«ЖОЛДАУДА ҰЛТТЫҚ ИДЕОЛОГИЯНЫҢ ТАМЫРЫН ТЕРЕҢДЕТУДІ КӨЗДЕЙТІН ТЫҢ БАСТАМАЛАР АЙТЫЛДЫ»
Еліміз тәуелсіздік алған жылдар ішінде әлемдегі өз орнын айшықтап, талай ауқымды шараларды абыроймен атқарды. Әлемдік қауымдастық алдында Қазақстанның бет-бейнесі айқын, беделі биік. Дегенмен жаһан көз ілеспес жылдамдықпен өзгеріп барады. Саясат пен экономикаға әсер ететін ірі оқиғалар да орын алды. Соның бірі – пандемия. Талай кәсіпорын табысынан қағылып, миллиондаған адам жұмыссыз қалды. Елдердің экономикасы шатқаяқтап, жұмыссыздық белең алуда. Осындай көптің сабырын тауысқан сын сағатта Президентіміз Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаев Қазақстан халқына Жолдау жасап, қоғамның сан түрлі саласының тамырына қан жүгіртетін бастамаларды ұсынды. Биылғы «Халық бірлігі және жүйелі реформалар – ел өркендеуінің берік негізі» атты Жолдауда көптің көкейіндегі өткір мәселелер айтылды.
Президент Жолдауда «Біз – Конституцияда айтылғандай, біртұтас халықпыз. Біздің нағыз күшіміз – осында. Біз пікір алуандығын қолдай отырып, радикализмнің кез-келген көрінісінің жолын кесеміз, мемлекеттік егемендігімізге, аумақтық тұтастығымызға қол сұғуға жол бермейміз» деп атап өтті. Мұның түп тамыры ұлттық идеологиямен жалғасып жатыр. Қазіргі уақытта әлеуметтік желілер арқылы әлемге тарап жатқан түрлі жат ағымдардың жетегінде көбінде жастар кетіп барады. Оң мен солын танымаған өскелең ұрпақтың мұндай әрекетке баруы – өзекті мәселе. Себебі бүгінгі жас – ертеңгі елдің тұтқасы. Сондықтан өңір-өңірлерде жастар саясатына аса қатты мән берілуі тиіс. Жастарға арналған жобалардың астарына үңіліп, ұтымды тұстарын тап баса білуіміз шарт.
Бүгінде өңірімізде бұл салаға айрықша назар аударылып отыр. «Nur Otan» партиясының жанынан құрылған Жастар кеңесінің мүшесі, Шымкент қалалық мәслихатының депутаты ретінде қоғамның қозғаушы күші жастармен жиі кездесіп, мәселелерін тыңдап отырамын. «Nur Otan» партиясының «Өзгерістер жолы: Әр азаматқа лайықты өмір!» атты 2021-2025 жылдарға арналған сайлауалды бағдарламасын Шымкент қаласы боойынша жүзеге асыруды көздейтін Жол картасы негізінде жастардың өз қабілетін жүзеге асыруына, еліміздің қоғамдық-саяси өміріне араласуына, білім алуына және еңбек етуіне мүмкіндік беретін, жастардың өмір сүру деңгейін көтеріп, әлеуметтік ахуалын жақсартатын 100 нақты шараның нәтижелі жүзеге асуына ықпал етіп келеміз.
