ТӘУЕЛСІЗ ЕЛДЕГІ ДЕМОКРАТИЯНЫҢ КӨРСЕТКІШІ «ТӨРТІНШІ БИЛІК»
Тәуелсіздікке қол жеткізу мен қоғамның демократиялануы бұқаралық ақпарат құралдарының дамуына айтарлықтай әсер етті. Егер 1990 жылы елімізде 500-ге жуық БАҚ тіркелсе, 1992 жылы олардың саны екі есеге өсті.
Теледидар эфирінде оған дейін күніне небәрі бірнеше сағат хабар тарататын «Қазақстан» арнасы орталық мәртебеге ие болды. Енді ол елдің бүкіл аумағын қамтып, толыққанды хабарлар тарата бастады. 1995 жылы қысқа мерзімде өз аудиториясын жинай алған «Хабар» мемлекеттік телеарнасы жұмыс істей бастады. «Егемен Қазақстан» мен «Казахстанская правда» беделді күнделікті газеттер ретінде бұрынғысынша қазақстандықтар үшін сенімді ақпарат көзі болды. Оларда елдегі өмір туралы журналистік материалдармен қоса заңдар, жарлықтар, ресми хроника жарияланып тұрады.
1990-жылдардың бірінші жартысында баламалы ақпарат көздерінің пайда болуы, әлбетте азаматтық қоғамның қалыптасуына ықпал етті. Журналистер заң бұзушылықтарға жедел түрде көңіл қоя, әртүрлі себептермен қоғам мен мемлекеттің тиісті дәрежеде назарын аудара алмаған мәселелерді қаузады.