ЖОҒАРЫ БІЛІМНІҢ ЖАҢА БЕЛЕСІ
2007 жылдың шілде айында «Білім туралы» жаңа заң қабылданды. Заң бойынша жүйе жеті деңгейге бөлінді: мектепке дейінгі тәрбие мен оқыту, бастауыш, негізгі орта, орта, ортадан кейінгі, жоғары және жоғары оқу орнынан кейінгі білім.
Қазақстандық білімнің маңызды секторы болып бұрынғыша жоғары мектеп қала берді. 2011 жылдың шілдесінде Қазақстанның бір топ жетекші жоғары оқу орнына ұлттық университет мәртебесі берілді.
Білім сапасының жоғарылауына халықаралық оқу орындарының ашылуы да әсер етті. 2001 жылы Елбасы Л.Н. Гумилев атындағы ЕҰУ базасында М.В. Ломоносов атындағы Мәскеу мемлекеттік университетінің қазақстандық филиалын ашуды бастама етіп көтердім. Сол жылы Алматыда Ұлыбританияның премьер-министрі Т.Блэрдің қамқорлығымен Қазақ-Британ техникалық университеті ашылды.
Жоғары білімді кадрлар даярлауға арналған мемлекеттік тапсырыс ұлғая түсті. Жыл сайын 30 мыңнан астам қазақстандық жас грант иеленіп отырды. 2010 жылдардың бас кезінде жоғары оқу орындарында 600 мың
студент білім алып жатты.
Оқытушыларды қолдау мен олардың кәсіби деңгейін көтеру үшін 2005 жылы «ЖОО-ның үздік ұстазы» мемлекеттік стипендиясы белгіленді. Стипендия жылдық зерттеулерге арналған грант мәртебесін иеленді. Конкурстың өткізілуі ЖОО-ның өміріне ерекше қажет бәсекелестік рухын әкелді.
2005 жылдан бастап алдыңғы қатарлы оқу орындарында зерттеушілердің жаңа толқынын қалыптастыруға жол ашқан философия докторларын (PhD) дайындау бағдарламалары жүзеге асырыла бастады.
Қазақстандық жоғары оқу орындары шетелдерге танымал бола бастады – ондағы шетелдік студенттер мен оқытушылардың саны өсе түсті. 2010 жылы 10 мыңнан астам шетелдік азамат білім алып жатты.
2010 жылы Қазақстан Орталық Азия елдерінің ішінен бірінші болып Болонья декларациясына қосылып, еуропалық білім беру кеңістігінің толыққанды мүшесі болды. Жоғары білім жүйесінде сапалы қадам жасалды.
Болонья декларациясына қосылу халықаралық жоғары оқу орындары кооперациясы кеңістігінде ғажайып мүмкіндіктерге жол ашып, ұлттық жоғары білім сапасын көтеруге жаңа тыныс берді. Ендігі жерде бізге білімнің ұлттық жүйесін жаңа деңгейге көтеру үшін өзімізге тән белді-беделді үлгі қажет боп, оны құру міндеті тұрды.