ҮКІМЕТТІК ЕМЕС ҰЙЫМДАР ДЕМОКРАТИЯНЫҢ НАҒЫЗ КӨРСЕТКІШІ

2000 жылдың қазан айындағы халыққа Жолдауында Елбасы Қазақстанда
үкіметтік емес ұйымдардың рөлі зор екенін, сондықтан әлеуметтік маңызды жобаларды қолдау қажеттігін атап өтті. Бұл мемлекеттің қоғамдық секторға бет бұрғанын білдіретін азаматтық қоғамға жолданған ишара еді.

2005 жылдың қыркүйек айында ІІ Азаматтық форумда үкіметтік емес ұйымдардың Азаматтық альянсы құрылды. ҮЕҰ Ұлттық ақпараттық ресурс орталығы ашылды. Қоғамдық-саяси диалог жалғаса түсті, соның нәтижесінде
2006–2011 жылдарға арналған азаматтық қоғамды дамыту тұжырымдамасы дүниеге келді.
2006 жылдың мамырында Парламентке конституциялық реформалар жиынтығын ұсына отырып, азаматтық қоғам институттарын қолдауға баса назар аударылды.
2007, 2009 жылдары ІІІ және IV Азаматтық форумдар өткізілді. Мемлекеттік органдар басшыларының азаматтық қоғам алдындағы жария есебі тәжірибеге енгізілді. 2011 жылдың қазан айында өткен V Азаматтық форумда тәуелсіздіктің жиырма жылындағы «үшінші сектордың» дамуы туралы ұлттық баяндама қабылданды. 2006–2011 жылдарға арналған азаматтық қоғамды дамыту тұжырымдамасы іске асырылды.
Бұл кезеңде демократиялық институттар нығайып, үкіметтік емес ұйымдардың дамуына қолайды жағдай жасалды. Дәл осы кезде Адам құқықтары жөніндегі өкілетті өкіл – омбудсмен қоғамдық институты құрылды, ал Қазақстан адам құқықтары жөніндегі халықаралық шартқа қосылды. Жаңа сапалы жалпыұлтттық диалог алаңдары өмірге келді. Демократиялық реформалардың жалпыұлттық бағдарламасы осы алаңдар жұмысының негізгі қорытындысы болды. Осының барлығы демократиялық өзгерістерге жаңа серпін берді.