ТІЛ – ХАЛЫҚТАР ДОСТЫҒЫНЫҢ КЕПІЛІ

Қазақ тілі – қазақ ұлтының тамырында таңбаланған төл мұрасы. «Халықтың жанын түсінгің келсе, тілімен таныс» демекші, қазақтың бүкіл болмысының құпиясы туған тілінде бейнеленгенін аңғару қиын емес. Біле білгенге ол жауһар дәстүрінің діңгегінде, бай ауызекі әдебиетінің әлемінде, ән-жырлары мен суырыпсалма айтысының астарында, жұмбақ-жаңылтпаштарының жауабында, ерлікке толы өр тарихында сайрап жатыр.

Әсіресе, еліміз егемендік алған тұста қазақ тілінің тынысы кеңге ашылды. Мемлекеттік тіл мәртебесі беріліп, өз ана тілін танып-білуге құштар азаматтардың қатары жылдан-жылға қалыңдай түсті. Қазақ балабақшалары мен мектептерінің саны күрт өскені күні бүгінге дейін көз алдымызда. Білім саласында қазақша кітаптар көбейіп, әлем әдебиеттерін өз тілімізде оқу бақытына қол жеткіздік. Жас ұрпақтың У.Шекспир, М.Лермонтов, Г.Маркес, В.Гюго, О.Бальзак секілді әлемдік классиктермен қазақша сырласып, етене танып білуі білім сапасының артуына да тікелей әсер етті.

Соңғы бес жылда зерттелген статистикаға сүйенсек, қазіргі таңда қазақ тілінде сөйлейтін адамдардың саны 16 197 000-ға жетіп, дүниежүзіндегі ең ірі 40  тілдің қатарына еніп отыр. Оның ішінде біздің тілімізде сөйлейтін өзге ұлт өкілдерінің саны 1,8 миллионды құрайды екен. Атап айтқанда түрік, өзбек, қарақалпақ, әзірбайжан, қырғыз, татар, орыс, кәріс, ұйғыр т.б.  Бұл ең алдымен шыққан тегіне, нәсіліне қарамастан бүкіл ұлтты бір шаңырақ астына ұйыстыра алған Елбасы саясатының жемісі. Тәуелсіздік алған тұстағы ауыр да қиын кезеңдерге қарамастан біздің мемлекетіміз өзге диаспора өкілдерін өз еліне қудаламады. Керісінше, біртұтас ұлт болуға шақырып, бір-бірінің құндылықтарына құрметпен қарау саясатын ұстанды. Жас мемлекеттің ең осал тұсы осы деп, сырттан пышақ сұққысы келіп, көз алартқан көршілер де аз болған жоқ. Алайда қашанда құшағы кең, татулық пен бірлікті бекем ұстанған дана халқымыз бұл сыннан да сүрінбей өтті.

Ұлттар ынтымағын сақтауда Елбасы ең алдымен тіл саясатын аса шеберлікпен жүргізуге мән берді. Қазақ тіліне үстемдік бере отырып, орыс тілін ұлатаралық тіл ретінде жариялауы көп диаспоралы республиканың жүгін жеңілдетуге бағытталған еді. Өйткені жетпіс жыл бодандықта болған қазақтың арасында өз кәсібін ана тілінде меңгерген мамандар жоқтың қасы саналатын. Орысша ойлап, орысша білім алған буыннан істі қазақша жүргізуді бірден талап ету ауыр әрі күрделі процесс. Сарабдал саясаткер Н.Назарбаев осы үдерісті сезгендіктен тіл арқылы біртұтас ұлт болу саясатын алға тартты. Нәтижесінде Қазақстан халықтарының Ассамблеясы құрылып, еліміздің болашақ жетістіктеріне жол ашты. Содан бері елімізде ешқашан да өзге тілдер мен ұлттарды шеттетуге жол берілген жоқ. Қазақстан халықтарының форумында Нұрсұлтан Әбішұлы әрқашан былай дейді: «Мен біздің басты игілігіміз – халықтар достығын қазақстандықтардың бірнеше буыны қалыптастырғанын атап айтамын. Әрі біз сол құндылықты қастерлей білуге тиістіміз».

Білім жүйесіндегі үштілде білім беру саясаты да әлемдік озық елдер ғана ұстанатын бағыт. «Мен жас ұрпақтың Абайды, Пушкинді және Шекспирді түпнұсқадан бір мезгілде оқи алатын ұрпақты көргім келеді» деген Елбасы арманы шындыққа айналып келеді. Бірнеше тілде білім алған зияткер оқушының өзгелерден мүмкіндігі мол, оған күллі дүние есігі ашық екеніне де өз тәжірибемізден куәміз.

Ордабасы ауданы облысымыздағы көпұлтты халқымен ерекшеленетін өңір.  Қазақтармен бірге күрдтер, түріктер, орыстар, әзірбайжандар мен тағы да басқа ұлт өкілдері тату-тәтті өмір сүрудеміз. Олардың бәрі де мемлекеттік тілді меңгерген. Бұл бірлігіміздің басты алғышарты десек те болады.

Байқағанымыздай, Қазақстандағы тыныш та бейбіт өмірдің сақталуына тіл саясатының жүргізген ықпалы өте орасан екенін аңғарамыз. Бәлкім сол кездері бауырлас ұлттардың діні мен тіліне құрметсіздік танытқанда Тәуелсіздігіміз баянды болмас па еді деген ойлар да келеді. Тағдыры қыл үстінде тұрған елдердің басты жауы өзара ішкі берекенің жоқтығы, дүрдараздықтан орын алып жатқаны шүбәсіз. Ендеше, осы мамыражай заманның бейнесін мәңгі сақтап, бақытты да білімді ұрпаққа жеткізу, тілдің тектілігін түсіндіру біздің ұстаз ретінде басты парызымыз. 


Гүлжан ТӘШЕН,

«Төрткүл» жалпы орта мектебінің қазақ тілі және қазақ әдебиеті пәнінің мұғалімі.

Ордабасы ауданы.