ШЫМКЕНТТЕ ЖЕҢІЛ ӨНЕРКӘСІПТІҢ ҚҰЗІРЕТТІЛІК ОРТАЛЫҒЫ АШЫЛДЫ
Шымкент қаласының әкімі Мұрат Әйтенов «Жеңіл өнеркәсіп және сервис колледжі» МКҚК жанындағы «Оңтүстік» арнайы экономикалық аймағында орналасқан «Жеңіл өнеркәсіптің құзіреттілік орталығының» жұмысымен танысты. Аталған орталықта колледждің 8 өндірістік шеберханасы орналастырылған.
Жеңіл өнеркәсіп және сервис колледжі өткен жылы «Жас маман» жобасына қатысып, 371 миллион теңгеге «Тігінші-кестелеуші» мамандығы үшін заманауи материалдық-техникалық базаны нығайту мақсатында Жапондық «JUKI» компаниясының заманауи құрал-жабдықтарын алған. Мұндағы жаңа жабдықтармен жұмыс жасау үшін колледждің 30 маманы арнайы оқудан өтіп, сертификаттармен расталды.
Жеңіл өнеркәсіптің құзіреттілік орталығын құрудағы мақсат — АЭА кәсіпорындары арасында инновациялық бағдарламалар мен технологиялар тәжірибесін енгізу; оқыту бағдарламалары арқылы өндірістен педагогтерді, мамандарды, сарапшыларды қайта даярлау; «WordSkills» стандарттары бойынша чемпионаттарды дайындау және үздік әлемдік тәжірибелерді енгізу. Орталықта «кестелеуші», «сандық модельер», «пішуші», «киім құрастырушы», «модельер-құрастырушы», «тігін өндірісінің технологы», «бас киім модисті», «киім дизайны», «тігін жабдығының операторы» секілді құзіреттіліктерді ашу көзделіп отыр.
Өндірістік шеберханалармен танысқан шаһар басшысы колледждер мүмкіндігін тиімді пайдалана білу керектігін айтты.
— Қаламызда 31 техникалық және кәсіби білім беретін оқу ордасы бар. Онда түрлі мамандық бойынша кадрлар дайындалып жатыр. Жеңіл өнеркәсіптің құзіреттілік орталығы – еліміздегі мұндай озық технологиямен жабдықталған алғашқылардың бірі. Сондықтан базаның мүмкіндіктеріне аса көңіл бөліну қажет. Қаладағы кәсіптік білім беретін ұйымдардағы мамандықтар негізінде инвесторларға ұсынатын арнайы үш тілде кітапша әзірленсін. Қызығушылық танытып келетін инвесторларға өзіміздегі дайын кадрларды ұсыну арқылы жұмыссыздықтың алдын аламыз, екінші жағынан қала әлеуетін де көрсете аламыз, — деп сала басшысына тапсырма берді.
«Жас маман» жобасы — Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті Н.Ә.Назарбаевтың 2019 жылы Жастар жылының салтанатты ашылу рәсімінде берген тапсырмасына сәйкес әзірленген.
Жобаның мақсаты WorldSkills стандарттарының халықаралық тәжірибесін енгізе отырып, ТЖКБ ұйымдарындағы сұранысқа ие 100 мамандықты анықтау және қайта жаңғырту болып табылады. «Жас маман» жобасын іске асыру қорытындылары бойынша оқу ұйымдары республикалық және халықаралық деңгейлерде талап етілетін мамандарды даярлау үшін қажетті қазіргі заманғы жабдықтармен жарақтандырылатын болады.
2020 жылы аталған жобаға қаламыздағы 2 колледж қатысып, 646 624 млн теңгеге жабдықтар сатып алынды. Ал биыл 5 колледжге 1 млрд 700 млн теңгеге сапалы кадрлар даярлауға мүмкіндік беретін жабдықтар алынады.
Шымкент қаласы әкімдігінің баспасөз қызметі