СПОРТ САҢЛАҚТАРЫНА ЖОЛ АШҚАН ТӘУЕЛСІЗДІК
Тәуелсіздік. Бұл ұғымға батыр халқымыз жаулардан қорғап қалған Қазақ елінің дархан даласы, азаттық үшін күресте төгілген бабаларымыздың қаны, аналарымыздың жасы, ұлтымыздың қасиетті тілі, салт-дәстүрі саяды. Ата-бабаларымыз бізге аманат еткен баға жетпес байлығымыз, асыл мұрамыз – осы тәуелсіздік. Оның арқасында Қазақстан бүгін биік шыңдарды бағындырып, әлемнің дамыған мемлекеттерімен терезесі тең ел болды десек, артық айтқанымыз емес.
Республикамыздың еңбек сіңірген спорт шебері, боксшы Болат Жұмаділовтың айтуынша, 1991 жылы еліміз үшін спорт әлеміне енудің зор мүмкіндігі пайда болған.
«Тәуелсіздік – зор бақыт, байлық. Спорт саласы жайлы айтсам, 1991 жылдан бері спортшыларымыз әлем чемпионаттарында егемен Қазақстанның атынан өнер көрсетіп, көк туымызды желбірету мүмкіндігін алды. Осы жолда олар намысымызды абыроймен қорғап, үмітімізді ақтап келеді. Біздің елдің спорт майталмандарының есімдері жер жүзіне әйгілі десем, артық айтпаймын. Жаңа дербес «Қазақстан» мемлекетін әлемге таныту, оның атын жер шарына паш ету сияқты мүмкіндік маған да бұйырды. Жеңіске жету, жеңіс тұғырынан Қазақ елінің Әнұранын шырқау – сөзбен жеткізілмейтін ерекше сезім. Бұл – мен үшін аса үлкен мәртебе. Жалпы еліміздің тарихи жетістіктеріне қазақстандық əрбір маманның қосқан үлесі мол деп есептеймін. Отанымыздың, қай саладағы болмасын асар асуы, бағындырар белестері мен шығар шыңдарының әлі де көп болатынына еш күмәнім жоқ», — деді Олимпиада ойындарының екі дүркін күміс жүлдегері.
Ол тәуелсіздігіміздің тұғырлы, елдігіміздің еңселі болуын, барша қазақстандықтарға зор денсаулық, әр шаңыраққа бақ пен береке, еңбекте толағай табыс тіледі.