ЖАСТАР ЖАҢА ӘЛІПБИДІ ТЕЗ ҮЙРЕНЕДІ

Бастауын ежелгі Грек және Рим елдерінен алып, қазіргі таңға дейін жалғасып, өркендеп отырған латын әліпбиі жер-жерде қызу талқылануда.  Өткен ғасырдың 1929-1940 жылдары Қазақстанда латын әліпбиінің негізінде жасалған жазу үлгісі  қолданыста болғанын бәріңіз жақсы білесіздер. Шетелдерде тұратын қандастарымыздың басым көпшілігі әлі күнге дейін латын сол қарпін қолданады. Түркі халықтарының тарихы, әдебиеті, мәдениеті, өнер туындылары  латын әліпбиінде жазылғандықтан, оларды зерттеу мен зерделеу де оңайға түседі. Енді қазақ әдебиетінің, көне туындыларымыздың тағдыры да оңай шешілгелі отыр. Арнайы компьютерлік бағдарлама арқылы оларды ұсынылған графикаға лезде ауыстыруға мүмкіндік бар көрінеді. Мәселен,  қазақтың төрткүл әлем таныған кемеңгер классик жазушысы Мұхтар Әуезовтің атақты «Абай жолы» романын үш секундта латыншаға айналдырып беруге болады екен. Бүгінде егемен елімізде ғылыми-инновация мен техника  тілі болып саналатын ағылшын тілін меңгеру жақсы жолға қойылған. Кейінгі жастар да 42 әріпке қарағанда 25 таңбадан тұратын латын әліпбиін тез  үйреніп алады деген ойдамыз.

Бұл өткір де өзекті мәселе жөнінде аға буын өкілдері не дер екен деген ниетпен олардың да ой-пікірін тыңдап көрген болатынбыз.  90 жастың төріне шығып отырған ардагер ұстаз,  абыз ақсақал,  қазыналы қария Мақұлбек ата Тілеубердиев:

— Бастауыш сыныптарда латын әліпбиімен қаріп таныдым. Кириллица басталғанда да алғашқылардың бірі болып білім алдым.  Кейіннен сол латынша алған білімім бойынша кітаптар оқып жүретінмін.

Міне, біз  бүгінде біртіндеп бұрынғы әліпбиге көшкелі отырмыз. Бәріміздің қазіргі қолданыстағы әліпбиге үйреніп қалғанымыз рас. Бірақ, жастардың көбісі ағылшын тілін меңгерген. Бұл – олардың жаңа әліпбиді тез үйреніп алатынының айқын дәлелі.

Елбасы  осындай аса маңызды мәселені бұған дейін де көтерген болатын.     Таяуда тәбәрік  Түркістанда өткен бір алқалы  басқосуда ұлым Болатбек «Елбасының «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» атты бағдарламалық мақаласы мен облыстағы ономастикалық атаулардың сабақтастығы»  тақырыбында  байыпты баяндама жасағанда айрықша сүйсініп тыңдағаным бар. Жастар — біздің болашағымыз. Олардың бағыты, басқан қадамы құтты бола берсін!