ТӘУЕЛСІЗДІК ЖЕТІСТІКТЕРІ: «ЖАЛПЫҒА ОРТАҚ ЕҢБЕК ҚОҒАМЫН ҚҰРУ» ИДЕЯСЫ

Бүгінгі әлем үшін жаһандық дағдарыс туындатқан толқынмен күрес — аса маңызды мәселе. Ал ондай күресте тиімділік болуы үшін ең алдымен дағдарыстың шығу себептерін түпкілікті зерделеп, оның туындауына cеп болған бағытты бағамдау онан сайын маңызды. Бірсыпыра сарапшылардың пайымынша, дағдарыс ұзақ жылдар бойы экономикалық-әлеуметтік, қаржылық саладағы қордаланып келген мәселелердің шешіміне дер шағында жауаптардың болмауынан туындап отыр. Ендеше жаһандық дағдарыспен күрес бір-екі жылдың емес, алдағы бесжылдықтар мен онжылдықтардың еншісінде болатыны даусыз.

Әрине, онда да жан-жақты сараланған аса сауатты қадамдар құпталады. Сонымен қатар, жаппай шарпыған жаһандық дағдарыстан жеке-дара мемлекеттер оқшауланып шығып кетуі мүмкін еместігін айтушылар да басым. Яғни, экономикалық күйзеліске әлем елдері тек бірлесе атқарған шаралармен ғана тойтарыс беруге болатынын меңзейді. Әлбетте, жаһанданған әлемде бұл айқын мәселе. Дегенмен, әрбір елдің өзінше жасалатын қам-қарекеті болмаса, ортақ ұстанымға ғана тоқайласып, басқаның белсенділігінен береке күтсе, онда ол әсіресе осындай қасаң жылдардағы елдің экономикалық тәуелсіздігін де бұлыңғыр ете түсетіні шындық.

Ендеше Қазақстан жаһандық тұрақсыздық уақытында қандай болуы керек? Дағдарыспен күресте қандай мүмкіндіктерді жүзеге асырған ләзім? Ең ақыры әлеуметтік саясаттың орнықты әрі жасампаздықпен дамуы үшін не қажет? Осынау сұрақтардың баршасына осыдан бір ай бұрын баспасөзде жарияланып, қалың жұртшылықтың кеңінен талқылауы мен қолдауына ие болған Елбасы Н. Назарбаевтың «Қазақстанның әлеуметтік жаңғыртылуы: Жалпыға Ортақ Еңбек Қоғамына қарай 20 қадам» атты бағдарламалық мақаласы толық жауап бере алады деуге негіз баршылық. Мемлекет басшысы бағдарламалық мақаласы арқылы бүкіл қазақстандық қоғамға үндеу тастап, дағдарыс салқыны әлі де есіп тұрған осы шақта ұлттың бәсекеге қабілеттілігін арттырып, елді ұйытатын мәселені айқындап отыр. Бір сөзбен айтқанда, ғаламды жайлаған дағдарыстан сауатты қорғану үшін Елбасы Жалпыға Ортақ Еңбек Қоғамына қарай қадам жасауды ұсынады. Ал ондағы бағдарлаған басты принцип «еңбек етсең емерсің» деген қағидамен дөп келеді. Елбасы айтып көрсеткеніндей, әлеуметтік мәселелерді кейінге қалдыруға болмайды. Ал әлеуметтік жаңғыртуды жүзеге асыру мемлекеттің ғана емес, қоғамның әрбір мүшесінің міндеті. Бағдарламалық мақаланың негізгі өзегіне келсек, ең алдымен әлеуметтік жаңғыртуды теңдестіру, әлеуметтік-еңбек қатынастарының тиімді үлгісін жетілдіру, әрбір қазақстандықтың еңбегін еселей отырып, тұтыну идеологиясы мен жаппай масылдықпен күрес, еңбек өнімділігі мен еңбек құндылығына баса мән беріледі.

