ЖАҢА ӘКІМШІЛІК РӘСІМДІК-ПРОЦЕСТІК КОДЕКС ҚОЛДАНЫСҚА ЕНЕДІ
Ақпараттық-коммуникациялық орталығында Шымкент қаласының мамандандырылған әкімшілік сотының судьясы Ә.Бекназаров және Шымкент қалалық сотының «Ақпараттық қамтамасыз ету» бөлімінің басшысы Қ.Дүйсенбидің қатысуымен брифинг өтті.
Баспасөз мәжілісінде Әбдіғаппар Өсербайұлы жаңадан қабылданған «Қазақстан Республикасының Әкімшілік рәсімдік-процестік кодексі» жайында сөз қозғады.
– ҚР Әкімшілік рәсімдік-процестік кодексі 2021 жылдың 1 шілдесінен бастап қолданысқа енгізіледі. Бұл кодекс мемлекеттік органдардың ішкі әкімшілік рәсімдерін, оларды жүзеге асыруға байланысты қатынастарды, сондай-ақ әкімшілік сот ісін жүргізу тәртібін реттейді. Аталған құжат екі бағыттан тұрады: біріншісі – әкімшілік рәсімдер, ал екіншісі – әкімшілік сот ісін жүргізу. Осы орайда мамандандырылған әкімшілік соттың өндірісіне түскен дауларды қарау кезінде азаматтар мүддесінің басым болуына айрықша мән беріледі. Яғни, бұған дейін мемлекеттік органның жеке немесе заңды тұлғаның алдында мүмкіндігі көп болып келді. Ендігі кезекте қабылданған кодекс бұл теңсіздікті бұзып, жүйеге келтіреді, – деді Ә.Бекназаров.
Спикердің сөзінше, жаңа кодекс азаматтардың құқықтық мәдениетінің жоғары деңгейін қалыптастырып, бетбұрыс жасайтын тың заңнама болғалы тұр. Тарқатып айтсақ, мамандандырылған әкімшілік сот құрылғаннан кейін сот өндірісінің «әкімшілік істер» атты төртінші түрі пайда болады. Олар заңды тұлға мен орган арасында туындаған жария-құқықтық даулар бойынша әкімшілік істерді қарайды. Демек, жеке немесе заңды тұлға әкімшілік органның шешімімен келіспесе, осы бойынша мамандандырылған әкімшілік сотқа талап қоюмен жүгіне алады. Яғни бұрынғыдай әкімшілік органның шешіміне немесе әрекетіне қатысты даулар жалпы соттарда емес, мамандандырылған әкімшілік соттарда қаралады.
Брифинг барысында Шымкент қалалық сотының «Ақпараттық қамтамасыз ету» бөлімінің басшысы Қабыл Дүйсенби әкімшілік рәсімдік-процестік кодекс жайында халыққа түсіндірме жұмыстары қарқынды түрде жүргізіліп жатқанын жеткізді.
Айта кетейік, бұл кодексте татуластыру рәсімі қарастырылған. Яғни, тараптар әкімшілік процестің барлық сатысында сот шешім шығарғанға дейін медиация немесе партисипативтік рәсім тәртібімен әкімшілік істі толығымен немесе ішінара аяқтай алады.
Шымкент қаласының Ақпараттық-коммуникациялық орталығы
Фото – Ернар Мамыр