ӘЛЕМДІК МЕДИЦИНА АЛАҢЫНДА АБЫРОЙЛЫ ЕЛ

2010-шы жылдары Мемлекет қазақстандықтардың денсаулығын жақсартуға байланысты қажетті шаралардың бәрін де жасады. Қазақстан тіпті жаһандық дағдарыстар жағдайының өзінде, медициналық бағдарламаларды қысқартуға жол берген жоқ.

Жол-көлік оқиғаларының жиі болатынына байланысты, Үкіметке трассалық медициналық-құтқару пункттері жүйесін құру тапсырылды. 2015 жылы ондай пункттердің саны 40-қа жетті және мыңдаған қазақстандықтарды
ажалдан алып қалуға жәрдемдесті.
2011 жылғы Жолдауда маңызды әлеуметтік меже белгіленді: 2015 жылға қарай қазақстандықтардың орташа өмір сүру жасын 70-тен асыру көзделді.
Мемлекет қабылдаған шаралардың нәтижесінде бұл мақсатқа қол жеткізілді. Ақпараттық технология дәрігерлік жәрдемге қолжетімділікті арттырды. 2010-шы жылдардың басында елімізде жетекші клиникалар мен алыс
қашықтықтан ақыл-кеңес бере алатын 180 телемедициналық орталық жұмыс істеп тұрды.

«Саламатты Қазақстан» мемлекеттік бағдарламасы қолға алынған жылдарда (2011-2015 жылдар) денсаулық сақтаудың негізгі көрсеткіштерінің (адам жасының ұзақтығы, туберкулезбен, онкологиялық және жүрек
қан-тамырлары ауруларымен ауыру) жақсы жағына қарай өзгергені байқалды. Скринингтік бағдарлама енгізілді, кардиологиялық қызмет құрылды.
Саланы қаржыландыру 1,5 есеге өсті. Қазақстанда тәуелсіздік жылдарында 1300 денсаулық сақтау нысаны салынған екен.

Қазақстанда 2016 жылы әлемдік тәжірибені ескере отырып, орталық және аймақтық деңгейдегі қоғамдық денсаулық сақтау ісін қалыптастыру қолға алынды, негізінен, бұл бағдарламада аурудың алдын алуға басымдық берілді. Дамыған елдердің отыздығына ену үшін Қазақстан ЭЫДҰ-ның медициналық стандарттарын кезең-кезеңімен қабылдай бастады. Әсіресе бұл алғашқы дәрігерлік-санитарлық көмек көрсету мен стационарлардың
тиімділігіне қатысты болды.

2016 жылдың наурыз айынан бастап «Міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру туралы» заң күшіне енді.
2017 жылы Әлеуметтік медициналық сақтандыру қоры құрылды.