«Талан» фильмінің әлемдік премьерасы Иранда өтеді

ҚР Мәдениет және спорт министрлігі тапсырысы бойынша түсірілген «Талан» көркем фильмі Иранның Тегеран қаласында сәуірдің 19-ы мен 27-і аралығында өтетін 36-ші Халықаралық Фаджр кинофестивалінің «Шығыс панорамасы» бағдарламасына  қатысады.

Белгілі режиссер Болат Қалымбетов түсірген аталмыш фильмде жиырмасыншы ғасырдың 30-шы – 40-шы жылдардағы ел тарихында орын алған оқиғалар қарапайым адамдардың өмірі арқылы баяндалады. Фильмнің сценариі жазушы  Жүсіпбек Қорғасбектің «Қасқыр-адам» повесінің желісі бойынша жазылған.

— Сәуір айының ортасында Тегеранға жол тартамын, иран көрермендеріне «Талан» фильмін таныстырамын. «Фаджр» сынды белді кинофестильде картинаның әлемдік премьерасы өтетініне өте қуаныштымын, — деді режиссер Болат Қалымбетов.

Биыл фестивальдің «Шығыс панорамасы» байқауына 12 елдің  – Қытай, Вьетнам, Әзірбайжан, Ирак, Грузия, Үндістан, Палестина, Жапония, Моңғолия, Кувейт және Сирияның фильмдері қатысады.

Фаджр халықаралық фестивалі 1982 жылы Иранның мәдениет министрлігі және ислам бағыты ұйымымен негізі қаланған. Фестиваль Қиыр Шығыстағы ең ауқымды әрі танымал кинофестиваль есептеледі. Бұл фестиваль аясында әлем кинематографистері мәдени байланыс орната алатын бірден бір алаң.

Былтыр 2017 жылы «Фаджр» кинофестивалінің «Үздік азиялық фильмі» номинациясында бас жүлдені «Қазақфильм» киностудиясы жарыққа шығарған режиссер Сәбит Құрманбековтың «Оралман» фильмі алған болатын.

«Фаджр» кинофестивалінің биылғы жеңімпаздарын фестивальдің жабылу салтанатында – 2018 жылы 27 сәуірде жарияланатын болады.

«Талан» фильмі туралы:

Тағдырдың жазуымен бар өмірін елден жасырын өткізген адамның ортамен байланысы ақыры трагедиямен аяқталады. Осындай талайлы тағдырлар арқылы азаттық аңсаған ата-бабаларымыздың арманы   –  тәуелсіздіктің қадір-қасиеті көрінеді. Талан – тағдырдың синонимі.
Режиссері: Болат Қалымбетов
Сценарий авторлары: Ғазиз Насыров, Болат Қалымбетов
Рөлдерде: Асан Киркабаков, Ерік Жолжақсынов, Шынар Жанысбекова, Ержан Нұрымбет, Ұлан Нүсіпәлі, Оңдасын Бесікбасов, Жасұлан Әйтенов, Қаршыға Әлікенов, Аян Өміржан.

«Қамшы» сілтейді