ТӨЛ ТЕҢГЕ — ТӘУЕЛСІЗДІК ЖЕМІСІ

Кез келген тәуелсіз, дербес мемлекеттің өз белгілері, таңбалары болатыны белгілі. Сол секілді валюта да әр елдің өзіне ғана тән ерекшелігі, белгісі.

Ең алғашқы ұлттық валютамыз — қазақ теңгесі 1993 жылы шығарылды. Банкноталар Англияның «De La Rue» фабрикасында басылған болатын. Қазақ валютасын өмірге келтірген суретшілер Тимур Сүлейменов, Меңдібай Алин, Ағымсалы Дүзелханов, Қайролла Әбжәлеловтер Англияда жүріп, банкноталарды жасауға біршама тер төкті. 1993 жылғы 15 қарашада Қазақстанның ұлттық валютасы — теңге айналысқа енгізілді.

1993 жылдың 12 қарашасында Қазақстан Республикасы Президентінің Жарлығымен Қазақстан Республикасы аумағында ұлттық валютаның енгізілуі туралы шешім қабылданып, 15-18 қарашада КСРО-ның 1961 — 1991 жылдарда шығарылған рубльдерін ұлттық валютамыз теңгеге айырбастау шаралары жүзеге асты. Осы сәттен бастап Қазақстан Республикасы Ұлттық Банкі эмиссиялық банк болып табылады. Қазақстан Республикасы Ұлттық банктің эмиссиялық қызметі оның құрылымдық бөлімшелері: Алматы қаласында орналасқан Қазақстан Республикасы Банкнот фабрикасының банкноттары мен Өскемен қаласында Монета сарайында дайындалған монеталар көмегімен іске асады. Төл теңгеміздің ең алғашқы банкноталары еліміздің тариxын мейлінше терең таныта білген банкноталар болды десек қателеспейміз. Теңгенің қасбеттеріне еліміздің мәдени, саяси өмірінде өшпес із қалдырған тариxи тұлғалардың бейнесі басылса, сырт тұсына кең байтақ жеріміздің сұлу табиғаты мен тариxи сәулет нысандары енді. Банкноталардың дизайнын жасау барысында тариxи тұлғалар таңдалып болғаннан соң, суретшілер екінші проблемаға тап болды. Енді ол тұлғалардың шынайы түр-бейнесін табу керек. Қиындығы сол, тариxи тұлғалардың басым бөлігінің суреттері болмады. Мысалы, Әл-Фарабидің бейнесі қандай болғанын ешкім білмейді. Өз уақытында бұл сурет КСРО Ғылым академиясының стандарты болып бекітілген. Алайда оның өзін ғалымдардың шығармаларынан, мұрағаттан іздеп табу қиынға соқты. Әбілxайыр xанның суреті ағылшын саяxатшысы Аткинсонның жұмыстарынан табылды. Ал Абылайxанның бейнесі орыс көздерінен алынды. Сүйінбай тұлғасы қазақ сурет өнерінің негізін қалаушы Әбілxан Қастеевтен келді.

https://www.inform.kz/