ТӘУЕЛСІЗДІКПЕН ТҮРЛЕНГЕН: КЕНДІ ҚАЛА КЕНТАУДЫҢ ӨРКЕНДЕУІ

Тәуелсіздік алған жылдары өндіріс қаласы расында да қиын экономикалық жағдайда тұрған еді,- дейді сол жылдары қаланы басқарған Болат Жылқышиев. Қаланы едәуір аяқтан тұрғызған әкім қиын-қыстау кезеңдер туралы былай тарқатады:

«Тәуелсіздік жылдарының басында Кентаудағы Кеңес Одағында атағы дүрілдеген, 17 мың адамды жұмыспен қамтыған «Ачполиметалл» комбинаты тоқтап тұрды. Бюджет тапшы. Жұмыссыздар көп. Айлық, зейнетақы, балалар жәрдемақысы уақытылы төленбейді. 200 регрессник – комбинаттың мүгедектері төлемдерін уақытылы ала алмай жүр. Олардың әйелдері балаларымен шұбырып келіп әкімшіліктің бірінші қабатында наразылықтарын білдіруде. Кейде әкімнің кабинетіне де кіріп кетеді. Қақаған қыс. Жылу жүйесі де істен шыққан. ЖЭО істемейді. Оған сұйық отын алатын ақша жоқ. Проблема
өте көп. Халықтың көңіл-күйі түсіп кеткен, көздерінде от жоқ.
Ең алдымен жылуды реттеуіміз қажет болды. ЖЭО істен шыққан соң 5-6, кейбірінде 10 шақты көпқабатты үйді қамтуға қауқарлы шағын қазандықтар орнатылған екен. Қазандықтардың отынына бюджетінің түбі көрініп қалса да қаланың депутаттарымен кеңесе келе жырымдап жүріп 15 миллион теңге қаржы таптық. Облыс әкіміне өтінішпен шығып, 10 миллион теңге алдық. 25 миллионға сонау Атыраудан екі аптаның ішінде отын алдыртып, қазандықтарды іске қостық. Солай қаңтардың алғашқы онкүндігінде қаланың 80 пайызын, мектептер мен балабақшаларды, аурухананы жылумен қамтыдық. «Жығылғанға – жұдырық» дегендей, қазандыққа құйған сұйық отынды да ұрлап әкетіп жататын. Ұрлықты болдырмауды полицияға тапсырып, комбинаттың мәселесімен айналысып кеттік.
«Ачполиметалл» банкрот болған. Инвестор табу керек, болмаса сату қажет. Комбинаттың конкурстық басқарушысымен біраз келіспеушілік орын алды. Өйткені ол өндіріс орнының негізгі құрылғыларын сата бастады. Түн ішінде торуылдап, біразын полицияның көмегімен қайтарттық. Сосын облыс әкіміне өтініш
жасап, конкурстық басқарушыны ауыстырдық. Банкрот алдында тұрған комбинатты өндірісті жақсы білетін маман, Қорғасын зауытының қожайыны, облыстық мәслихаттың депутаты, танымал кәсіпкер Тұрсынбек Асамбаев келіп сұрады. «Комбинатты қолға алайын, сіз жәрдем беріңіз. Жарты жылда іске қосайын.
500 миллион теңге қарызынан 5 жылда құтылайын» деді. Сосын сәуір-мамыр айларында сол инвесторға беру туралы шешім шықты. Асамбаев әр регрессникпен «5 жылда қарызыңыздан құтылам» деп келісімшартқа отырды. Сөйтіп тамыз айында Ащысай кен орнын, одан кейін байыту фабрикасын іске қосты.
200 адам тұрақты жұмыспен қамтылды. Бірақ, бұрынғы басқарушы біраз кедергілер жасады. 25 қолдаушысымен жиын өткізіп, «Ачполиметаллды» бөлшектеп сатуды жоспарлады. Дегенмен, оған жол берілген жоқ. Инвестор заңды тұлға ретінде комбинатты өз атына рәсімдеп алды. Асамбаев азаматтығын танытып,
500 миллионды бес жылда төлеп шықты.
Кентау тіршілігіне ептеп қан жүгіре бастаған соң қаланы көріктендіруді қолға ала бастадық. Тозып кеткен саябақтар мал жайылып, табаны тықырлана бастапты. Таразда аквапарк соққан азаматты шақыртып, демеушілер есебінен Кеншілер саябағына аквапарк салдырдық. Құлымбетов деген кәсіпкер өндіріс орнының бұрынғы басшыларының бюсттарын орнатып, аллея жасады. Кеңес заманындағы ресторанды қайта жаңартты. Айналасы абаттандырылған соң сол маңдағы кішкентай көлде аққулар жүзе бастады. Саябақтар адамдарға толды.
2000 жылдың 1 мамырында өзіммен бірге Кентауға ала барған екі азаматтың бірі Көктембек Табылдиев бір миллион теңгеге Орталық саябақтағы атракциондарды іске қосты. Жүздеріне қуаныш ұялаған балалар кезекке тұратын. Жазда аквапарк істеп тұрды…
Тағы бір үлкен мәселе – канализация жекеменшікке сатылып кеткен екен.
Иесі қаржысын үнемдеу мақсатында электр қуатын азырақ пайдаланып, сорғыларын өшіріп тастайды. Салдарынан көпқабатты үйлердің жертөлелерінде толған құбырлар тесіле бастаған. Жарылып, жолға жайылған кездер де кездескен. Қожайыны ешкімге бағынбайды, шақырғанға келмейді. Сосын оны сотқа бердік. Облыстық соттың төрағасы Марат Нұрбеков «заңды иесі болғанымен дұрыс игермей халыққа зияны тиіп жатыр» деп, елдің пайдасына шешім шығарып берді. Солай канализация жүйесін мемлекеттік меншікке қайтарып, жөндеп іске қостық.
Сол кездері Кентауда бос ғимараттар, балабақшалар көп еді. Біреуі бұзылып кетті. Балабақшалардың қаңырап қалған ғимараттарын сақтап қалу мақсатында кәсіпкерлерге бес жылға пайдалануға бердік. Олар өздерінің өндірістерін өркендетті. Кейін соның көбі мемлекетке қайтты. Эксковатор зауытының жақсы медициналық құрылғылары бар сауықтыру орталығы да бос тұрды. Оны Ардагерлер үйіне айналдырдық. «Ачполиметалл» комбинатының профилакторийі де бұзылуға шақ қалған екен. Құрылғыларын әкетіп қапты. Облыс әкімі Бердібек
Мәшбекұлына кіріп, Өзбекстанда қалып қойған туберкулезге қарсы санаторияны көшіріп әкелуге рұқсат алдым. Сөйтіп сол санаторияны Шымған тауынан Кентауға ауыстырдық. 80 адам тұрақты жұмыспен қамтылды.

Халықтың еңсесін көтеру үшін қазан айында Кентаудың 45 жылдығын атап өтуді ұйғардық. Сол мақсатта 7-8 мың орынды Құралбаев атындағы орталық стадионды жөндедік. Орындықтарын жаңалап, сол жерде мерекелік парад ұйымдастырдық. Қайта іске қосылған «Ачполиметалл» комбинаты, Трансформатор, Эксковатор зауыттарының жұмысшылары мен кішігірім өндіріс орындарының қызметкерлері парадқа қатысып, сап түзеп, көңіл марқайтар жақсы мейрам болды».