ТӘУЕЛСІЗДІК ЖЕТІСТІКТЕРІ: ҚАУІПТІ ІНДЕТКЕ ҚАРСЫ ҚАЗАҚСТАНДЫҚ ВАКЦИНА

Тәуелсіздікті бізге Тәңірдің берген үлкен байлығы деуге болады. Біз осы тәуелсіздігімізге, бүгінгі әл-ауқатымызға шүкіршілік ете білуіміз керек. Пандемия кезінде біздің медицинамыздың биігін көрсеткен бір жәйт — өз елімізде вакцина шығарылуы.

Оны жасау үшін үлкен құрал-жабдық керек, білікті маман керек. Ендеше Қарағандыда ашылған зауыт біздің ондай деңгейіміз бар екенін айғақтап кетті. Бұл – бір. Екіншіден, өзіміздің шығарған вакцина, бұл – біздің ғалымдардың ойлап тапқан жаңалығы. Мұның нәтижесі өткенде «Лансет» деген журналға шықты, Қытай­дың вакцинасымен теңбе-тең, кейбір жерінде, тіпті ұтымды да. Бұл үлкен қуа­ныш емес пе? Елдің дамығаны деген осы. Көрші елдерді алып қарайық. Түрікмен, өзбек, қырғыз, тәжік, ешбірінде өзінің вакци­насы жоқ. Қазақстан Қырғыз Респуб­ликасына өз вакцинасын апарып беріп, көмектесіп жатыр. ТМД елдерінде тек қана үш ел өз вакцинасын шығарып отыр. Олар – Ресей, Қазақстан, Беларусь. Осыдан-ақ біздің медицинаның деңгейін бағамдай беріңіз.

Елімізде COVID-19-ға қарсы вакцинаны дайындаумен Биологиялық қауіпсіздік проблемаларының ғылыми-зерттеу институты мен Ұлттық биотехнология орталығы айналысты. Институттың Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымымен денсаулық сақтау саласында қауіпті инфекцияларға вакцина әзірлеу бойынша келісімшарты бар. Осылайша, Қазақстанда 2020 жылдың 18 мамырында отандық вакцинаны сынақтан өткізу жұмыстары басталды. Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымы қазақстандық ғалымдардың әзірлемесін тіркеуге алып, клиникаға дейінгі сынақтан өткізуге рұқсат берілген кандидаттық вакциналардың тізіміне қосып, өз сайтында жариялады.