ТӘУЕЛСІЗДІК ЖЕТІСТІКТЕРІ: ЕЛДІ ҰЙЫСТЫРҒАН ҰЛТТЫҚ ЖОБА
Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың 2015 жылы ұсынған «100 нақты қадам» Ұлт жоспары еліміздің уақыт талабына сай дамуына, заман сұранысына лайықты жауап беретін ауқымды шараларды жүзеге асыруға оң ықпалын тигізіп келеді. Ел мүддесі, халық қажеттілігі, талап-тілегі барынша ескерілген Ұлт жоспарының басым бағыттары, негізгі қадамдары өз деңгейінде орындалып келеді. Мұның айқын мысалын мемлекеттік кәсіби аппарат құру, есеп беретін мемлекетті қалыптастыру, заң үстемдігін қамтамасыз ету, индустрияландыру және экономикалық өсімге қол жеткізу, біртектілік пен бірлік қағидаттарынан туындайтын міндеттерді орындау бағыттарында жүйелі түрде жүргізілген жұмыстардың нәтижесінен көруге болады.
Мәселен «Индустрияландыру және экономикалық өсім» бөлімінде қарастырылған қадамдар бойынша атқарылған шаралар жөнінде айтар болсақ, бірінші кезекте ауыл шаруашылығы жерлерін тиімді пайдалану, экспорттық және импорттық кеден ресімдерінен өту кезінде «бір терезе» қағидатын енгізу, кеден және салық жүйелерін интеграциялау, мүлікті және қаржыны заӊдастыру ресімдерін оӊайлату, қолданыстағы заӊға өзгерістер мен толықтырулар енгізу, салық декларацияларын қабылдау және өӊдеудіӊ орталық желісін құру сынды мәселелердің шешімін табуы көңіл қуантады. Өӊірлік энергетикалық компанияларды ірілендіру, өӊдеу өнеркәсібіне еӊ кемінде 10 трансұлттық компанияны тарту, ет өндірісін, сүт және сүт өнімдері өндірісін дамыту үшін стратегиялық инвесторлар тарту секілді бағыттардың басым бөлігі жүзеге асырылғанын айта кетуіміз керек.
Тағы бір ерекше тоқтала кетер жайт, қазақстандықтар мен бизнес субъектілерінің құқықтарын қорғау ЭЫДҰ мемлекеттерінің жоғары стандарттарына сәйкестендірілді. Сондай-ақ соңғы деректерге сүйене сөйлесек, еліміздің экспорттық тауарларын әлемдік нарыққа шығаруға бағытталған жобаларды түзу жұмыстары қызу қолға алынып отыр. Бүгінде өндіріс бойынша трансұлттық компаниялардың қатысуымен 4 жоба таңдап алынды. Бұл жобалар ет, сүт өнімдерін өндіру және қайта өңдеу, өсімдік шаруашылығы саласында іске асырылуда.
«100 нақты қадамның» «Біртектілік пен бірлік» атты 4-бөлімінде көрсетілген қадамдардан туындайтын мақсаттарды орындау да қоғамымыз үшін аса қажет екені белгілі. Бұл орайда «Мәңгілік Ел» жалпыұлттық патриоттық актісі бекітіліп, Қазақстан халқы Ассамблеясының «Үлкен ел – үлкен отбасы» жалпыұлттық жобасы әзірленгенін, еліміздің барлық өңірлерінде 30-дан астам Достық үйі ашылғанын ерекше атап көрсеткіміз келеді. Сондай-ақ Ұлт жоспарының 87-қадамы шеңберінде «Менің елім» азаматтық бірегейлікті нығайту жалпыұлттық жобасының және 89-қадамдағы «Нұрлы болашақ» ұлттық жобасының нәтижелері өзінің жоғары деңгейін көрсете білді.
Н.ӘДІЛ