ҰЛЫ ІСТЕРГЕ ҰМТЫЛҒАН ҰЛТ БАСШЫСЫ

Бүгінде Тәуелсіз Қазақстан азаттыққа қол жеткен аз ғана уақытта  көптеген  сындарлы жолдан өтіп, биік белестерді, асқар асуларды бағындыра алды десек, оның бәрінде Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті Нұрсұлтан Әбішұлының еңбегі орасан. Елең-алаң шақтың өткелінен елімізді еңкейтпей өткізіп, еңсесін тіктеген, болашаққа жарқын жоспар құрып, бағытты айқындауда Елбасының  төккен тері өлшеусіз.

Елбасы – Қазақ халқының маңдайына біткен бақыт, тағдырына жазылған теңдессіз тарту десек, артық емес. Ұлы Даланың ұлттық ұстанымдарын тұла бойына сіңіріп, халқымызды бүкіл әлемге танытқан Ұлт Көшбасшысы – тәуелсіздігіміздің негізін қалап, сарабдал, салмақты саясатымен дамудың даңғыл жолына жетелеген, әлем мойындаған қайраткер.  

Еліміздің қатпарлы тарихына зер салсақ, талай сындарлы әттерді, не түрлі тауқыметтерді бастан өткергенінен хабардар боламыз. Тағдыр сынағын ел-жұрт адалдығымен, қайсарлығымен, ертеңгі күнге деген үкілі үмітімен ғана еңсерді. Ал қазір ондай қиындықтардың барлығы артта қалып, халқымыз мамыражай күн кешуде. Қазақстанның бастамалары мен ұстанымдарын жер бетіндегі барлық мемлекеттер мойындап, қуаттап, қолдау үстінде. Әлбетте, мұның бәрі – Елбасы саясатының жемісі.

Нұрсұлтан Әбішұлы тәуелсіздік жылдарында экономикалық, саяси, әлеуметтік реформаларды жүзеге асырып, даму бағытын барынша айқындап берді. Тұңғыш Президенттің стратегиялық бастамалары, болашақты болжай білетін көрегендігі, сарабдал саясаткерлігі арқасында көпұлтты мемлекетіміз дамудың даңғыл жолына түсті.

Еліміз бүгінде бірлік пен достықтың алтын бесігіне айналды. Қоғамдық келісім кең қанат жайып келеді. Еліміздегі татулық пен ынтымақтың бірегей үлгісі жаһан жұртшылығының оң бағасына ие болды. Елбасының салған сара жолына әлемдік саясаткерлер мен ғалымдар тарапынан қызығушылық жоғары. Мемлекет басшысының бастамалары мен идеялары еліміздің әлемдік аренадағы беделін нығайтып қана қоймай,  терең зерттеулерге арқау болуда десек, қателеспейміз.

Тәуелсіз еліміздің 30 жылға жуық тарихына Ұлт Көшбасшысының сіңірген еңбегі ұшан-теңіз. Қаншама қиындықтардан, қауіп-қатерден елімізді аман-есен алып өткені ерлікке пара-пар.

Мемлекет дамуындағы түрлі кезеңдерде Нұрсұлтан Әбішұлымен 30 жыл үзеңгілес шәкірті ретінде бірге қызмет атқарып келемін. Мәселен, мені Шығыс Қазақстан облысының әкімі етіп тағайындаған сәтте алдыма бірқатар мақсаттарды белгіледі. Аймақтың экологиялық жағдайына мән бере отырып, халықтың тұрмысын жақсартуға күш салуға пәрмен берді. Өңірдегі бал өндірісін ілгерілетіп, марал шаруашылығын дамыту мақсатын қойды.

Қолға алынған шаралар арқасында шығыстағы омарташылармен тығыз қарым-қатынас орнап, біраз уақыттың ішінде бал іс жүзінде аймақтың брендіне айналғанын мақтанышпен айта аламын. Сол кезде менің бастамаммен мектеп оқушыларына тегін бал беру жұмысы қолға алынды. Бұл шаруаны бастамас бұрын біраз елдің, оның ішінде жапон елінің тәжірибесіне назар аудардым. Марал өсірген шаруалар да пантокрин шығару ісін үдетті.

Қандай қызмет атқарсам да Нұрсұлтан Әбішұлынан алған тәжірибем үнемі көмекші болып отырады. Елбасымыздың білім-біліктілігі мен уақыт тамырын тап басатын көрегендігі, мықты ерік-жігері мен мұқалмас қайраты маған ғана емес, талайға үлгі-өнеге.

Қорыта айтқанда, дәуіріміздің дара тұлғасы, тәуелсіз Қазақстанның қалыптасуындағы рөлі зор Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевтың еңбегі мен есімі ел тарихында алтын әріптермен жазылары сөзсіз.

Бердібек САПАРБАЕВ,

Жамбыл облысының әкімі.