарының барлығы сатылымда. Келушілер шеберлерге қолдау көрсете отырып, ұнаған заттарын сатып алуға мүмкіндігі бар. Көрме 25 желтоқсанға дейін жалғасады.
Көрме орталығы көпшілікті іс-шараны тамашалауға шақырады.

Шымкент қаласы әкімдігінің баспасөз қызметі