Әлемдік өркениеттің бар­лық құндылықтары, эко­номикалық және мәдени бай­лықтар виртуалды қаржы инс­титуттарымен емес, адамның ең­бегімен жасалады. Сондықтан әлеу­меттік жаңғырту саясатының негізіне шынайы өндірістік ең­бектің қойылуы өте орынды саналмақ. Жалпы қоғамды еңбекке жұмылдыру арқылы азаматтардың мақсат-мұраттарына, ал тұтас мемлекеттің даму деңгейін одан сайын жақсартуға болатынын алға тартады. Расында, ата-бабаларымыз елдің көсегесі еңбекпен көгеретінін, еңбек арқылы ғана ұшпаққа шығуға болатынын талай ұрпағына аманат ретінде айтып кеткені белгілі. Бұған мысал табуға еш қиналмасымыз анық. Десе де, кешегі кеңестік кезеңдегі тұтынушылық қоғам тұжырымдамасы елді күйзеліске апарудың бастапқы жолы болғанын бүгін түсінгендейміз әрі оның қоғамды масылдыққа итермелеп, біршама шарпығанын да бағамдап отырмыз. Ал өз кезегінде мұндай әлеуметтік масылдық жаһандық дағдарыстың басты себебі болғанын жоғарыда да меңзегенбіз. Шындығанда, ілгерідегі кезеңде еріксіз бас ұрған қасаң қағидаға сәйкес «Адамды адам еткен — еңбек» дегенді ту қылып, соған иланған кезіміз болды. Сөйтіп лениндік-коммунистік саясаттың өркен жайған тұсында «маймылдың еңбек етуінен адам болып біз жаралдық» дегенге саятын дарвиндік пайымға арқа сүйедік. Әйтсе де басқасын қайдам, еңбекке деген ниетіміз түзу еді. Кейіннен иманымыз оралып, ақиқатты ұғына бастаған тұста дарвинизмнің бос былшылын түсіндік, бойды аулаққа салдық. Десе де еңбекке деген түсінігіміз, еңбектің нәтижесіне қатысты ниетіміз қалуы керек еді. Ендеше еңбекке, «ауырдың үстімен, жеңілдің астымен» дегенге саятын масылдыққа қатысты ел ішінде ендеп кеткен көзқарасты өзгертпесе болмайды. Баюды, сондай-ақ жайлы өмір сүруді өзінің басты мақсаты санайтындар үшін «аз жұмыс істеп, көп ақша тапсам екен» деген ойдан арылтатын кез жетті. Бұндай қағиданы ұстанып өмір сүру еңбек өнімділігінің құндылығын құрдымға кетірері хақ. Ендеше, бұл мемлекет үшін де қауіпті. Тіпті керек десеңіз, салиқалы сарапшылардың басым бөлігі бүгінгі Еуропаны жайлаған дағдарыстың түп төркінін осындай масылдықтан, өз еңбегінен гөрі мемлекетке арқа сүйеуден туындағанын айтады. Ал қазақстандық қоғамда бүгінгі еңбек қатынастарында не маңызды? «Халықтың әл ауқатының жақсаруы ең әуелі саналы, еңбекқор, кәсіп пен бәсекеге бейім ұрпақ тәрбиелеудің кепілі болатыны белгілі. Бұл үшін қоғамды негізгі бас идіретін мәселе — әділеттілік қағидаттарын алға шығару деп білемін. Еңбек сіңіруден бастап марапат беруге дейін мемлекет қана емес, қоғамның да көзқарасы әділ болғаны дұрыс», — деп санайды Мәдениет және ақпарат министрі Дархан Мыңбай. Сонымен қатар, министр Елбасы мақаласын кеңінен насихаттау арқылы қоғамда адал еңбектің қадір-қасиетін арттыруға, жастарды масылдық психологиядан арылтуға болатынын алға тартады. «Мемлекет басшысының мақаласында сонау 90-ы жылдары «ауырдың үстімен, жеңілдің астымен» жүріп, аз жұмыс істеп «оңай ақшаны ауадан жасау» мәселесі туралы айтылды. Өкінішке қарай, бұл қасаң қағида жұрттың санасынан әлі де толық өше қойған жоқ. Кейбір азаматтар жайлы қызмет пен жақсы жалақыға тек тамыр-таныстықпен ғана қол жеткізуге болады деп есептейді. Жоқ олай емес! Уақыт бізден кәсіби маманды адам бойындағы басқа қасиеттері арқылы, яғни оның ішінде еңбекқорлық пен кәсіпқойлық арқылы таңдауды талап етуде», — дейді министр.Бір сөзбен айтқанда, масылдықтан бір ғана адамның мәселесі туындап қоймайды, бұл мемлекет үшін де проблема. Керісінше, еңбек жеке адамның да, елдің де көгеруіне зор ықпал етеді. Соңғы жылдары елдегі өндірістердің көптеп ашылуы жұмыс орындарына деген сұранысты қанағаттандырып келеді. Алайда, кейбір жағдайда маман мен жұмысшы тапшылығына қатысты мәселенің өзекті болатыны да рас. Бұл ретте Елбасының «Егер бізге қа­білетті ұлт болғымыз ке­летіндігі рас болса, бұл психо­логиядан арылу қажет! Жаңа білік­тілікті меңгеру және зауыт­қа, өн­діріске бару керек. Жас та және ересек те қазақстандық бос оты­рып, бәрін де сынай бермей жұ­мыс бар жерге, нәпақа табатын жерге қарай ұмтылулары керек!» дегені дөп айтылған болып отыр. Сондықтан да, Жал­пыға Ортақ Еңбек Қоғамы идея­сы — ел игілігі жолында қажыр­лы еңбек етуге үндеп, қоғам дамуындағы еңбектің рөліне аса зор мән береді.

inform.kz