ТӘУЕЛСІЗДІК ЖЕТІСТІКТЕРІ: «ҰРПАҚТАР САБАҚТАСТЫҒЫ» ЖОБАСЫ

XX ғасыр басында қазақ халқының бiлiм беру саласында үлкен бетбұрыстар болды. Ұлттық негiздегi төлтума оқулықтар, рухани-адамгершiлiк тәрбиесi мәселесiне арналған ғылыми еңбектер жарық көрдi. Ұрпақтан-ұрпаққа жалғасқан мұраларды жинақтау, оны бүгiнгi ұрпақтың рухани-адамгершiлiк тәрбиесiне, салауаттылығын қалыптастыруға пайдалануда тәлімдік ой-пікірлерімен қазақ даласына із қалдырған Ш. Құдайбердиев, А. Байтұрсынов, X. Досмұхамедов, М. Жұмабаев, Ж. Аймауытов, М. Дулатов және т.б. еңбектері – ұрпақ саулығы үшін қам жеген қоғамдық мәселеге арналған мұраларының орны ерекше.

Елбасы Н. Ә. Назарбаев 2003 жылдың 28 қарашасында Астана қаласында өткізген Ұлттық Кеңесте: «Дәстүрлі мәдениетті жаңғырту, өз халқының тарихи тәжірбиесіне жүгіну тәуелсіздікке ие болған елдің өмірінен алатын заңды құбылыс. Мұның ар жағында қоғамдық сананың қалыптасуы, ұрпақ тәрбиесі сияқты үлкен міндеттер жатыр» – деген еді. Демек, жаһандану жағдайында өмір сүріп жатқан жас ұрпақты қоғам талаптарына сай қалыптастыру оңай шаруа емес. Әсіресе, батыстық бағыттағы үлгіні ұстанған жас ұрпақтың бойына ұлттық сана қалыптастыру қиынның қиыны. Осы орайда, халқымыздың ғасырлар бойы жинақтап, уақыт тізгінінен өткен бай тәжірибелік қазынасын қолдану кезек күттірмейді. Ата-бабамыз салып кеткен сара жолды таңдап, өскелең ұрпақты салт-дәстүріміз бен әдет-ғұрпымызға сай тәрбиелесек, ұтарымыз мол. Ұлттық сана біздің идеологиямыздың және қазіргі қоғам дамуының негізі болып табылады. Оны іске асырудың жолдары: халықтар достастығын нығайту мақсатындағы жұмыстарды атқару, Отандық тарихты терең меңгеру, мемлекеттік тілді және ұлттық психологияны білу. Өкінішке орай, қазіргі кезде жастар маңызды азаматтық борыштарды орындауға жауапкершіліксіз қарап, рухсыздық пен әлеуметтік жетілмегендікті, өзгелерге келгенде шыдамсыздықты, тіпті агрессивті болып келеді. Олардың бойында білімге, еңбекке, рухани құндылықтарға, қоғам өміріне араласуға деген қызығушылықтар да аз байқалады. Жас ұрпақ арасында мұндай құбылыстарға жол беруге болмайды, өйткені бұл жағдайлар мемлекетіміздің ұлттық қауіпсіздігіне қатер туғызады. Мұндай жағдайлар жастардың әскери борыштарын орындауда да ерекше байқалады. Бұл жағдайлардың негізгі себебін ұлттық патриотизмнің рөлі мен маңызының төмендеуімен байланыстыруға болады. Айта кететін жағдай, азамат пен мемлекет арасындағы саяси-құқықтық қатынастардың әлемдік үлгілері мен стандарттары ұлттық сананың келелі мәселелерін әрқашан жаңа тұрғыдан көріп, қарастыруды талап етеді. Бұл біздің ұлттық санамыз үшін егемендік пен тәуелсіздікті нығайту жағдайында және осы салада өз тәжірибемізді жинақтауға қажетті ерекше маңызды мәселе.

