ТӘУЕЛСІЗДІК БЕЛЕСТЕРІ: Екінші кезең

Екінші кезең. Мемлекеттікті нығайту және дағдарысты еңсеру: Президенттік институт пен Қазақстан Республикасының Конституциясы мемлекеттілік пен саяси тұрақтылықтың мызғымас қос тірегіне айналды.

Берік іргетас дағдарысты жеңіп шығуға және ұзақ мерзімді мемлекеттік стратегия негізінде жүйелі, жоспарланған дамуға жол ашты. 1997 жылы «Қазақстан-2030» стратегиясы қабылданды. Жаңа тәуелсіз мемлекеттер
арасында Қазақстан ХХІ ғасырға бірінші болып көз тікті.
Астананы көшіру туралы шешім біздің келешекке деген нық қадамымыздың дәлелі болды. Қиындықтар мен күмәнға қарамастан, мемлекеттік құрылымдар жаңа елордаға ойдағыдай қоныс аударды. Астана туралы
шешім – Тәуелсіздік Дәуірінің аса маңызды оқиғасы.
Ішкі саясатта мемлекеттік басқару жүйесі нығая түсті. Мажоритарлы-пропорциялық аралас сайлау жүйесіне көше бастадық. Конституцияға 1998 жылы енгізілген түзетулер ішкі саяси процестер мен институттардың
дамуына қосымша серпін берді. Еліміздің сайлау процестері мен саяси
өмірінде партиялардың рөлі артты.
1990-шы жылдардың ортасында ІЖӨ-нің өсуі байқалды. Елдегі экономикалық және әлеуметтік жағдай тұрақталып, оңала бастады. Бұл – Қазақстанның Кеңес Одағы күйрегеннен кейінгі дағдарысты жеңіп, өсу жолына түскенін білдірді.

Өсу мен оң өзгерістердің жалғасуына барлық негіз жасалды. Бірақ 1997–1998 жылдардағы әлемдік экономиканы Азиялық қаржы дағдарысы күйзелтіп кетті, соның салдарынан біздің еліміздегі әлеуметтік-экономикалық жағдай қайта нашарлап, шұғыл әрекет талап етті.
Дағдарысқа қарсы батыл саясаттың және барынша терең нарықтық трансформацияның арқасында Қазақстан ауқымды қаржы дағдарысы мен дефолтты айналып өтті.
Мемлекеттің белсенді саясаты әлеуметтік-экономикалық жағдайды тұрақтандыруға және өсуге мүмкіндік берді. 1999 жылы ұлттық экономикадағы үлкен өрлеу басталды. Экономикалық транзит сәтті өтті деуге болады.
Осылайша, 1990-шы жылдардың дағдарысын жеңіп шықтық.
Тәуелсіздіктің екінші кезеңінде қазақ ұлтының түлеуі жалғасын тапты, Қазақстан халқының бірлігі мен азаматтық ынтымағы нығайды.
1998 және 1999 жылдардағы парламент және президент сайлаулары қоғамдық-саяси ынтымақтың маңыздылығын айқын көрсетті. Сайлау нәтижелері ел дамуындағы орнықтылықты сақтап, тәуелсіздіктің келесі кезеңіндегі саяси тұрақтылық пен стратегиялық жүйелілікті қамтамасыз етті. Саясаттағы өтпелі кезең де осылай негізінен оңтайлы өтті. Қиындықтарды бірге жеңген қазақстандықтар реформалар мен экономиканың нарықтық трансформациясының жемісін көре бастады.

Біздің еліміз Ресеймен, Қытаймен және АҚШ-пен, Еуропа және Азиямен тиімді ынтымақтастықта болды. Тату көршілік пен қауіпсіздіктің белдеуі жасалды, көрші мемлекеттермен және жетекші державалармен достық қатынастар нығайды.
Негізінен, біз бесжақты «шанхай» форматымен өзара әрекеттестікт белсенді жақтадық. Кеден одағын құруға талап қылдық. АӨСШК бастамасы жалғасын тапты.
Тәуелсіздіктің бірінші кезеңінде Қазақстан әлемге аса танымал емес болса, екінші кезеңінің соңында жағдай түбегейлі өзгерді. Қуатты сыртқы саясат Қазақстанды әлемдік қоғамдастықтың белгілі және көпшілік мойындаған мүшесі етті.