ШЫМКЕНТТЕ ЖАСТАРДЫ ЖҰМЫСПЕН ҚАМТУ МАҚСАТЫНДА МЕМОРАНДУМҒА ҚОЛ ҚОЙЫЛДЫ
Қала аумағында орналасқан индустриалды аймақтардағы кәсіпорындарға жұмыссыз азаматтарды жұмыспен қамту мақсатында
Шымкент қалалық халықты жұмыспен қамту орталығы, «Shymkent» әлеуметтік-кәсіпкерлік корпорациясымен өзара бірлескен меморандумға қол қойылды.
Қазіргі уақытта қаладағы индустриалды аймақтарда («Оңтүстік», «Тассай») 74 кәсіпорын іске қосылып, жалпы 5500-ға жуық жұмыс орындары құрылған. Ал, ағымдағы жылдың соңына дейін 500-ге жуық жаңа жұмыс орындарымен тағы 9 кәсіпорынның құрылуы жоспарлануда.
Осыған орай, жұмыспен қамту орталығы өкілдері «Тассай» индустриалды аймақта орналасқан ең ірі зауыттардың бірі «Asia Trafo» ЖШС-нің басшысымен кездесті.
Мемлекеттік бағдарламаның тиімділігіне қызығушылық танытқан кәсіпорын басшылығы алдағы уақытта аталған зауытқа жұмыскерлерді, жастар арасындағы 100-ге жуық техникалық мамандық иелерін «Жастар» практикасы, «Әлеуметтік жұмыс орындары» бағыттары бойынша мемлекет есебінен ақылы жұмысқа тартуға келіссөз жүргізді.
— Жастарды жұмыспен қамтуға бағытталған мемлекеттік саясат қазір жан-жақты мағынаға ие. Жастар арасындағы жұмыссыздық деңгейін азайту үшін барлық шараларды қолға алу жоспарланып отыр.
Осы орайда, бүгінгі өзара келісім «Жастар практикасы» бағдарламасы арқылы жұмыссыз жастарды жұмыспен қамту шараларына тартуға бағытталған- дейді қалалық жұмыспен қамту орталығының директоры С.Абдуллаев.
Айта кетсек,» «Asia Trafo -«Alageum Electric» компаниясы қазақстандық холдинг құрамына кіретін трансформаторлық жабдық өндіретін ең ірі зауыттардың бірі.
Жалпы, жыл басынан бері 9 мыңнан астам шымкенттіктер жұмысқа орналасқан. Оның ішінде 175 азамат әлеуметтік жұмыс орындарына орналасып, «Жастар практикасы» арқылы 900-ге жуық жас түрлі мекемелер мен кәсіпорындарға жолданды.