ҰЛТТЫ ТАНЫТҚАН КИНО ЖӘНЕ МУЗЫКА ӨНЕРІ
Қазақстанда 2010-шы жылдары шыққан кинотуындылар ұлттық кинематографтың өркендеу дәуірі басталғанын көрсетті. Отандық патриотизмнің нығаюы үшін маңызы ерекше фильмдер қатарында тарихи және заманауи
тұлғаларды сомдауды мақсат еткен туындыларды айту ләзім.
Қазақстандық көрермендер Елбасының нақты өмірбаяндық деректеріне негізделген «Көшбасшы жолы» атты ауқымды киноэпопеяны – «Балалық шағымның аспаны», «Теміртау», «Отты өзен», «Жұлдыздар осылай туады»
фильмдерін (режиссері Рүстем Әбдірашев) – үлкен қызығушылықпен, зор ынта-ықыласпен қабылдады.
ХХ ғасырда ел басынан өткен оқиғаларға қарамастан, Қазақстанға, «жерұйық» мекенге қоныстанып, пана тапқан халықтардың қилы тағдыры 2011 жылы кинорежиссер Сләмбек Тәуекеловтің «Жерұйық» фильмінде көрініс тапқан. 2015 жылы көп сериялы «Қазақ елі» киноэпопеясының түсірілу жұмыстары басталды. Бұл киношежіреде XV-XVI ғасырдағы тарихи оқиғалар баяндалады. Берлинде өткен кинофестивальда Әмір Байғазиннің
«Үйлесім сабақтары» (2013 жыл) фильмі операторлық жұмыс номинациясы бойынша «Күміс аю» жүлдесіне ие болды.
Коммерциялық фильмдер де көптеп түсірілді. «Жаужүрек мың бала» (режиссері Ақан Сатаев), «Қызғылт қоян туралы аңыз» (режиссер Фархат Шарипов) және басқа да фильмдер кинопрокатта шетелдік кинолармен
бәсекеге түсті.
2016 жылы экранға жаңа фильмдер шықты. Олардың қатарында режиссер Ақан Сатаевтың «Анаға апарар жол» тарихи драмасы, Сатыбалды Нарымбетовтің аты аңызға айналған тарихшы Ермұхан Бекмаханов туралы
«Аманат» фильмі, қазақстандық-ресейлік жоба аясында түсірілген режиссер Андрей Шальпоның «28 панфиловшылар» фильмі, Рүстем Әбдірашевтың «Қазақ хандығы: Алмас қылыш» тарихи киноэпопеясы және т.б. киноленталар бар.
Көпшілікке танымал музыка өндірісі де қарқынды дамыды. Қазақстандық ән өнерінде Батырхан Шүкеновтің шығармашылығы айтарлықтай рөл атқарды. 2010 жылдың желтоқсан айында әншіге Қазақстанның еңбек
сіңірген өнер қайраткері құрметті атағы берілді. Аты мәлім жұлдыздармен бірге жаңа өнер иелері де көріне бастады. 2015 жылы жас әнші Димаш Құдайберген Беларусьта өткен халықаралық «Славян базары» байқауында Гран-приге ие болды. 2017 жылдың бас кезінде Қытайдағы «Singer» музыкалық байқауына қатысып, екінші орын алған Димашқа қазақстандықтар зор қолдау білдірді, байқауды басынан аяғына дейін жіті қадағалап,
оның шынайы жанкүйерлеріне айналды. 2017 жылдың наурыз айында ол «Азиядағы ең танымал әнші» номинациясы бойынша Top Chinese Music Award сыйлығына ие болды.