ТӘУЕЛСІЗДІК ЖӘНЕ ТӨЛ ШЕЖІРЕ
Тәуелсіздіктің 30 жылында туған елдің тарихын ғана емес, әркім өз төл шежіресін түгендегені де жөн. Қазақстан-қазақ халқының мекені. Бұл жерде ата-бабамыз өмір сүрді. Оның топырағында ата-бабамыздың кіндігі кесілген кең жазира жері. Қазақстан даласы дарқан, топырағы қасиетті,қойнауы қазыналы.
Байтақ ел, сәулетті Қазақстан бүгінде дамудың даңғыл жолына түсті. Ең бастысы, қазақ халқымен бірге әр түрлі этностардың да Отаны болып табылатын біздің еліміз бүкіл әлемге қоғамдағы татулық пен ынтымақтастықты сақтаудың, әр түрлі ұлттық мәдениет пен діндердің үйлесімді дамуына қамқорлық жасаудың жарқын үлгісін көрсетіп берді. Біздің тәуелсіздігіміздің айғағындай,елдігіміздің белгісіндей, алтын күндей Елтаңбамызды, желбіреген көк байрағымызды көргенде, әуелеген Әнұранымызды естігенде бойыңды ерекше бір патриоттық сезім билейді.
Адамның патриоттық сезімінің нысаны мен қайнар көзі Отан болып табылады. Туған жер, табиғат, оның байлықтары, тіл, дәстүрі, тарихи құнды ескерткіштері, киелі жерлер, жалпы ұлттық құндылықтар ешкімді бейтарап қалдыра алмайды. Елін сүю әркімнің жеке ісі,өз арының ісі. Несін жасырамыз, әлі де болса арамызда жеті атасын білмейтін егде адамдар бар. Шежіре білу рушылдық емес, тектілік болып табылады. «Жеті атасын білген жеті рудың қамын жер» — деп ата-бабаларымыз бекер айтпаған ғой.
Сондықтан, туған елін сүюді әр адам өз шежіресін білуден бастаған жөн. Төл шежіреңді білсең тамырыңды білгенің. «Тамырын тереңге жібере алмаған дарақтың ғұмыры келте» демеуші ме еді?! Тамырымызды танып, болашаққа батыл қадам басқанға не жетсін.