ТҮРКІСТАН ОБЛЫСЫНДА ӨҢДЕЛГЕН АУЫЛ ШАРУАШЫЛЫҒЫ ӨНІМІНІҢ ЭКСПОРТ КӨЛЕМІ БЕС ЕСЕ АРТЫП, 105,1 МЛН АҚШ ДОЛЛАРЫН ҚҰРАДЫ
Түркістан облысында Елбасы тапсырмасы мерзімінен бұрын орындалды. ҚР Тұңғыш Президенті Назарбаевтың «Төртінші өнеркәсіптік революция жағдайындағы дамудың жаңа мүмкіндіктері» атты 2018 жылғы Қазақстан халқына Жолдауында Елбасы 5 жыл ішінде агроөнеркәсіп кешеніндегі еңбек өнімділігін және өңделген ауыл шаруашылығы өнімінің экспортын 2,5 есеге арттыруды тапсырған болатын. Өткен жылғы жұмыс нәтижесі бойынша Түркістан облысында өңделген ауыл шаруашылығы өнімінің экспортының көлемі 5 есе өсіп, 105,1 млн. АҚШ $ -ға жетті. Биыл да бұл көрсеткішті арттыру көзделген. Осылайша Түркістан облысында бес жылдық жоспар қысқа уақытта артығымен орындалып отыр. Бұл туралы облыс әкімі Өмірзақ Шөкеевтің төрағалығымен өткен аппараттық мәжілісінде мәлімденді.
Ауыл шаруашылығы басқармасының басшысы Нұрбек Бадырақов «Қазақстан Республикасының агроөнеркәсіптік кешенін дамытудың 2017 – 2021 жылдарға арналған мемлекеттік бағдарламасының» орындалуы барысын баяндады. Атқарылған жұмыс нәтижесінде агроөнеркәсіп кешеніндегі бір жұмысшыға шаққанда еңбек өнімділігі 2500 мың теңгені құрап, 2,2 есе өскен.
Жалпы өнім 1,8 есе өсіп, 729,7 млрд. теңгені құрады. Агроөнеркәсіп капиталы 8,7 есе өсіп, 58,1 млрд. тг инвестиция тартылды, (2015 ж. 6,7 млрд.тг.). Тамақ өнімдеріне 9,5 млрд. тг инвестиция тартылып, 3 есе өсім көрсетті.
Облыста мал басының өсімі екі жылда 13% артқан. Аналық ірі қара малды импорттау мен тұқымдық түрлендіру бойынша Түркістан өңірі елімізде 2-орында. Бұл мақсатта үш жылда 20 мыңға жуық мал сатып алынған. 2 жылда жалпы мал өнімінің өсімі 8,5% артты. Биыл да бұл көрсеткіш едәуір артпақ.
Облыста су каналдары күрделі жөндеуден өтуде. Күл-қоқыстан тазартылып, жаңаруда. Түркістан облысындағы барлық су арналары цифрлық жүйеге көшеді. Аппарат отырысында облыс әкімі Өмірзақ Шөкеев бұл жұмыстардың тез арада жүзеге асуын тапсырды. Су арналарын механикалық тазартудан өткізіп, бетонмен қаптап, ретке келтіру барлық аудан, қала басшыларына жүктелді.
Түркістан облысында 3-6 жастағы 100 мыңнан астам бала болса, олардың барлығы балабақшамен қамтылған. Облыста 1,5 мыңдай мектепке дейінгі ұйым жұмыс істейді және олардың басым бөлігі жекеменшік. Аппарат отырысында мектепке дейінгі ұйымдарда балаларға қолайлы жағдай туғызу туралы облыстық адами әлеуетті дамыту басқармасының басшысы Рақымбек Жолаев баяндады. Облыста мектепке дейінгі ұйымдарды толығымен таза ауыз сумен, ыстық сумен және ішкі әжетханалармен (кәріз жүйесімен) қамту жұмыстары жүзеге асуда. Бұл жұмыстар облыс әкімінің тікелей бақылауында.
Өткен жылы салына бастаған 63 білім беру нысандарының құрылысы биыл аяқталмақ. Облыс әкімі мемлекеттік – жекеменшік серіктестік аясында салынатын білім ұяларының санын арттыруды тапсырды. Білім ұяларының иелері сапалы білім беруді мақсат етіп, ең білікті ұстаздарды жұмысқа тартуға міндетті.
Сондай-ақ өңірде кешенді жоспар әзірленіп, оқу сапасын арттыру үшін білім ұяларындағы материалдық-техникалық базасы мен педагог кадрлардың біліктілігін арттыру қолға алынды. Сонымен қатар, ерекше білім беруді қажет ететін балаларға қолайлы жағдай жасалып, облыстағы 900 мектептің арнайы пән кабинеттерімен жабдықталуы көзделуде. Мектеп кітапханаларындағы көркем әдебиет қоры толықтырылмақ.
Білім және ғылым министрлігімен бірге облыс педагогтары оқулықтарды, оқу-әдістемелік кешендері мен оқу-әдістемелік құралдарын әзірлеуде белсенділік танытып келеді. Түркістан облысының педагогтары 300-ге жуық оқулықтар мен оқу-әдістемелік кешендердің авторлары. Педагогтардан құралған авторлық ұжым әзірлеген «Өлкетану» оқулығы республикада ең үздік оқулық болып танылған. Оқулық екі тілде шығарылып, қазіргі таңда, облыс мектептерінде пайдалануда. Осы тәжірибе өзге өңірлерге тәжірибе ретінде таратылды.
Түркістан облысы әкімінің баспасөз қызметі