ҰЛТТЫ ҰЙЫСТЫРҒАН ИДЕЯ
Алдына межелі мақсаттар қоя білетін, ертеңіне сеніммен қарайтын, ділі мен дініне берік, жастары алғыр, рухы биік, жақсылыққа жаны құштар халық қана тарихта «Мәңгілік Ел» болып қалатыны анық. Бүгінгі қазақ елінің басты мақсаты – әлеуеті жоғары, экономикасы мығым,бірлігі жарасқан, бәсекелестікке қабілетті, ең мықты 30 елдің қатарынан көріну.
Осы ретте, Қазақстан Республикасының Президенті Н.Ә.Назарбаевтың «Мәңгілік Ел» бастамасы ұлы мақсаттарға жетелейтін игі қадам болары анық. Бостандық, еркіндік, тәуелсіздік – бабалар арманы. Ал тәуелсіздікке қол жеткізген соң оны сақтап қалу, одан да қиын. Тәуелсіздікті сақтап қалу үшін ел ішінде алауыздыққа жол бермеу қажет. Ал, ол үшін халыққа біртұтас идея, алға жетелейтін бағыт-бағдар, мақсат-мұрат керек. Тәуелсіздік алып, ел болып есімізді жинаған күннен бастап, қазақтың қамын жейтін перзенті – Нұрсұлтан Әбішұлы елдің жоғын жоқтап, асылын ардақтап келеді. Бүкіл әлем қызыға қарайтын еліміздегі тыныштық пен тұрақтылық, экономикалық даму, ұлтаралық татулық – Елбасымыздың сындарлы саясаткерлігінің жемісі.
Қазaқстан өз егемендігін алған алғашқы күннен бастап-ақ Елбасы Нұрсұлтан Нaзарбaев: «Алдымен – экономика, содан соң сaясат» деп көрсеткен болaтын. Бұл бaғыттың ең дұрыс, әрі тиімді таңдау екендігін өмірдің өзі дәлелдеді. Соның нәтижесінде Қaзaқстан Республикасы – әлемдік деңгейдегі қуaтты мемлекеттермен иық теңестіріп, көптеген мемлекеттердің алдына шығып, көш бaстап отыр. Мақсатсыз елдің тарихта қалуының неғайбыл екенін тереңнен түсінетін, ұлттың жасампаздығына ұлттық идея қажет екенін бүкіл болмысымен сезінетін Елбасы Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаев Қазақстан халқына кезекті Жолдауында «Мәңгілік Ел – ата-бабамыздың сан мың жылдан бергі асыл арманы екенін барлығымыз білеміз. Ол арман әлем елдерімен терезесі тең қатынас құратын, әлем картасынан ойып тұрып орын алатын тәуелсіз мемлекет атану еді. Ол арман тұрмысы бақуатты, түтіні түзу шыққан, ұрпағы ертеңіне сеніммен қарайтын бақытты ел болу еді. Біз үшін болашағымызға бағдар етіп ұлтты ұйыстыра ұлы мақсаттарға жетелейтін идея бар. Ол – Мәңгілік Ел идеясы. Тәуелсіздігімізбен бірге халқымыз мәңгілік мұраттарына қол жеткізді. Біз еліміздің жүрегі, тәуелсіздігіміздің тірегі мәңгілік елордамызды тұрғыздық. Қазақтың мәңгілік ғұмыры ұрпақтың мәңгілік болашағын баянды етуге арналады. Ендігі ұрпақ – мәңгілік қазақтың перзенті. Ендеше, қазақ елінің ұлттық идеясы – «Мәңгілік Ел», – деген болатын.
Осы Жолдаудағы елді елең еткізген басты жаңалық – «Мәңгілік Ел» идеясының жариялануы еді. 10 нақты идеяны айқындаған Елбасының басты мақсаты – ата-бабамыздың арманы болған Ұлы Дала халқын «Мәңгілік Ел» етіп, тарихта қалдыру. Бүгінде халқымыз «Мәңгілік Ел» идеясы – Түркі қағандарының, Қазақ хандарының қалауы, Абайдың арманы, Алаш қайраткерлерінің ғасырлар бойы армандаған, елді ымыраға ұйыстыратын, ірі мақсатқа жұдырықтай жұмылдыратын, ұлттық идеология екендігін ұғынды. Сондықтан да, «Мәңгілік Ел» ұлттық идеясын әрбір азамат жалаудай желбіретіп, ұстанымдарын, бағыт-бағдарын көзінің қарашығындай сақтап, жоғалтпай, келер ұрпаққа аманат ете білуі қажет.
Алтын АСҚАР