ТӘУЕЛСІЗДІК ТАРИХЫ: ҰЛТТЫҚ ҚАРЖЫ ЖҮЙЕСІНІҢ РЕФОРМАЛАНУЫ

Біздегі ұлттық қаржы жүйеміздің реформалануы мен оның даму эволюциясын шартты түрде екі кезеңге бөлуге болады. Бірінші кезең – шамамен 1991 жылдан 1997 жылға дейін қамтиды. Бұл жылдары біздің алдымызда экономиканы ырықтандыру және макроэкономикалық тұрақтануға жету мәселелері тұрды. Екінші кезең
– Қазақстанның қаржы жүйесінің тұрақтанудан кейін нығайтып, одан әрі қарқынды дамуы – 1998 жылдан басталды.

Бұрын, Одақ кезінде қалыптасқан тауар-ақша қатынастары, қажетті шешімдерді қабылдауға мұрсат берілген күнде де, олардың барлығын орталық ведомстволар деңгейінде шешуді талап ететін. Осы «қолапайсыз» қатынастардың мәні мынаған келіп тірелетін. Өндірістік-шаруашылық қызметтің кез келген субъектісі өзінің қаржы ресурстарын КСРО-ның Мемлекеттік банкінде немесе оның одақтық республикадағы есепшотында ұстайтын. Егер осы ресурстарды өзіне қажетті мақсат үшін мысалы, құрылыс салуға, азықтүлік сатып алуға және т.б., пайдаланғысы келсе, кәсіпорын осы мәселені Мемлекеттік жоспарлау комитетімен келісетін, ол қанағаттанарлық шешім қабылдаған жағдайда, қажетті қаржыны бөлу үшін осыған сәйкес тапсырманы Мемлекеттік банкке беретін.

Сайып келгенде, кез келген мемлекеттің банк секторы мен мемлекеттік қаржысының негізін қалаушы бірнеше салалардың – салық және бюджет сияқты жүйелерінің мәселелерін шешуді бір мезгілде талап етті. Оларды сәтімен реформаландыру осыларды бір-бірімен өзара байланыстырғанда ғана мүмкін болатын.

Ашық нарықтық қатынастарды құру бізден экономиканың негіздерін түбегейлі өзгерістерге апаратын қадамдар жасауды талап етті. Мойындауым керек, бұл оңай емес еді. Осындай шешімдердің бірі 1993 жылғы нарықтық қатынастарды ырықтандыру болды. Нарыққа барар жолдағы осы қадамға біз тауар тапшылығы мен өсіп отырған гиперинфляция жағдайында бардық. Ырықтандыруды іске асырудың басталуымен бірге әртүрлі қаржы ұйымдарының жылдам өсуі басталды. Олардың ішінде коммерциялық банктер мен банк операцияларының жеке түрлерін іске асырушы ұйымдар ерекше орында тұрды. Мәселен, 1993 жылдың соңына қарай Қазақстанда 200-ден астам коммерциялық банктер құрылды. Бұл жағдайдың пайда болуы, заңнамадағы кемшіліктерге байланысты еді. Соның салдарынан кез келген кәсіпорын мен кооперативке өзінің меншікті банкін құрып алуға мүмкіндік туды. Бұлардың көпшілігі кейіннен қаржы жағынан қауқарсыз болып шықты. Олар аса жоғарғы инфляция мен валюта нарығындағы тұрақсыздық жағдайында, алыпсатарлық пайда табу үшін ғана құрылды.

Н.Назаобаев, «Тәуелсіздік дәуірі» кітабынан.