ТӘУЕЛСІЗ ЕЛ ЖӘНЕ ТУҒАН ТОПЫРАҚ

«Ата мекен — алтын бесік» деп, ата — бабамыз тегін айтпаған. Ол өз перзентіне барын, нәрін береді. Төсінде тербетіп, аялап әлпештейді. Әр адам өз туған жерін мақтан етеді, қадір тұтады. Туған жерге қызмет ету — әрбір азаматтың игі арманы, мақсат — мүддесі. «Ұлтарақтай болса да, ата — қоныс жер қымбат»- деген мақал әр адамның жүрегіне терең ілтипатпен алынатын мақал. Туған жердің табиғат да бір ерекше , кең даланың сарша тамызы, бұлбұлы сайраған орманы әдемі ғой. Самайдан желкілдеген көшкін желде — бір алып. Көктемнің кезінде кең жайылған даласы қанатын кең жайлап, жібектей жұмсақ болып, желмен жарыса жөнеледі. Омырауын сонау шалғынға тіреп, шайқалып, шешек атқан гүлдердей қанатын кең сермейді. Қарасаң көзіңнің ұшы — қиыры жететін тауда бір жас балаша арман қиялына басын сермеп тұр. Қарай берсең, беткей жағындағы алып жоталарда толқындай теңселіп, гүл бетіне оранып жатыр. Бұл – менің туған жерім, ата-мекенім!

Туған жер — адам өмірінде киелі орын алады. Нақты осы жер оны елімен, өткенімен және болашақпен байланыстырады. Міне, сондықтан да тіпті балалық шақтан бастап –ақ әрбір жеке тұлға адамда отанға деген махаббат сезімі оянады. Туған жердің қадірін ұясынан ұзаққа кеткен адам ғана түсінеді. Туған жердің топырағы, суы мен ауасы, түтіні де қымбат. Адамның өскен жері адамның жанына, сана- сезіміне әсер етіп , мәңгілік есіңде қалады екен. Мен тұратын өлкенің табиғаты әсем. Ағаштар арасында серуендегенді ұнатамын. Құстары сан алуан әуенге салып сайрағанда адамның көңіл-күйін жақсартады. Жерге жабысып өскен түрлі құлпырған гүлдері бейне бір түкті кілемдей көзді қызықтырады. Салқын жел, таза ауа, жасыл желекке оралған дала деуге болады. Туған жердің түтіні де ыстық. Осы туған жер үшін қаншама ержүрек, батыр ұл-қыздарымыз жаулармен шайқасып,келешек ұрпақ үшін бабаларымыз жандарын қиған. Расында, сонау ел басына күн туған зар заманда ата-бабаларымыз туған жердің топырағын бір иіскеу үшін айшылық жерден ат арытып келген. Тәуелсіздік жылдарында елге оралған қандастарымыздың атажұртқа қайта оралып, туған жерге ту тігуі елге, жерге деген зор махаббаттың белгісі. Біз алыстан ата жұртын аңсап келген ағайындарға зор құрметпен қарауымыз керек. Алланың нұрына бөленген бақытты халықтардың біріміз. Әлемде тәуелсіздікке қол жеткізу үшін  ғасырлар бойы күресіп келе жатқан халықтар бар. Солардың көпшілігі үшін азаттық таңы қол жетпес үлкен арманға айналып отыр. Әрбір Қазақстан азаматы елдің игілігіне, бірлігіне қызмет етіп, тәуелсіз елдің азаматы екендігімізді зор мақтан тұтуымыз керек.