ЖАРҚЫН БОЛАШАҚҚА ЖОЛ САЛҒАН

Қазақстанды он жылда мемлекет ретінде күллі әлем танып, мойындаса, жиырма жылда айтқанымен дамыған елдер санасып, жиырма бес жылда әлемдегі қуатты 50 елдің біріне айналса, осының бәрі еліміздің Тұңғыш Президенті, Нұрсұлтан Әбішұлы, Сіздің өлшеусіз еңбегіңіздің жемісі деп білемін.

Сіздің туған еліңіз үшін жасаған ерен еңбегіңіздің, қамқорлығыңыздың бір ғана белгісі – ғасырлар бойы шешімін таппаған кең-байтақ жеріміздің шекарасының көршілермен талас-тартыссыз шегендеп бекітілуі. Бұл күнде еліміздің айрандай ұйыған тыныштық пен татулықта ырыс-берекесі артып отырғаны сол кездегі әлеуметтік-экономикалық күрделі қиындықтарға қарамастан шекара туралы біржақты шешімге келген батылдығыңыз бен келешекті  алыстан болжайтын көрегендігіңіздің арқасында қалыптасты деп білемін. Өзіңіздің соңыңыздан еріп, тәуекелге толы, батыл бастамаларыңызды бір ауыздан қолдаған туған еліңіз тарих үшін қас-қағым сәтте мемлекетіміздің іргесін нығайтып, экономикамызды өркендетіп, халықтың әл-ауқаты жоғары деңгейге көтерілді. Елбасының кемел болашаққа бастайтын бағдарламаларын кезең-кезеңімен жүзеге асырып отырған Қазақстанның көпұлтты халқы өзінің 2050 жылға дейінгі даму жолында, қуатты да табыс-
ты ел болуға алға ұмтылуда.

Тұңғыш Президентін құрмет тұтатын көпұлтты Қазақстан – бұл күнде еңсесін тіктеген, жаңа тұрпатты, айқын мақсатты, жарқын болашақтың даңғыл жолына түскен қуатты ел. Өзіңіз көшін бастап, теңін түзеген тәуелсіздік жылдарында мемлекетіміз тұрақтылығы мен тұтастығын сақтай отырып, еліміз қиян асулар мен қилы белестерді артта қалдырды. Мәңгілік ел болуды мұрат еткен туған халқыңыздың мемлекетімізді өркендету жолындағы алда алар асулары мен шығар шыңдары биік болары анық. Жарқын болашағына жол салып берген Тұңғыш Президентін, Елі үшін туған Елбасыны туған елі әрдайым құрмет тұтады.

Еліміздің Тұңғыш Президенті – Елбасы Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевтың мектеп қабырғасында және Днепродзержинскіде бірге оқыған сыныптас, курстастары өткен жылы сәуір айында Түркістан облысында қонақта болды. Бұл басқосу Елбасының «Болашаққа бағдар: Рухани жаңғыру» атты бағдарламалық мақаласы аясында «Қазақстанның киелі жерлерінің географиясы» атты жоба негізінде ұйымдастырылды.

Өз сөзінде Н.Назарбаев: «Қазақстанның қасиетті жерлерінің мәдени-географиялық белдеуі – неше ғасыр өтсе де бізді кез келген рухани жұтаңдықтан сақтап, аман алып шығатын символдық қалқанымыз әрі ұлттық мақтанышымыздың қайнар бұлағы. Ол – ұлттық бірегейліктің  басты элементтерінің бірі», – деген болатын.

Жандарбек ДАЛАБАЕВ,

Қарасай ауданының әкімі.

Алматы облысы.