ТӘУЕЛСІЗДІК ТАРИХЫМЫЗДЫ ТҮГЕНДЕУГЕ ЖОЛ АШТЫ

Қазақтың сан ғасырлық арманы болған Тәуелсіздік біздің жүрегімізді жылы шуаққа бөлеп, өткеніміздің өнегесін түйсінуге, тарихымызды түгендеуге жол ашты. Кең даламызды сақтап қалу үшін аянбай күрескен, қажет десе жанын берген, намыс туын биік ұстаған бабаларымыз бізге баға жетпес мұра қалдырды. Ол — туған жерді сүю, оның тұтам бөлшегін өзгенің билігіне бермей, көздің қарашығындай аман сақтау, қадірлей білу, — деп жазады тарихшы Исламғали Бітік «Ақтөбе» басылымында. .Елбасымыз Нұрсұлтан Назарбаев біздің тарихымыз өзгенің жерін жаулау емес, өз жерімізді қорғаудан тұратынын атап көрсетті. «Ата-бабамыздың дәл бүгінгідей күнді армандағанын да естен шығаруға болмайды. Бұл — біздің бабаларымыздың ұлт ретінде сақталып қалуы үшін жанын берген тағдырлы да тарихи жылдар»,- деп атап өтті ол. Мен негізгі мамандығым тарихшы болғандықтан, атамекенім — Қобда өңірінің өткеніне байланысты деректерді зерттеп, жинақтап жүремін. Еліміздің Тәуелсіздігінің 25 жылдығы тұсында бүгінгі биігіміздің негізі, түп- тамыры ғасырлар тереңінде жатқанын тереңірек түсіне түскен секілдімін. Оны ХІХ ғасыр аумағында ғұмыр кешкен ата-бабаларымыздың тыныс-тіршілігіне байланысты мұрағат материалдарымен танысу барысында да байқадым. Бәсібек Байғотанұлы. Ол кім? Ең алдымен айтарымыз, Бәсібек Байғотанұлының есімі ҚР Орталық мемлекеттік мұрағаты мен РФ Орынбор облыстық мемлекеттік мұрағатының бірқатар құжаттарында кездеседі. Олардан алынған деректерге сүйенсек, ол 1822-1826 жылдарда орыс шебінде жасалған көптеген жорықтарға белсенді түрде қатысқан. 1837-1838 жылдардағы оқиғалардың ортасында да оның жүргендігі туралы мәліметтер бар. Негізінде Бәсібек Байғотанұлы 1822-1840 жылдарда Батыс Қазақстан аймағында болған Жоламан Тіленшіұлы бастаған ұлт-азаттық күреске қатысушылардың бірі. Ол Жоламан батырдың сенімді сарбаздарының бірі болған. Ресей шебіне жасалған көптеген жорықтар мен шабуылдарға қатысқан. Егер нақты ресми құжаттарға сүйенетін болсақ, Бәсібек Байғотанұлы қатардағы көп сарбаздың бірі емес, айтарлықтай бедел-дәрежесі бар, өзіндік орны бар жауынгер екендігі білінеді. 1822 жылы көтеріліс тұңғыш рет бір орталықтан басқарылып, жүйелі түрде ұйымдастырыла бастаған тұста Бәсібек Байғотанұлы сол істің басы-қасында жүрген. Еліміздің мемлекеттік мұрағатында сақталған бір құжатта 1822 жылы 5 қаңтарда Орынбор әкімшілігі тарапынан Кіші жүз ханы Шерғазы орыс шебіне жақын отырған Табын руы ауылдарына бірнеше сұлтандар мен билерді аттандырғаны айтылады. Олармен қатар Кіші жүз қазақтарының приставы ротмист Карсаков тарапынан Долгоаршинов есімді конфидент те қоса жіберілген. Аталған елшіліктің көздеген мақсаты — орыс шебінен әкетілген тұтқындар мен жылқыларды қайтару туралы келіссөз жүргізу болған. Табын руы ауылдарында бұл адамдарды қатты наразылықпен қарсы алған, оларды тіпті «орысқа сатылушылар» деп айыптап, шептен алынған тұтқындар мен жылқыларды қайтармайтындығын ашық айтқан. Тіпті көктем шыға орыс үкіметіне қарсы соғысқа шығатындықтарын да тура жеткізген. Кіші жүз приставы ротмистр Карсаков бұл хабардан сезіктеніп, оның анық-қанығына жету үшін сол жылдың ақпан айында Долгоаршиновты елге қарай қайта жібереді. Долгоаршинов 7 наурыз күні жазған рапортында Ресей үкіметінің Елек бойындағы жерлерді тартып алған, шеп орнатқан саясатына аса қарсылық білдірушілердің, осыған қарсы күреске шақырушылардың арасында Табын руының Сармантақ бөлімінен Бәсібек Байғотанұлының да есімін атаған. 