ТӘУЕЛСІЗДІК ЖЕТІСТІКТЕРІ: АУЫЛШАРУАШЫЛЫҒЫНДАҒЫ БЕЛЕСТЕР
«Қазақстан-2050» стратегиясын жүзеге асыру, Кедендік одақтағы бәсекелестікті күшейту және алдағы уақытта ДСҰ-ға кіру – осының барлығы елдің агроөнеркәсіптік кешенін жаңа деңгейге шығаруды талап етті. Ауыл шаруашылығы Қазақстан экономикасы үшін басым бағыт болып қала берді.
Ауыл шаруашылығының әлеуетін түсіне отырып, Елбасы 2013 жылдың ақпан айында Үкіметке ұзақ мерзімді «Агробизнес-2020» бағдарламасын жүзеге асыруды тапсырды. Бағдарлама бойынша ауыл шаруашылығын мемлекеттік қолдауды 2020 жылы 4,5 есе өсіру қарастырылды. Алайда бұрынғы бағдарламалармен салыстырғанда, басымдық директивалы қондырғыларға емес, ауыл шаруашылығын бәсекеге қабілетті ету жағдайларын жасауға – оны барынша табысты және мүмкіндігінше тәуекелден тыс етуге бағытталды.
2014 жылдан бастап қайта өңдеу кәсіпорындарына шикізат сатып алу үшін қаржы бөліне бастады. Субсидияландыруға жататын өнімдер тізіміне импортқа аса тәуелді азық-түлік – қант, құрғақ сүт, сары май, ірімшік енді.
2004 жылы-ақ шұғыл қабылданған шаралардың арқасында сары май өндіру 10 проценттен астам, ал құрғақ сүт төрттен бірге өсті. Тұтастай алғанда бір жылдың ішінде тамақ өнеркәсібі 3%-ке ұлғайды.
Сонымен бір мезгілде ауыл шаруашылығы өнімдерін экспортқа шығару да өсе бастады. 2014 жылы сиыр етін экспорттау 6 есе, шұжық өнімдері 9 есе, сүт 6 есе ұлғайды. Ет консервілерін, қышқылды сүт өнімдерін экспорттау жақсы көрсеткіштерге ие болды. Тек ұнды экспорттау ғана
төмендеді. Тұтастай алғанда, қабылданған бағдарлама қазақстандық ауыл шаруашылығы өнімдерін өндірушілердің позициясын бекітуге мүмкіндік туғызды.
2015 жылы ауыл шаруашылығындағы мемлекеттік субсидиялар мөлшері
орасан зор сомаға жетті – миллиард доллардай болды.
2016 жылы ауыл шаруашылығы өнімдері мен Қазақстаннан экспортқа шығарылатын өнімдер 5%-ке өсті. Астық өнімдері рекордтық көрсеткішке жетті, ал астық экспорты ширектен астам көлемге ұлғайды. Аграрлық сектордың өсуі 2017 жылы да жалғасын тапты.
Тәуелсіздік алған жылдардан бастап, Қазақстанның қоғамдық өмірінде жер мәселесі ерекше орын алады. Ауылшаруашылық жерлері республикада 100 миллион гектардан астам аумақты қамтиды. Сонау 2003 жылы ұзаққа созылған қызу пікірталастардан соң ауылшаруашылық жерлерін тек қана Қазақстан Республикасының азаматтары мен заңды тұлғаларға жекеменшікке беру, сондай-ақ шетелдік азаматтарға жалға беру құқығы қабылданды. Бұл ретте, 2010-шы жылдардың ортасына қарай шетелдіктер жалға алған барлық жер көлемі 0,1 проценттен төмен болды. 2015 жылдың бас кезінен бастап шетелдік азаматтар жерді жалға алудың мерзімін 10 жылдан 25 жылға дейін созуға мүмкіндік алды.
2017 жылғы Жолдауда экономикалық өсудің драйвері ретіндегі агроөнеркәсіптік кешеннің жаңа рөлі атап өтілді. Қазақстанды алдыңғы қатарлы аграрлы держава дәрежесіне жеткізу және әлемдік азық-түлік нарығында лайықты орын алу міндеті қойылды. Алға қойылған міндеттерге қол жеткізу үшін Агроөнеркәсіптің кешенді дамытудың жаңа мемлекеттік бағдарламасы дайындалды. Оның негізгі басымдықтары – ішкі нарықты толтыру және отандық өнімдердің экспорттық әлеуетін дамыту, ұсақ және орташа шаруашылықтарды ауыл шаруашылығы кооперацияларына тарту, су ресурстарын тиімді пайдалану және сауда-логистикалық инфрақұрылымдарды дамыту.