ТӘУЕЛСІЗ ЕЛДІҢ ПАТРИОТЫМЫН

«Тәуелсіз Қазақстан!», «Қазақстан Республикасы!» Неткен керемет, киелі ұғымдар! Бұл ұғымдардан, Отанымыздың тәуелсіз, еркін мемлекет екенін бірден аңғаруға болады. Бүгінде біз қанатын көкке жайған егеменді елміз. Көк туымыз желбіреп, сол жағымыздағы мақтаныш сезімімен дүрсілдеп тұрған жүрек әнұранымызға әуен қосып, әнұранымыз асқақтай шырқалуда… Ата-бабаларымыз сан ғасыр армандаған Тәуелсіздіктің 25 жылдығы еліміздегі іргелі істермен айшықталып, сәт сайын жақындап келеді.

Тоғыз жолдың торабындағы алпауыт елдер қатарындағы алып мемлекетімізді әлем жұртшылығы құрметтейді. Елбасымыз Н.Ә.Назарбаев та Қазақстанның осы аз жылда биік тұғырға көтерілуіне үлкен үлес қосты. Ерен еңбегімен Қазақстанның әр азаматының жүрегінен орын алған осындай көшбасшымыздың болғанына да мақтанамын.
Мен тәуелсіз елдің патриотымын! Ешқандай қиыншылық көрмей жүргенімде, ата-анамның жүздерінен қуаныш пен шаттық іздерін байқағанда, көкірегімді керіп «Тәуелсіз елдің патриотымын!» деп айта бергім келеді. Еліміздің бейбітшілігінің, тәуелсіздігінің арқасында күліп-ойнап, еркін білім алып жатқан ерікті елдің еркін ұландарының бірімін! Н. Ә. Назарбаев: «Алдымызда асу-асу белдер бар, ұлт жолында ұйтқи соққан желдер бар. Бел де талар, жел де беттен қағар. Бәріне төзу керек, бәріне көну керек, жас ұрпақ!» — деп айтқандай, біздер, жас ұрпақ тәулсіздігіміздің баянды болуы үшін жауапты екенімізді, аға ұрпақ зор сенім артып отырғанын түсінуіміз керек. Бүгінгі партада отырған оқушы – ертеңгі азамат, ел патриоты. Сол азаматардың ең бірінші міндеті – өзінің тәуелсіз елдің өркені екенін ұмытпау, екінші міндеті – сол елдің іргетасының берік болуына үлес қосу, тәуелсіз елдің патриоты екенін дәлелдеу. Жылдар бойы, көптеген жетістіктерге жетіп, қазақ елін көркейтіп, дүние жүзіне таныта білдік. Бұл үлкен – жетістік. Әрине, бұның бәрі елбасымыз Нұрсұлтан атамыздың арқасында. Әрине, бұл күн бізге оңайшылықпен келген жоқ. Осы азат күн үшін ата-бабамыз, әпке-ағамыздың қаншама көз жастары төгілді, көптеген қан төгілді. Бұл бостандықты халқымыз бұрыннан тілеген.

Сонау «Кіші Қазан» төңкерісі, Қабанбай, Бөгенбай, Исатай мен Махамбет көтерілістері, осы азат күн үшін күрескен. Осы көтерілістерден кейін енді ғана есімізді жиып келе жатқанда, Ресей бодандығына кірдік. Одан көрмеген азаптарымыз қалды ма? Тіптен тіліміз бен дініміз жойылып кете жаздады. Қаншама халық аштықтан қырылды. Дәл осы кезде Германия Ұлы Отан соғысын ашты. Бар жиған-тергенін, азық-түлігін халқымыз майданда жүргендерге берді. Ұлы Отан соғысы жеңіспен аяқталғаннан кейін, қанша Ресей бодандығында болсақ та, есімізді жиып, 1986 жылы Атыраудан Алтайға, Сарыарқадан Алатауға дейінгі байтақ жерімізге Желтоқсанның дауылы үдей түсіп, дүрбелең жайлады. Қазақтың көптеген азаматтарының мойнына қыл шылбыр салынды. Әділдік үшін бой көтерген жас боздақтардың маңдайы тасқа соғылды. Желтоқсан оқиғасына қатысып, жауапқа тартылғандар қатарында Қайрат Рысқұлбеков, Ләззат Асанова, Сабира Мұхаметжанова, Ербол Сыпатаев бар. Осы әпке-ағаларымыздың арқасында 1991жылы 16 желтоқсанда Қазақстан Республикасының Тәуелсіз күні болып жарияланды. Осы жылы 1 желтоқсан күні Президентіміз сайланды. Осыдан 25 жыл бұрын егемендігіміз жарияланды. Ата-бабаларымыз сан ғасырлар бойы армандаған арманға қол жеткіздік. Тәуелсіздігімізді алғаннан кейін, қазақ халқының басын біріктіріп, ел қылуына Елбасымыздың үлесі зор. Тәуелсіздік!
Осы бір қасиетті сөзді естігенде қалайша тебіренбейсің! Бодандықтың бұғауынан, қыспағынан құтылған қазақ халқы еркіндік, азаттық ауасымен тыныстауда. Қанымызда бар ұлттық қасиеттеріміз қалпына келуде. Тәуелсіздік – ең басты құндылығымыз. 

Алсу КЕҢЕС