ТӘУЕЛСІЗДІК БЕЛЕСТЕРІ: Бірінші кезең

Тәуелсіздік. Бұл – ЖАСАМПАЗДЫҚ ДӘУІРІ. Қазақстан тәуелсіздік жылдарында негізгі төрт кезеңнен тұратын үлкен
жолдан өтті.
Бірінші кезең. Тәуелсіз мемлекеттің қалыптаса бастауы (1990-шы жылдардың бірінші жартысы).
Екінші кезең. Мемлекеттілікті нығайту және дағдарысты еңсеру (1990-
шы жылдардың екінші жартысы).
Үшінші кезең. Өрлеу және әлемдік дағдарыс арқылы әрі қарай алға басу
(2000-шы жыл – 2010-шы жылдардың басы).
Төртінші кезең. Жаңа жаһандық ахуалда қалыптасқан мемлекет (2010-
шы жылдар).
Елімізде «үштік транзит» – қоғамдық-саяси, экономикалық және әлеуметтік салаларда жүйелі реформалар жемісті жүзеге асырылды.

Бірінші кезең. Тәуелсіз мемлекеттің қалыптаса бастауы:

Тәуелсіздікті қалыптастыру аса күрделі жағдайда өтті. Бұрынғы КСРО-дан шыққан барлық жаңа тәуелсіз мемлекеттер сияқты, Қазақстан да кеңестік жүйенің жалпы дағдарысы мен құлдырауын бастан кешірді,
соның салдарынан тәуелсіздіктің қалыптасу процесі аса күрделі болды.
Біз апатқа жол берген жоқпыз, бақылауды өз қолымызда ұстадық, аса қысқа мерзім ішінде алғашқы базалық стратегиялық мақсаттарды белгілей алдық, мемлекеттік биліктің әрі қарай кезең-кезеңімен өсуінің тиімділігін
қамтамасыз ету үшін оның берік іргетасын қаладық, экономиканы, қауіпсіздік құрылымдарын, аймақтар мен ішкі саясатты тұтастай өз бақылауымызға ала білдік, сондай-ақ дербес сыртқы саясатты қалыптастыра
бастадық.
Заң шығарушы және атқарушы билік тармақтарының текетіресіне сондай-ақ қоғамдағы тұрақсыздыққа жол бермедік. Соның нәтижесінде азаматтық татулық пен этносаралық келісім сақталды. Жаңа жағдайдағы мемлекеттік институттар құрылысымен қатар, гиперинфляцияны ауыздықтау, тәуелсіз қаржы жүйесін іске қосу айрықша маңызды болды. Осы мақсатта, шынайы егемендікке аса маңызды қадам жасалды. Қазақстан төл валютасы – теңгені айналымға енгізді.
Бірінші кезеңнің күрделілігі сол, қоғамдық-саяси, экономикалық және әлеуметтік өздерістерді бір мезгілде жүргізу қажет болды. Жүзеге асырылған үш транзиттің мәні де осында еді.
Мемлекеттік-құқықтық аспектіде мемлекетті конституциялық ресімдеу «Қазақстан Республикасының мемлекеттік тәуелсіздігі туралы» Конституциялық заңмен басталды және Қазақстан Республикасының қолданыстағы
1995 жылғы Конституциясымен аяқталды. Осылайша, берік мемлекеттік құрылым жасақталды.
Байырғы қазақ даласында жүздеген жылдар ауқымында тұңғыш рет еліміздің ішінде де, халықаралық аренада да заңдық тұрғыдан толық мойындалған мемлекет орнады.

Семей ядролық полигонын жабу және еліміздің аумағын жаппай қырып-жою қаруынан азат ету Қазақстан үшін айрықша маңызды шешім болды. Бұл халықаралық серіктестіктермен енді қалыптасып келе жатқан
қарым-қатынастардағы түйткілді мәселелердің түйінін тарқатты, олар Қазақстанға ядролық қатердің ықтимал ошағы ретінде қарамайтын болды.
Қазақстан ядролық қаруды иелену емес, одан құтылу бейбітшілік пен қауіпсіздік кепілі болатынын көрсетті.
Қазақстан мемлекеттілігі үшін мемлекеттік шекараны реттеу және делимитация процесінің маңызы айрықша болды. Жаңа тәуелсіз мемлекеттер арасында Қазақстан осы маңызды міндетті бірінші болып жүйелі шешуді
қолға алып, оны тиімді аяқтады.
Тәуелсіздіктің алғашқы жылдарынан бастап біз халықаралық саясаттағы аса маңызды мәселелердің тұтас кешені бойынша көшбасшылық пен бастамашылық көрсеттік, олар: ядролық қаруды таратпау, Азиядағы
қауіпсіздік (АӨСШК), әлемнің жетекші державаларымен, сондай-ақ жаңа тәуелсіз мемлекеттермен тең құқылы, өзара тиімді қарым-қатынас қалыптастыру, еуразиялық экономикалық интеграция мәселелері.

1990-жылдардың бірінші жартысы – саясаттағы, экономикадағы және жалпы өміріндегі өтпелі кезең болды. Мемлекеттік құрылыс өтпелі кезеңнің шешуші белесінен өтті, ал экономика мен әлеуметтік салада ол әрі қарай
жалғаса берді.
Тәуелсіздіктің бірінші кезеңінің басты нәтижелері – егемен елдің мемлекеттік институттарын құру, азаматтық бейбітшілікті сақтау, заман талаптарына жауап беруге және бүкіл қоғамның мүдделерін іске асыруға қабілетті
мемлекеттік құрылымның тиімді жүйесін құруға мүмкіндік берген конституциялық және саяси реформалар. Осылайша, құқықтық мемлекеттің іргетасы қаланды.

Сонымен қатар, ең маңыздысы Кеңес Одағының ыдырауынан туындаған аса ауыр қоғамдық-саяси, әлеуметтік-экономикалық және мәдени-гуманитарлық дағдарысқа әкелуі мүмкін мемлекет пен қоғам құлдырауына
жол бермедік. Тиісінше, осы дағдарыспен ілесе жүретін жағымсыз көріністердің барлығынан – елдің ыдырауынан, азамат соғысынан, этносаралық және дінаралық қақтығыстардан, бей-берекеттіктен, аштықтан, кедейлік пен толық экономикалық қираудан, қылмыстың өршуінен аман қалдық.
1990-жылдардың бірінші жартысы әлеуметтік-экономикалық қиындықтарға қарамастан, көтеріңкі көңілмен аяқтадық. Әрі қарай дамудың негізгі алғышарттары жасалды.
Бірінші кезеңнің басты жетістіктері – мемлекеттілік, нарықтық экономика, әлеуметтік татулық пен тыныштық.