1822 жылы 29 қазанда Жоламан Тіленшіұлы бастаған топ Кіші жүз қазақтарының келесі приставы полковник Горихвостовқа хат жолдап, онда Жайықтың қазақтар жайлаған сол жағынан бекіністер салып, өз жерлерінің тартып алынуына байланысты өздерінің қолдарына қару алып, орыс шептеріне шабуыл жасауға мәжбүр болғандарын мәлімдейді. Бұл хатқа Жоламан батырмен бірге Құлмағамбет, Баймағамбет, Есенбай билер, Жаналы, Құттыбас, Түктібай, Арал батырлар, сондай-ақ басқа да адамдармен бірге Бәсібек Байғотанұлы өз таңбасын басқан. Орынбор мұрағатындағы бір деректе Бәсібек Байғотанұлының 1823 жылы маусым айында қазақ даласына шығарылған полковник Берг бастаған жазалау әскеріне қарсы тұрған сарбаздар қатарында соғысқаны айтылады. Сол жылдың 13-14 маусым күндері Шыңғырлау өзені бойында осы әскердің Милорадович басқарған 408 адамнан тұратын тобын Жоламанның өзі жетекшілік еткен бір мың сарбаз қоршауға алған. Осы шабуылға Жаналы, Құттыбас батырлармен бірге Бәсібек те қатысқан. Жоламан Тіленшіұлы бастаған күрестің екінші кезеңі болып саналатын 1837-1840 жылдардағы қозғалыстарға да Бәсібек Байғотанұлы белсене қатысқан. 1837 жылы жаз айларында ауыл-аймақтар арасында көпшілікті Ресей қол астынан кетуге, Хиуаға қарай қоныс аударуға үгіттеушілер көп болған. Мұрағат деректерінде сақталған деректерге қарағанда, осындай үндеулерді таратумен айналысқан қырықтан астам адамның арасында Бәсібек Байғотанұлы да бар. Қалай дегенде де, өз халқының бодандығына қарсы болған, тәуелсіздіктің тура жолына ұмтылғандар қатарында Бәсібек Байғотанұлы тұрғанын бүгінгі ұрпақ білсе дейміз. Осы арада Бәсібектің баласы Садақай туралы да бірер ауыз сөз айта кеткіміз келеді. Ол 1869 жылы Ресей үкіметі енгізген Жаңа ережеге қарсы Батыс Қазақстанда болған ірі көтеріліс қарсаңында жергілікті билердің бірі Мұңайтпас Бөтенбекұлы ұйымдастырған кеңеске қатысқан. Ұлы Қобда бойындағы Бесқопа жазығында 1869 жылы шамамен 12-15 қаңтар аралығында өткізілген бұл ірі кеңеске Қобда-Елек бойындағы ауыл-аймақтардан 500-ге жуық билер мен ақсақалдар қатысқан деп айтылады. Осыған қарағанда Садақай Бәсібекұлы да ел арасында белгілі адамдардың бірі болған секілді. Біздің билер… Қазақ жұртшылығында билер институты берік құрылым болғанын жалпылама білгенімізбен, әлі де болса оның тереңіне бойлай алмай жатқан секілдіміз. Өйткені, біз мұрағат материалдарымен танысу барысында көпшілікке әлі де толық таныс емес бірқатар билеріміздің өмірбаяндарымен таныстық. Енді сол деректерді жұртшылыққа ұсынғымыз келеді. Қоңырау Тышқанбайұлы — Қобда өңірінде өмір сүрген билердің бірі. Ол 1851-1859 жылдар аралығында Қызылшаң және Терісаққан өзендері аралығындағы ауылдардың жергілікті биі қызметін атқарған. 1859 жылы денсаулығына байланысты қызметінен өз еркімен кеткен. Қоңырау Тышқанбайұлы 1859 жылы адал қызметі үшін бірқатар адамдармен бірге күміс мөрмен марапатталуға ұсынылған, бірақ нәтижесінде мақтау қағазын алған. Бір көңіл аударатын жайт, 1868 жылы да күміс мөрге ұсынылған, бұл жолы да ол мақтау қағазымен ауыстырылған. Ол 1869 жылы қаңтар айында Ұлы Қобда бойындағы Бесқопада Мұңайтпас Бөтенбекұлы ұйымдастырған кеңеске қатысқан. Біздің қолымызға түскен бір деректе 1896 жылы Қобда болысы шағын ауылдарының тізімі берілген бір мәліметте Қоңырау ауылы Ұлы Қобда бойында орналасқан деп көрсетілген. Бұл ауыл барлығы 40 шаңырақтан тұрған, оның құрамында 125 ер адам және 118 әйел адам болған. Аталған ауыл әкімшілік бағыныштылығы тұрғысынан Қобда болысының №3 ауылына қараған. 