ҰЛТТЫҢ ЕҢ БАСТЫ ҚҰНДЫЛЫҒЫ

Ғасырлар тоғысып, заман алмасып жатты. Өзгермеген бір-ақ нәрсе еді! Ол Егемен ел болам деген қазақтың арманы. «Елім-айлап» зарлады, қызыл қырғын кезінде 4 миллион қазақты аштық жал­мады. 48 мың ұлтын сүйген Алаш оғландары мен қыздары атылды, жер аударылды, елінен, ана тілінен айрылды. Бірақ санадағы сәуле өшпеді. 1986-жылдың желтоқсанында Алматының қақ төрінде, Алатаудың етегінде қазақтың ұл-қызы тағы да қызыл қанды қырғынға ұшырады. Енді қазақ қызы күң бола алмайды, енді қазақ ұлы құл бола алмайды! Қылбұрау бостандық рухын тұншықтыра алмайды. Аппақ қар қып-қызыл түске боялды, қыз-жігіттер итке таланды, сапер күректер жас тәндерін тілгіледі. Қазақтың ғасырлар бойы бұғып жатқан ар-намысы оянды. Бұл осылай келген егемендік еді.

Әлем назары Тәуелсіз атанған Қазақстан мемлекетіне ауды. Кешегі Ресейдің колониясы, Кеңестер Одағының «соқыр ішегі» болған қазақ елі егемендіктің тізгінін ұстай алар ма екен деп сырттан сынап қарағандар да болғаны жасырын емес-ті. Бірақ дос сүйсінді, «жау» күрсінді. Қазақ ел бола алады екен! Қазақ бір көк тудың астына жинала алады екен. «Қазақтың бүкіл тарихы – бірігу тарихы» – деп Н.Назарбаев қадап айтқандай, Егемендік, Тәуелсіздік, Ана тілі ұлтты біріктіруші күшке, ұлттық идеологияның рухани тірегіне айналды.

Н.Назарбаев мемлекеттіктің өркениет жолын ұсынды. Президенттік саяси институт енгізілді. Осылай қазақтың тұңғыш Президенті Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаев Ата заңға сүйеніп, халық алдында Ант берді. Тәуелсіз Қазақстанның көк байрағына тізерлеп отырып, сүйгені тарихи сәт еді. Бұл бірінші рет өткізілген инаугурация болатын. Бәрі толқыған. Осындай кезеңде ту тұғырға берік орнатылмағаны байқалды. Шайқалып қалды. Қас-қағым сәтте Президент Туды тұғырына берік қадап, ырғап-ырғап қатайтып бекітті. Міне, содан бері Тәуелсіздік Туын шайқалтпай, берік ұстап, көк байрағымыз әлемдік тулардың қасында қатар желбіреп тұр. Осы аз жылда Қазақстан әлемнің азулы мемле­кеттерінің қатарынан өз орнын ойып алды. Қазір кез-келген елге барғанда аяғыңды нық басып, сол елдің шекарасынан жалтақтамай ары өтесің, бері өтесің. Өйткені сен қазақ елінің өкілісің, Қазақстан азаматысың! Төбеңде желбіре­ген көк туың бар, жүрегіңнің тұсында бойыңды қуаттандыратын Әнұраның бар, аты жаһанға танымал Елбасың бар. Сондықтанда баяғыдай Кеңестер Одағының «орысы» емес, қазақпын деп мақтанышпен айтасың. Өйткені сен Тәуелсіз елдің тумасысың, егемен елдің азаматысың.

…Қазақстанның мемлекет ретінде қысқа мерзімде орнығып қана қоймай, әлемді аузына қаратқан қаланы салуы ерліктің ерлігі. Бүгінгі бас қала қандай?! Әлем картасында ең жас Елорда болса да жаһандық саяси-экономикалық мәселелерді шешетін бас қалалардың біріне айналды. Қазақстанның тұңғыш Президенті Н.Ә.Назарбаевтың жүрегін жарып шыққан, түн ұйқысын төрт бөлдірген қазақтың қасиетті Алтын ордасы, Елбесігі, Жерұйығы!

Тәуелсіздік – біздің Мәңгілік мұраты­мыз, Тәуелсіздік «Мәңгілік ел» құрудағы Ұлттық құндылығымыз. Оны көздің қарашығындай сақтау – барлығымыздың асыл борышымыз! Сөзімді Елбасы, Ұлт көшбасшысы Н.Ә.Назар­баев­тың мына бір жүрекжарды сөзі­мен аяқтайын: «Мемлекетіміздің діңгегі – қазақ халқы. Ел де, жер де қазақтікі. Ел бо­лудың ұяты да біздің жұрттың мойнында». Қазақтың жері аман болғай, қазақтың елі аман болғай! Замана сынының санқилы жолдарын жеңіп келе жатқан Елбасы аман болғай! Тәуелсіздік мерекесі құтты болсын!

Уәлихан ҚАЛИЖАНОВ, Қазақстанның Еңбек сіңірген қайраткері