ТӘУЕЛСІЗДІК ЖЕТІСТІГІ: ЭКСПО-2017 ХАЛЫҚАРАЛЫҚ КӨРМЕСІ

Қазақстанда көрме өткізу құқығын жеңіп алу оңай болған жоқ. Алғаш рет Астанада халықаралық көрме өткізу идеясын Елбасы ЭКСПО-2008 көрмесіне, Испанияның Сарагоса қаласына барған сапарында, біздің еліміз қола
жүлдеге ие болған кезде ұсынған. Қазақстанның ЭКСПО халықаралық көрме қозғалысына қатысу тарихы біздің еліміздің 1997 жылы Халықаралық көрмелер бюросына мүше болған кезінен басталады.

ЭКСПО күндерінде Қазақстанның барлық өңірлерінен, облыстарынан, аудандарынан адамдар ағылып келіп жатты, олардың ішінде Астананы алғаш көргендері қаншама десеңізші! Бүкіл әлемнен – 115 мемлекет!

Келушілер Қазақстанның басқа аймақтарын да аралап көрді. Бәлкім, көпшілігі Бурабайда болған шығар. Қалай десек те бұл – елді насихаттау, оның танымалдылығының маңызы өлшеусіз. ЭКСПО әсері ересен.
Біздің прагматикалық есебіміздің мақсаты – «Болашақтың энергиясы» дейтін өзекті тақырып арқылы ғылыми үдерістің жүрегіне жол табу еді. Ол үмітіміз ақталды.
Үш жылдың ішінде ғаламат жұмыс жүргізілді – Астананың сол жағалауында елорданың жаңа үлкен жүйе құрушы ауданы пайда болды. Бұл ретте «Астана ЭКСПО» кешені Назарбаев Университеті кешенімен үйлесе кетті.
ЭКСПО-2017 халықаралық мамандандырылған көрмесі – 2017 жылы 9 маусымда ашылды. Салтанатқа 17 мемлекет пен үкімет басшылары, оның ішінде Ресей президенті В.В. Путин, ҚХР төрағасы Си Цзиньпинь, Испания королі Филипп VI, Чехия президенті М. Земан, Өзбекстан президенті Ш. Мирзиёев, Қырғызстан президенті А. Атамбаев, Беларусь президенті А. Лукашенко, Түрікменстан президенті Г. Бердымұхаммедов, Тәжікстан
президенті Э. Рахмон, БҰҰ-ның Бас хатшысы А. Гутерриш және басқалар қатысты. Мерекенің орталығы «Нұр Әлем» – әлемдегі ең үлкен сфералық ғимаратқа айналды.

Көрмеге 115 мемлекет және 22 халықаралық ұйымдар қатысты және өздерінің жетістіктерін ұсынды. ЭКСПО-2017 көрмесіне жүзден астам ел, ірі трансұлттық компаниялар және 18 халықаралық ұйымдар қатысты. Бұл – оған деген аса зор қызығушылықты және тақырыптың өзектілігін байқатады. Үш айдың ішінде көрмені көруге төрт миллионға жуық адам келді, олардың арасында – 180 елден келген жарты миллион турист бар. Бұдан басқа, ЭКСПО-ны екіжүзден астам мемлекет, үкімет басшылары және басқа жоғары шенді қонақтар аралап көрді.

«Астана ЭКСПО-2017» көрме кешенінің жалпы алаңы 174 гектарды алып жатты (көрме аймағының алаңы – 25 гектар, көрмеден тыс аймақ – 149 гектар), онда Қазақстан Ұлттық павильонын, халықаралық, тақырыптық
және корпоративтік павильондарды, сауда ойын-сауық орындарын қоса алғанда, 38 нысан орналастырылды. Көрмеден тыс аймақтарда конференц-орталық, баспасөз орталығы, жабық қала, тұрғын үйлер және қонақ
үйлер орын алды. Барлығы ЭКСПО-2017-ге 10808 адам (жұмыс орындары), оның ішінде 909 шетелдік азаматтар, 433 бірлік техника тартылды. ЭКСПО2017-нің құрылыс нысандарындағы жұмыстарға бас мердігерлік ұйымдар
қатарында 322 отандық тауар өндірушілер қатысты және олармен жалпы сомасы 47 миллиард теңгеден асатын келісімшарт жасалды. Халықаралық көрменің аясында үш мыңнан аса мәдени-бұқаралық іс-шаралар өткізілді. Көрме өткізілгеннен кейін ұлттық павильондар офистер мен зертханаларға, ғылыми-технологиялық парктерге айналдырылады, ал тақырыптық павильондар және Қазақстан павильоны, ойын-сауық орындары Мәдениет және өнер кешендерін құрайтын болады.

Көрменің салтанатты жабылуы Ислам әлеміндегі ғылыми-техникалық дамудың маңызды мәселелері талқыланған Ислам ынтымақтастығы ұйымының ғылым мен технология бойынша саммитін өткізумен сәйкес келуінде де символдық мән жатқан секілді. ЭКСПО-2017 біздің бүкіл планетамыздың зияткерлік және технологиялық әлеуетін танытуға бірегей мүмкіндік берді. Мұнда жаңартылған қуат көздері саласындағы 140 ғылыми өнертапқыштық жұмыстар көрсетілді.

«Болашақ энергиясы» ЭКСПО-2017 Бүкіләлемдік көрмесін өткізу кіші және орта бизнестің дамуында, әсіресе, қызмет көрсету саласында, қонақ үй бизнесінде және ішкі туризмде нақты табысқа жетуге көмектесті, сондай-ақ республиканың беделін көтерумен бірге, еліміздің бас қаласының, көрмеден кейін әлемдік танымал қалалардың қатарына енетін елорданың да абыройын асқақтатты.
Әлемдік тәжірибе көрсеткендей, ЭКСПО-ны сапалы өткізу – елдің есею өлшемдерінің бірі. Қазақстан бұл емтиханды өте жақсы тапсырды. ЭКСПОның жетістігі – Қазақстан халқының мерейі. Қалыптасқан мемлекеттің
мәртебесі.