1872-1877 жылдар аралығында Қобда болысы №3 ауылының соттық биі қызметін Оразбай Бәсібекұлы атқарған. Болыс басқарушы, жергілікті дау-дамайларды реттейтін соттық би, бұл қызмет кейін халық биі деп аталған, сондай-ақ ауыл старшыны сияқты қызметтерге сайлау арқылы үш мерзімге тағайындалған. Оразбай Бәсібекұлы қатарынан екі мерзімге, яғни алты жыл мерзімге сайланған. Иманды істің ізашарлары Имандылықты жоғары ұстаған халқымыздың негізгі ұстанымы үлкенді сыйлау, кішіні қамқорлау ретімен арқылы көрініс тауып жататынын білеміз. Бұл ретте ХІХ ғасырда өмір кешкен ата-бабаларымыздың дінге құрметпен қарап, иманды істі таратуға көп көңіл бөліп отырғанын байқауға болады. Осыған байланысты біз жергілікті ауқымдағы діни қайраткерлер өмірін де зерделеп көргенбіз. Солардың бірі хазірет Жұмағұл Байшуақұлы — Ұлы Қобда өңіріндегі белгілі діни қызметкер болған, ол мешіт және медресе ұстаған. 1889-1895 жылдары Торғай облысындағы мешіт жанындағы мектептер (медреселер) тізімінде Қобда болысының №3 ауылындағы Қызылшаң деген жерде Жұмағұл Байшуақұлының мектебі бар екені көрсетілген. 1906 жылы Ресейдің І Думасының депутаттарын сайлауға дауыс беру үшін әрбір қазақ болысынан екі адамнан ғана қатыстырылған. Бұл адамдардың өзін болыстықтар сайлау арқылы таңдаған. Қобда болысынан Ресей Думасы үміткерлеріне дауыс беру құқығына сайлау арқылы екі адам қол жеткізген. Олар — белгілі хазіреттер Жұмағұл Байшуақұлы мен Бекмағамбет (Бекпан) Кенбайұлы. 1906 жылы 2 мамырда болған сайлау құжатында Жұмағұл хазіреттің жасы 48-де деп көрсетілген. 1914-1915 жылдардағы Ақтөбе уезіндегі мешіттер тізімінде Жұмағұл хазіреттің Тамды болысы №3 ауылына қарасты Қызылшаң деген жердегі мешіті көрсетілген. Бірақ сиыну үйі деп көрсетілген. Тамды болысы Қобда болысынан 1914 жылы бөлініп шыққан болатын. Жұмағұл Байшуақұлы 76 жыл ғұмыр кешкен. Ол діни білімді Бұхарадан алған. Жұмағұлдың баласы Сағидолла мақсым әуелі Бұхарада, содан кейін Уфада оқыған. Оның ишан-хазірет атағы бар. Құлтабан мешіт-медресесін ұстаған, сонда шәкірттерге дәріс берген. Жұмағұл хазіреттің шәкірті болған Кәрімберген Сарқұлұлының да хазірет атағы бар. Бұхарада білім алған ол Өтешсайда мешіт салып, балаларды оқытқан. Мұрағат материалдарымен танысу барысында қолымызға түскен мына жай да назарымызды аударды. Онда да Жұмағұл хазіреттің есімі аталған екен. Таратып айтар болсақ, істің барысы мынадай: алашордашы Ескендір Көпжасаровты 5 жылға концлагерьге қамау туралы үштіктің шешімі шыққан. Ол кезінде Мұстафа Шоқайдың жан-тәнімен берілген серігі екен. Осы Ескендір Көпжасаров Жұмағұл хазіретпен бірге отызыншы жылдары менің атам Нұрғали Бітіковтің үйінде қонақта болып кеткен. Ол кезде менің атам жиырма сегіз жаста екен. * * * «Тегін білмеген — елін білмес» дейді халық даналығы. Кешегі күні заман ағымына байланысты орыстанып кеткен, сөйтіп, тарихи түп-тамырын ұмыта бастаған ұрпақ бүгін сілкіну дәуірін бастан өткеруде. Сондай ретпен мен де Қобда өңіріндегі өткеннің өнегесін жаңғыртуды парызым деп есептедім. Осы бағытта маған ғылыми жағынан пайымдаулар жасауда, мұрағаттар материалдарын іздестіруде, оларды жүйелеуде көп көмек көрсеткен жолдастарым — тарих ғылымдарының докторы, профессор Рахым Бекназаров пен Алматыдағы Шоқан Уәлиханов атындағы Тарих және этнология институтының ғылыми қызметкері Нұржан Жетпісбайға шын жүректен шыққан алғыс сезімімді білдіремін.

Исламғали БІТІК,

тарихшы