Бұдан бөлек, жастардың креативті бастамалары мен оларға арналған жобаларға өңір бойынша барынша қолдау көрсетіліп келеді. Соның бір айқын айғағы ретінде адам жанын аурудан арашалайтын ақ халаттылардың ерен еңбегін дәріптеуді көздейтін «Рахмет саған, дәрігер!» жобасын айтуға болады. Жобаға қала жастар белсене қатысқан болатын. Аз ғана уақыт ішінде ел ықыласына да бөленіп үлгерді. Сондықтан жобаның телевизиялық нұсқасын жасау керегі жөнінде арнайы депутаттық сауал жолдаған болатынмын. Бастама қалалық мәслихаттың сессиясында мақұлданды. Баса назар аударатын тұсы – жоба жастардың көңілінен шықты. Дәрігерлердің ерен еңбегін дәріптейтін тың туындылар түсірілді. Сондықтан оларға қолдау көрсетілуі тиіс. Сонда ғана жастардың жаңа тынысы ашылады…
Сонымен қатар президент Жолдауда «Зиялылардың еңбегі марапатымен емес, салиқалы сөзімен және нақты ісімен бағаланады. Басты міндет – жалпы адамзатқа ортақ қастерлі құндылықтарды жастардың бойына сіңіру. Отаншылдық, білімге құштарлық пен еңбекқорлық, бірлік пен жауапкершілік сияқты қасиеттер дәріптелуі керек. Сондықтан, зиялы қауымды ел болашағына әсер ететін әрбір мәселеден шет қалмауға шақырамын» деп атап өтті. Мұның да өзектілігі аса жоғары. Қазіргідей ақпарат ағыны арнасынан асып тұрған уақытта қоғам зиялы қауымның сөзіне зәру. Жаһанданудың жойқын желіне қарсы тұратын да – дәл осы зиялы қауым өкілдері. Сол себепті олардың ақыл-өсиетін, тәлім-тәжірибесін қоғамға жеткізіп, ұлттық болмыс пен рухты, діл мен дәстүрді насихаттау ісіне барымызды салуымыз тиіс. Бұл бағытта телевизиялық және әлеуметтік желілерге арналған жобаларды көбейту керек. Ел сыйлайтын, құрметтейтін қайраткерлерді дәріптеуіміз шарт. Қолға алынған өзекті де тәлім берер жобалардың өміршең болуына ықпал ету — парызымыз. Мұны өңіріміздегі халық қалаулылары жақсы біледі. Атқарылып жатқан шаралар да жоқ емес.
Нақты мысалы ретінде, оңтүстіктің тау-тұлғалары Мекемтас Мырзахметов, Ханбибі Есенқарақызы, Нармахан Бегалы, Мұхтархан Ділдабеков сынды зиялылармен сұхбаттасқан «Жол-жөнекей» жобасын атап айтуға болады. Белгілі журналист, әйгілі сықақшы, Президент гранты мен «Парасат» орденінің иегері, Халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының лауреаты Көпен Әмірбек жүргізетін жобаның түсірілімі былтыр басталған болатын. Қазақ руханиятына қуат беретін бастаманы өңір жұртшылығы жылы қабылдады. Берері мол, айтары орасан бастама болғандықтан, биыл қазынадан қаржы бөлінуіне ықпал еттім. Нәтижесінде шығармашылық топтың шабыты шарықтап, жоба сапалық әрі мазмұндық тұрғыда толыға түсті. Мұның өзі президент атап өткен зиялы қауым өкілдерінің елдің болашағын бағдарлау ісіне қосар үлесін айшықтап тұрған тәрізді.
Бұдан бөлек, президентіміз Қасым-Жомарт Кемелұлы «Жаһанды тұрақсыздық жайлап, көптеген жаңа сын-қатер пайда болып жатқан кезде біз бағдарымызды бекемдеп, болашаққа көзқарасымызды айқындай түсуіміз қажет» деп атап өтті. Сөз жоқ, елдің экономикалық тұрғыда қарыштап дамуы мен өңірдегі өзекті мәселелердің шешілуіне мәслихат депутаттарының қосар үлесі орасан. Халық пен билік арасындағы алтын көпір қызметін атқарып жүрген мәслихат депутаттары өңір-өңірдегі өзекті мәселені жақсы біледі. Тұрғындармен тілдесіп, мұң-мұқтажын тыңдайды. Көптің игілігі үшін салынып жатқан нысандардың сапасына мониторинг жүргізіп, қаржының тиімді жұмсалуын қадағалайды.