Ұрпақтар арасындағы үйлесімділікті одан әрі нығайтудың жалпы идеологиясы – Қазақстан мемлекеттігін, ішкі саяси тұрақтылықты, азаматтық татулықты, қоғамдық және ұлтаралық келісімді одан әрі дамытуда болып табылады. Ұлттық ерекшелігімізді бойына сіңірген, елге үлгі боларлық ұрпақ өсіруге тырысу – бүгінгі басты міндет. Рухани дамыған салада тәрбиеленген ұрпақ міндетті түрде мемлекетіміздің дамуына қызмет етеді.

Әр кезде алмасып отыратын ұрпақтың мүмкіншілігі мол, бұрынғы ұрпақпен салыстырғанда олардың саяси прогреске қосатын үлесі де үлкен. Ол адамдар арасындағы өркендеп және өзгеріп отыратын тұрақтылықты ретке келтіріп отырады. Жалпы қоғамдық қатынастар саяси дамудың әрбір жаңа сатысында сақталып қана қалмастан өзгеріп, жаңара береді. Олай болса, ұрпақтар сабақтастығы арқылы қайта жаңғыру жүзеге асады, ескі қатынас түрлерінен қазіргі және болашақтағы қатынас түрлері келіп шығады. Сондықтан мемлекетімізді көпке таныту, оны өсіп келе жатқан ұрпақтың қанына сіңіру – ең үлкен азаматтық парызымыз.

Елімізде саяси әлеуметтену жағдайында өскелең ұрпақтың рухани бейнесінің, саяси наным-сенімдері мен іс-әрекеттеріне жаңа талап қойылуда. Оның өзіндік талаптары да жоқ емес. Мәселен, еліміздегі саяси, әлеуметтік, экономикалық және рухани өзгерістерді жүзеге асыру жоғары білімді, білікті маман, елде болып жатқан жаңаруларды қолданыстағы жүйеге енгізуге саналы түрде қатысатын азаматтардың қолынан келеді. Өмірдің өзі жас ұрпақтың бойына саяси мәдениетті сіңіріп, саяси қарым-қатынастар жүйесіне бейімдеуге тырысады, олардың қоғам алдындағы белсенділігін жоғарылатады. Осыған байланысты мемлекетімізде жүргізіліп отырған әр түрлі реформалар мен қабылданған бағдарламалар әлемдік тәжірибеден туындап отыр. Сондықтан, қоғам талабына сай жас ұрпақ қалыптастыруда халық даналығының сабақтастығын үлгі етудің әр түрлі шаралары ұйымдастырылуда. Ондағы мақсат Қазақстан халқының барлық әлеуметтік және ұлттық, діни топтарын мемлекетімізде жүргізіліп жатқан реформалар идеяларының төңірегіне біріктіру. Оның сыртында елі мен жерін қорғаған ата-бабамыздың ұлттық дүниетанымын, арман мұраттарын танып білу, өз тағдырының ел тағдырынан ажырағысыз екенін түсіну – Қазақстан халқының азаматтық қауымдастық сезімінің негізі жатыр (1). Ол жас ұрпақты ата-баба дәстүрі мен аға ұрпақ өнерін қастерлей білуге баулуға, олардың еліміз бен жерімізді қорғайтын азаматтар ретінде қалыптасуына, сондай-ақ олардың түйінді мәселелерді талқылап, тиімді жолдарын табуға көмектеседі.

Ұрпақтардың өзара достығы, олардың бір-біріне деген сый-құрметі, үлкенге ізет, кішіге құрмет көрсетуі – бұрыннан келген, қанымызға сіңген игі қасиеттерге байланысты болмақ. Осы орайда Л.Н.Гумилевтің «Түрлі жұрт бір кеңістікке сыйысып тұра алады» деген қағидасы шындық екенін өмірдің өзі дәлелдеп отыр [2].

