«ТУҒАН ЖЕР» БАҒДАРЛАМАСЫНЫҢ ЕРЕКШЕЛІКТЕРІ
Қазақ «Туған жерге туыңды тік» деп бекер айтпаған. Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» атты мақаласында айтылған ғаламдық шараларды жүзеге асыруда «Туған жер» бағдарламасын қолға алу ұсынылды. Қазақстанның мақсаты айқын, бағыты белгілі, ол – әлемдегі ең дамыған 30 елдің қатарына қосылу. Германия, Израйль секілді елдерде де ұлтқа төнген қиын сәттерде халық басқа жерлерге қоныс аударуға мәжбүр болған. Ойланып көрейік, бодандық кезде тозып, жат жұрттан бақыт іздеген ағайындар трагедиясы ешқашан ұмытылмауы керек. Сол қилы кезеңде алты миллион қазақтың екі миллионы ғана өз Отанында қалды. Төрт миллионның төрт жүз мыңы шетелге қоңыс аударды. Қалғаны нәубәт жылдардағы зұлмат саясаттың құрбаны болды.Патриотизм кіндік қаның тамған жеріңе, өскен ауылыңа, қалаң мен өңіріңе, яғни туған жеріңе деген сүйіспеншіліктен басталады.
«Туған жер» деген кезде әрбір азаматтың, әрбір адамның жүрегінде тулаған шабыт пен сезім ұялайтыны анық. Себебі адам өзінің туған жерінің төлі. Сол даланың, сол жердің, сол мекеннің меншігі. Туған жерге деген сезім мен махаббатың өлшемі шектеулі болмайды. Ол шексіз. Осы бір ерекше шексіз патриоттық сезімді әрбір азамат пен жастардың бойына етене сіңіріп, қандарына дарыту үшін, сөздің ұғымын кең мағынасында түсіну үшін, Елбасы «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» мақаласында орындалу керек міндеттердің ішіне «Туған жер» бағдарламасын ұсынды. Ал бағдарламаның мәні неде?
Елбасы Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаев бұл бағдарламаның мәні деп үш ерекшелікті атап көрсетеді.
«Бірінші, бұл білім беру саласында ауқымды өлкетану жұмыстарын жүргізуді, экологияны жақсартуға және елді мекендерді абаттандыруға баса мән беруді, жергілікті деңгейдегі тарихи ескерткіштер мен мәдени нысандарды қалпына келтіруді көздейді».