Бұл тұрғыдан алғанда, Шымкент қаласы мәслихат депутаттары ерен еңбектің үлгісін көрсетіп жүр. Қазіргі уақытта халық қалаулысы ретінде «Nur Otan» партиясының «Өзгерістер жолы: Әр азаматқа лайықты өмір!» атты 2021-2025 жылдарға арналған Шымкент қаласы бойынша сайлауалды бағдарламасын жүзеге асырудың Жол картасында 149 іс-шара бекітілген. Осыған орай тиісті сала басқармаларынан есеп алып, жоспардың жүзеге асу қарқынын қадағалап отырмыз. Әрбір пайдалануға берілетін нысан мен құрылыс жұмыстарының сапасы біздің назарымызда.
Күні бүгінге дейін қала маңындағы ықшамаудан тұрғындарымен тілдесіп, мәселесіне құлақ астық. Тұрғындардың дені инфрақұрылым мәселесімен көмек сұрап келеді. Сайлауалды бағдарламамызға сәйкес, барлық түйткілді түйін кезең-кезеңімен шешіліп келе жатыр. Қазіргі уақытта тұрғындар жеке мәселеге қарағанда халықтың игілігі үшін көбірек көмек сұрап келеді. Бұл – қуантарлық жағдай. Дегенмен қол қусырып отыруға да болмайды. Елдің бірлігін бекітіп, береке дарытатын тың жобаларға қолдауды күшейтуіміз тиіс.
Қазір әлем алпауыттарынан бастап шағын радикалды ұйымдарға дейін идеологияны қару ретінде пайдаланып отыр. Мұның бүтін елдің шаңырағын шайқалтып, халқын тентіретіп жіберетін күшке ие екенін соңғы әлемдік жағдайлар дәлелдеп берді. Сондықтан идеология мәселесіне әрбір азамат айрықша назар аударуы тиіс. Жолдауда президентіміз Қасым-Жомарт Кемелұлы ұлттық идеологияның тамырын тереңдетуді көздейтін тың бастамаларды атап өтті. Мұны мәслихат депутаты ретінде қолдаймын. Көптен бері көкейде жүрген мәселе екенін де жасырмаймын. Биыл халық қалаулысы ретінде қалалық мәслихатта арнайы мәселе ретінде көтеріп, депутаттар алдында қорғап, идеология саласына қосымша 240 миллион теңгенің бөлінуіне ықпал еттім. Бұл – қала тарихында болмаған жағдай.
Халық қалаулысы болғандықтан, тұрғындармен жиі тілдесеміз. Кездесу барысында биылғы президентіміз Қасым-Жомарт Кемелұлының «Халық бірлігі және жүйелі реформалар – ел өркендеуінің берік негізі» атты Жолдауына деген көптің пікірін сұраймыз. Тұрғындар биылғы Жолдаудағы айтылған бастамаларды қолдайтынын жеткізді. Айтуларынша, 2022 жылдың 1 қаңтарынан бастап ең төменгі жалақы мөлшерін 42 500 теңгеден 60 мың теңгеге дейін көбейту мен мәдениет қызметкерлері, мұрағатшылар, кітапханашылар, техникалық қызметкерлер, қорықшылар мен көлік жүргізушілерінің жалақыларын өсуі турасындағы шешімі көптен бері халықтың көкейінде жүр. Сондықтан қуанышпен қабылдаған. Халық қалаулысы ретінде көптің билікке сенімі нығая түскеніне қуаныштымыз.
Қорыта келсек, биылғы Жолдауда халық арасындағы өзекті мәселелерді шешетін барлық бағыттар қамтылған. Оны жүзеге асырып, елдің дамуы мен халықтың тұрмыстық ахуалының жақсара түсуі үшін баршамыз аянбай еңбек етуіміз тиіс. Еліміз аман, егемендігіміз мәңгі болсын!
Талғат БАЛТАБАЕВ.