ТӘУЕЛСІЗДІК ЖӘНЕ ТҰЛҒА: САБЫРХАН АСАНОВ

Қиял қанша ертеді елес,
Дүнген қызы, арманым.
Кез боп келсем ертелі-кеш,
Сенен көзді алмадым.
Немесе:
Қырқасынан қырдың,
Арасынан нұрдың.
Қалқатайым сені көріп қалдым ба?!

Бұл өлеңдерді білмейтін қазақ жоқ-ау. Сіз де бізбен қосыла шырқай жөнелдіңіз бе? Әні Шәмшінікі екенін бәріміз білеміз, ал сөзін жазған ақын жайлы не айта аламыз? Үнсізсіз бе? Міне, осы олқылықтың орнын толтыру мақсатында қолымызға қалам алдық, құлағыңызды түре отырыңыз.
Бізбен бірге әуелетіп шырқап шыққан бұл әндердің сөзін жазған – ақын Сабырхан Асанов. Темірхан Медетбектің тілімен айтсақ, «60 жылдары әдебиетке келген толқынның ішінде жүрекжарды таланттардың бірі – Сабырхан еді».
1936 жылы Түркістан ауданындағы Иіркөл ауылында туған. Қазақ Мемлекеттік университетінің заң факультетіне оқуға түсіп, екі жылын тауысқан кезде, өлеңге құштар көңіл өз дегеніне көндіріп, журналистика факультетіне оқуға түседі. Оқудан соң «Социалистік Қазақстан», «Қазақ әдебиеті» газеттерінде, «Жұлдыз», «Балдырған» журналында қызмет атқарады. «Тұңғыш кітап» жинағынан бастау алған «Таулар алыстан көрінеді», «Жастық шағым – Алматы», «Бақытты адам», «Шолпан», «Ақбота», «Қоштасқым келмейді» таңдамалы кітаптарында бүкіл өмір жолы сайрап тұр деуге болады.
Ақындық деген кез-келгенге беріле бермейтін ерекше қасиет қой. Жазып отырған адамның көңіл-күйі, ішкі жан толқынысы, бастан кешкені мен тіршіліктен күтері, бәрі-бәрі өлеңінде сайрап тұрады. Абайдың «Өлең, шіркін, өсекші жұртқа жаяр» дегені рап-рас сөз. Сабырхан ақын өлеңдерінде көктемді көп жырлайды. Жаны жасыл майса жамылған, ағашы бүршік атқан, қар-сеңнің бұзыла сарқырай аққан мезгілін ерекше сүйетіні байқалады. Табиғаттың көктемі мен көңілінің көктемін астастыра келіп:
Көктем келер,
Ертең-ақ көктем келер.
Ойға-қырға тұтасып көктер де өнер.
Алып-қашқалы тұрған бір арғымақтың,
Сауырындай жылтылдар көк төбелер.
Алатауға ұстатып бір қанатын,
Ақ бұлт тұрар әлемді бір қаратып.
Түу биіктен түйіліп түссе тамшы,
Жота-жондар жіберер сырғанатып.
Күліп-ойнап дүние күн көріскен,
Шұғылалы шақ туар бір келіскен.
Қызыл-жасыл қырлардан, қабақтардан,
Қыз-жігіттер көрінер гүл теріскен.
Алса уақыт әлімді, күшімді де,
Кім бар оның сұм сырын түсіндірер.
Қыз-жігіттер қырқада қосылса әнге,
Тыңдай-тыңдай төменде ішім күйер,
— дейді. Өлеңде жастық шаққа деген қимастықпен өрілген сағыныш, табиғаттың келіскен бояуы, ең бастысы – сезім бар. Алатауға қанатын ұстатқан ақ бұлт, түу биіктен түйіліп түскен тамшы, арғымақтың сауырындай жылтыраған көк төбені оқығанда еріксіз сүйсінесің. Ақын өлең жазар қаламын сезімнің мұхитына малып алғанға ұқсайды. Одан әрі парақтай отырсаңыз көп өлеңдерінде махаббат, жастық шақ, қимас достары жайлы адал көңіл, ақ пейілмен айтылған дүниелерді ұшыратасыз. Бір әттегенайы, нағыз шабытының шарықтаған шағында, өндіре жазар мезгілінде науқаспен алысып, күйінің келіспегендігі. Алматының ауа райынан аллергиясы асқынған шақтарда алты ай жаз туған даласын саялап, жан сақтайтындығын да жырларында «жаяды».
Туысымдай ыстық мынау тұрған бел,
Ата-бабам сауық-сайран құрған бел.
Алматыда тұншыққанда алты ай жаз,
Жанымды алып қалып жүрсің, туған жер!
– депті ғой.
Сабырхан ақынның өмірден өткеніне де ширек ғасыр уақыт болды.
Бір өлең жазғым келеді,
Баламдай бөлеп тербетіп.
Бір өлең жазғым келеді,
Ұмытпастай жер беті.
Қайда екен, шіркін, сол өлең,
Тапқан күні-ақ өлер ем!

Сабырхан ақынның ақындық мақсат-мұраты осы! Тұманбай Молдағалиев: «Сабырханның жыр кітаптары өз кезінің поэзиясының шырайлысынан, шуақтысынан саналады. Сабырхан жырлары да кезегінде қайта басылып, жас ұрпақтың қимас қазынасына айналарына кәміл сенемін» депті. Біз де ақынның жанын жеп жүріп жазған өлеңдері өміршең болады деп сенеміз.
Нұрила БАТЫРБЕКҚЫЗЫ.