«ТҰРАН» ЖАҢА ЖЕҢІСКЕ ЖЕТТІ

Футболдан OLIMPBET-Қазақстан чемпионатының 10-турдың ойындары аяқталды. Түркістан облысының «Тұран» командасы «Түркістан-Аренада» Петропавлдың «Қызылжар» футболшыларына қарсы матч өткізді. Қос команда да жасыл алаңда жеңіске жету үшін, тартысты ойын өткізді. Дегенмен, кездесудің алғашқы уақытынан бастап алаң иелері қарсыластар қақпасын торылдаумен болды. Сәт сайын шабуылдарын үдеткен тұрандықтар есеп ашуға ұмтылды. Алайда қарсыластар жоғары деңгейде қорғана білді. Нәтижесінде ойынның бірінші кезеңі 0:0 есебімен тең аяқталды. Матчтың екінші кезеңінде екі команда да алма-кезек шабуылмен болды. Есеп ашу үшін бар күш-жігерлерін ортаға салған, Абдухалық Бөрібаев шәкірттері қарсыластар қақпасына қауіпті соққылар жасады. Тартысты кездесудің 90+3 минутында қарсыластар өз айып алаңында Асылжан Аббасқа қарсы өрескел қателік жасап, шалып құлатты. Осы жерден 11 метрлік айып добы белгіленді. Айып добын орындауда мүлт кетпеген, Стефан Живкович есеп ашты. Есеп 1:0. Қорытындыда «Тұран» командасы жеңіске жетіп, турнир кестесінде 11-ші орынға жайғасты. Енді тұрандықтар сырт алаңда 14-мамырда Қарағандының «Шахтер» командасына қарсы ойын өткізетін болады. Жерлестерімізге сәттілік серік болсын!
Түркістан облысы әкімінің баспасөз қызметі