Осы орайда қоғамымызда саяси жүйені демократияландыру бағытында ұлттық дәстүрлерді ескеру де үлкен рөл атқаратынына көзіміз жетіп отыр. Бұл туралы ғалым Б. Тлеповтің: «… дәстүрге табыну демократияға қарсы түсінік деп қарау қате пікір, себебі, орнымен пайдаланылған дәстүрлік қоғамның тұрақты дамуының кепілі болып табылады. Мысалы, әлемнің көптеген елдерінде дәстүрлік сабақтастығы қоғамның дұрыс жолмен дамуына ықпал жасауда. Жапония, Корея, Қытай сияқты шығыстың белді елдерінің және Ұлыбритания, Франция, Италия сияқты батыстың жетекші мемлекеттерінің тәжірибесі көрсеткендей, ғасырлар бойы қалыптасқан сана-сезім мен салт-дәстүр негізінде қазіргі заманға лайық экономикасы жоғарғы деңгейдегі мемлекет құруға болады» деген ойлары көңілге қонады [3].

Бұдан мынадай қорытынды айтуға болады: елімізде тек шетелдік демократиялық тәжірибеге иек арта бермей, сондай-ақ өзіміздің төл рухани құндылықтарымызға да көңіл бөлгеніміз дұрыс. Демократияландырудың өзіндік ерекшелігі әр елде әр түрлі болып келетіні де белгілі. Егемендікпен қатар Қазақстан қоғамына бірқатар қиындықтардың да келгенін жасыра алмаймыз және олардың негізінде бүкіл жүйені қамтыған экономикалық және саяси-әлеуметтік өзгерістер жатқаны белгілі. Қоғамдық санада бұл өзгерістер екі түрлі жолмен дамыды: бірінші жол – демократия жолын таңдап, батыстың либералды құндылықтарын қабылдау болса, екіншісі – ұлттық сана-сезімнің өсуіне орай, кеңес заманында ұмыт болған қазақ халқының тарихи мұрасы негізінде ұлттық мемлекет құру еді.

Тарихқа көз жіберсек, әлемдік өркениеттің дамуы тұтас бір мемлекеттердің пайда болуы мен жоғалуын, олардың даму ерекшеліктері мен өз заманының талабына сай таңдауын сараптауға жол ашады. Ауқымы жағынан бірнеше жылдан мыңдаған ғасырларға созылған бұл үрдістердің әрқайсысында дәстүрлік ұғымының алатын өз орны бар. Бұл туралы зерттеуші А. С. Агаджаньян: «дәстүрлілік – тарихтың бір кезеңінен екінші кезеңіне өткенде қоғамның құрылымдық ядросының сабақтастығын сақтайтын қоғамдық құрылым принциптерінің жиынтығы» – деп тұжырымдайды [4]. Яғни, ұрпақтан-ұрпаққа берілетін рухани құндылықтарымыз да ұлттық санамызды қалыптастырушы негізгі факторлардың бірі болып отыр. Олай болса, өз мүддесі мен қоғамдық мүдделерді ұштастыра алатын, қоғамдық құбылыстардың даму заңдылықтарын түсінетін, жалпы адамзаттық және ұлттық құндылықтарды игерген, мемлекетіміздің өркендеуі үшін аянбай еңбек ететін саяси белсенді ұрпақты қалыптастыру – тәуелсіз мемлекетіміздің демократиялануы мен дамуының негізгі кепілі болып табылады.

Б.З.Иманмолдаева, Абай атындағы ҚазҰПУ-нің теориялық-қолданбалы және әлеуметтану кафедрасының аға оқытушысы

Пайдаланылған әдебиеттер:

1. Айталы А. Ұлттану.- Алматы: Арыс, 2000. -164-б

2. Гумилев Л.Н. Көне түріктер. Алматы: Білім, 1994.

3. Тлепов Б. Қазақстан саяси жүйесінің дамуындағы дәстүрліктің алатын орны мен рөлі. Алматы: 2003. -8-б.

4. Агаджаньян А.С. Общая концепция традиции и традиционные структуры в Юго-Влосточной Азии // Традиционный мир Юго-Восточной Азии. –М., 1991. – 5-6 б.б.