ТҮРКІСТАН ОБЛЫСЫНЫҢ АБЫРОЙЫН АСҚАҚТАТҚАН ОҚУШЫЛАР МАРАПАТТАЛДЫ
Республикалық VI Айбын әскери патриоттық жиынына Түркістан облысының атынан қатысып, ІІ орынды иеленген «Барыс» әскери патриоттық клубының оқушылары бүгін арнайы алғыс хаттармен марапатталып, бағалы сый-сияпат берілді. Салтанатты жиынға облыстық адами әлеуетті дамыту басқармасының өкілі Қайрат Арап қатысып, жеңімпаздарды қуанышымен құттықтады.
«Республикалық «Айбын-2020» жастар жиынында өңіріміздің орта мектептері атынан сынға түскен Арыс қаласының «Барыс» әскери-патриоттық клубы жүлделі орыннан көріне білді. Мәселен, «Smart Sarbaz-2020» робот техникасы сайысында Әбдібек Қуаныш функционалы адам қолының мүмкіндіктерін көшіретін роботтандырылған аяқ-қолды таныстырды. Қашықтан басқаруға болатын робот гидравликалық жетекші және гидростатикалық берілу мүмкіндігін пайдаланады. Қазір 9 келіге дейінгі салмақты көтере алатын құрылғы, жетілдірілсе 50 келіге дейін көтеруге мүмкіндік пайда болады. Жоба толық аяқталса, оның көмегімен оқ-дәрі, мина тазарту, снарядтарды немесе басқа да ауыр заттарды тиеу немесе түсіру сияқты күрделі жұмыстарды орындай алатын қабілетке ие болады. Сайыс нәтижесінде, төрешілер әзірлеме авторының еңбегін жоғары бағалап, Әбдібек Қуаныш І орынды жеңіп алды. Сондай-ақ, «Айбын жұлдызы» шығармашылық сайысында «Әлия» әнін орындап, командамыз ІІІ орынды жеңіп алды. Нәтижесінде жалпы командалық есепте біздің «Барыс» ұжымы ІІ орын алды. Осы жеңісімен шын жүректен құттықтаймын», – деді Қ.Арап.
Енді «Барыс» әскери патриоттық клубын алда әскери-қолданбалы спорт түрлері бойынша жарыстар, алғашқы медициналық көмек көрсету бойынша конкурс және «Брейн-ринг» финалдық ойыны күтіп тұр.
Айта кетейік, 2 айға созылған «Айбын» әскери-патриоттық Республикалық жастар жиынына онлайн-форматта 15 адамнан тұратын 39 команда қатысты. Олар әскери қолданбалы спорт түрлері, интеллектуалдық және шығармашылық жұмыстар бойынша өзара сайысқа түсті. Жарыстың жеңімпаздары әлеуметтік желілердің көмегімен дауыс беру арқылы анықталды. «Барыс» әскери патриоттық клубы 10 күннің ішінде 8,5 млн. қаралым, 98 мың лүпіл, 72 мың қолдау пікірге ие болды.
Түркістан облысының Өңірлік коммуникациялар қызметі