ЖЕТІСТІККЕ БАСТАҒАН «100 НАҚТЫ ҚАДАМ»

2015 жыл тұтасымен, сәуірдегі сайлаулардан бастап, «Ұлт жоспары: 100 нақты қадам» деген атпен біріктірілген Бес институционалдық реформа белгісімен өтті. Бұл жоспар бүкіл мемлекеттік машинаны, қоғамдық институттар мен барлық қазақстандықтарды 2050 стратегиясында белгіленген мақсаттарға жүйелі түрде қол жеткізуге жұмылдырды. Бұл – жаңа міндеттермен топтасқан барлық ұлттар үшін шын мәніндегі Бас жоспарға айналды.

2015 жылдың 5 мамырында Бес реформаға арналған Үкіметтің кеңейтілген мәжілісі өтті. «Бес институционалдық реформаны жүзеге асыру бойынша 100 нақты қадам» атты Ұлт жоспары ресми түрде осы жылдың 20 мамырында жарыққа шықты.

Ұлт жоспарының бекітілуі Қазақстанның реформаларды Экономикалық ынтымақтастық және даму ұйымының стандарттарына сәйкес жүргізіп отырғанын білдірді. Бұл – ЭЫДҰ-ға кіруге жасалған ширақ қадам еді.
Шетелдік саясаткерлер мен сарапшыларға «100 қадамның» нақтылығы ерекше әсер етті. Тәуелсіз мемлекеттер арасында Қазақстан осынша егжей-тегжейлі жоспар ұсынған алғашқы елдердің бірі атанды. VIII Астана экономикалық форумында сөз алған Ресей Жинақ банкінің төрағасы Г. Греф: «Қазақстан әлемдегі ең өршіл бағдарламамен көш бастады», – деп атап өтті.

Жоғары геосаяси зерттеулер мен аралас ғылымдар институтының (Италия) президенті Тиберио Грацианидің пікірі де назар аударуға тұрарлық. Біздің «100 нақты қадам» Жоспарын талдай келе, ол: «Мұндай реформалар Қазақстанға ғана қажет емес, бұған сын-қатерге толы ғасырдағы әлемнің барлық мемлекеттері де мұқтаж», – деді. Оның ойынша, жаңғырту теориясында түбегейлі реформалардың жарқын үлгісі пайда болды. «100 қадам» инклюзивті жаңғырту моделі ретінде – жаңғырту үдерістерінің тәжірибесіндегі Қазақстанның ноу-хауы. Т.Грациани XVIIIXXI ғасырлардағы маңызды жобаларды еске салды. Осы ретте, Қазақстан моделінің елдің прогрессивті динамикалық дамуының және ХХІ ғасырдың тиімді мемлекеттік менеджментінің эталоны болуға нақты мүмкіндігі бар.

Ұлттық комиссия үйлестіріп отыратын реформаның заңнамалық және ұйымдық базасын жасау бойынша жұмыс 2015 жылдың екінші жартысында қызу жүрді. Ол өзгеріп отыратын жаһандық жағдайларды – жаңа мүмкіндіктерді де, әлемдік дамудағы болуы мүмкін тәуекелдерді де ескере отырып жасалды.
Бес институционалдық реформа экономикалық өсудің орташа қарқынын қалпына келтіру, халықты әлеуметтік жағынан берік қорғау мақсатында мемлекеттің жаңа кезеңдегі ауқымды жүйелі әрекеттерінің негізі болды.
Бұл – сыртқы күшті қысым жағдайындағы жаһандық экономикалық қиындықтардан зардап шегуші экономика үшін ерекше маңызды болды.